22 Ақпан, 2014

Кәсіпкерге салынатын айыппұл көлемін екі есе азайту қарастырылды

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Әділет министрлігінің өткен жылғы жұмыс нәтижелері мен үстіміздегі жылғы міндеттері талқыға салынған брифинг ұйымдастырылды. Еліміздегі заңдардың тиімді қолданылуы, Үкімет ұсынып отырған заң жобаларының сапалы әрі баршамызға түсінікті тілде жазылып дайындалуы аталған министрліктің басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы мақсат-мүдделерді іске асыру, Үкіметтің заң шығару жоспарларының барысы, министрлік қызметінің негізгі қағидаттары бүгінгі күнде қандай дәрежеде деген сауалдарға аталған Орталыққа тұңғыш келіп отырған Әділет министрлігінің басшылығы жауап береді, деді Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев. Осыған орай сөз кезегі өзіне тиген Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина еліміздегі әділет органдарының 2013 жылғы жұмыс нәтижесі және Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған тапсырмаларына сәйкес 2014 жылғы министрліктің басым міндеттері туралы баяндама жасады. 2012 жылы әділет органдарының күш-жігері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айқындалған бар­лық тапсырмаларын орындауға бағытталған болатын, деп бас­тады сөзін министрдің орынбасары. Мемлекет басшысының Жолдауында аталған міндеттерді іске асыру үшін жалпыұлттық жос­парды орындау мақсатында ведомство Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын әзірледі. Кодекс жобасында әртүрлі бағыттар көзделген. Біріншіден, әкімшілік жаза ретінде ескертуді ғана қолдануды көздейтін ізгілендіруді, сондай-ақ, шағын кәсіпкерлік субъектілер және жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемін орташа есеппен екі есе азайту қарастырылды. Екіншіден, ведомстволық бағыныстылықты қайта қарау есебінен қамтамасыз етілген соттарға жүктелген жүк­темені төмендету бағдар­лан­ған. Үшіншіден, әкімшілік жауап­кершілікке тарту ресімдерін жаң­ғырту арқылы әкімшілік заң­на­маны реформалау көзделеді. Сонымен қатар, меншік құқығын қорғауды күшейтуге, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепіл­дендіруге және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, сот шешімдерін орындау жүйесін жетілдіруге және дауларды соттан тыс реттеу институттарына, яғни болмашы мәселелер бойынша дауларды шешуге бағытталған заңнамалар әзірленді. Бұл орайда Зәуреш Хамитқызы заңнамалық актілердің барлық жобалары мемлекеттік органдардың сайттарында жарияланатындығын тілге тиек етті. Әр азамат және кез келген кәсіпкерлік субъектісі Әділет министрлігіне еш кідіріссіз ұсыныстары мен ескертпелерін жолдай алады екен. Бұл орайда ол: «Біз барлық түскен хабар­ла­маларды түгел қараймыз. Жеке кәсіпкерлік саласы үшін әзір­ленетін тиісті заңнамалық акт Ұлттық кәсіпкерлер палатасын қоса алғанда, барлық жеке кәсіпкерлік саласына жолданады. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінен түс­кен ескертпелерді мемлекеттік органдар қарамаған болса, онда ол өз әрекеттерін жазбаша түрде түсіндіруі тиіс болады, деді. Бұдан кейін баяндама­шы айыппұлдардың азайты­ла­тын­дығы, құқықтық тұжырымдаманы іске асыру жөнінде, мемлекеттік тілде әзірленетін заң жобалары және Медиация институты туралы да әңгімелеп берді. Еліміздің 2010 жылдан 2020 жылға дейін арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы республикамыздың құқықтық дамуын белгілейтін ең бір не­гіз­гі бағдарламалық құжат деп есеп­тейміз. Әділет министрлігі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру бойын­ша жұмысты үйлестіретін орган болып табылады. Осылайша оны жүзеге асыру үшін Әділет министрлігі жыл сайын заңнамалық сипаттағы іс-шараларды қоса отырып, мем­лекеттік органдардың қыз­метіне қатысты мәселелер бойынша ұйымдастырушылық іс-шараларын қамтитын жоспар әзірлеп, оны жыл сайын жүз пайыздық көлемде орындайды. Осы орындалған іс жөнінде жыл сайын Әділет министрлігі Үкіметке және Президент Әкім­шілігіне өзінің мәлімдемесін жолдайтын көрінеді. Сонымен қатар, бүгінгі күні Құқықтық саясат тұжы­рым­да­ма­сының негізгі бағыттары толық көлемде іске асырылды деп айтуға болады, деді министрдің орынбасары. Ал Парламентке заң жобалары екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде міндетті түрде тапсырылады екен. Оған қоса осы заң жобасына қажетті барлық құжаттар да қос тілде беріледі. Алайда, мемлекеттік тілдегі заң жобаларының кем­шіліктері бар деп айтуға болады. Әрине, мұның бәрі қоғамды құқықтық жағынан дамыту әрі ізгілендіру үшін қажетті жұмыстар екені анық. Мәселен, бұл тұрғыда да көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығы белгілі. Соның бірі, былтыр төрт Кодекстің жобасы қарауға енгізілді. Қыл­мыс­тық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қыл­мыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстер. Оларды енгізу – өмір талабы. Күнбе-күн өзгерістер болып жатыр. Бұрынғы кодекс­тер 90-жылдардың аяғында қабыл­данған құжаттар, мысалы, Қыл­мыстық кодекс 1997 жы­лы қабылданды. Содан бері біраз уақыт өтті, сондықтан да қыл­­мыс­тық-құқықтық саладағы бағытты өзгерту керектігін заңгерлер де баса айтады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».