Өнер • 09 Қараша, 2021

Тәуелсіздік алу – бақыт, баянды ету – жауапкершілік

285 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ән әлеміне қосқан өлшеусіз еңбегінен өзге, зерделі зерттеулер арқылы тарихтың шаң басқан қойнауынан елеусіз қалған әндерді сілки аршып, бізге саф алтындай жарқыратып тауып берген риясыз еңбегі арқылы егемендіктің еңселі болуына қызмет етіп келе жатқан ел азаматының бірі де бірегейі – Илья Жақанов.

Тәуелсіздік алу – бақыт,  баянды ету – жауапкершілік

Халқына «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Әселім» сынды ғаламат әндер сыйлаған композитор, өнер зерттеуші, суретші сынды мамандықтарды бойына жиған ол еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өнер адамы ретінде тығыз байланыста болып, ерекше сыйласқанын айтады.

– Әйгілі поляк композиторы Фреде­рик Шопеннің «Сөз біткен жерден саз басталады» деген ұлы сөзі бар. Сөз құдіретімен жеткізе алмай, діттеген ойымды шығара алмай тығырыққа тірелген сәтте музыканы іздеймін. Менің әндерім оңашада, тыныштықта немесе жол үстінде туады. Шабыт келгенде көлігіме отырып, классикалық музыканы қосып қойып, Жайықтың бойын жағалап кетемін. Ал әннен «артылған» сезім суретке түседі. Мәселен, «Толағай» деген әнім солай туды. Арқа сапарынан келе жатқан жолда көк мұнарға бөккен көркем тау көз алдымнан кетпей қойды. Сөйтіп, шабыт шырқауына жетіп, «Толағай» келді өмірге. Ал кейінірек ол тауды картина ғып жаздым. Ән жеткізбеген жерге бояу­ды бердім сөйтіп. Міне, мендегі өнердің барлығы осылайша бір-бірін толықтырып отырады. Менің музам, шабытымның қозғаушы күші осы үшеуі – сөз, музыка және әсер.

– Осы «Толағай» деген әніңізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше жақсы көреді деседі...

Жеке өз басым Тұңғыш Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Әбішұлымен өнер адамы ретінде өте тығыз байланыста болдым, бір-бірімізді ерекше сыйладық. Ол кісі менің әндерімді өте жақсы көреді. Өйткені ол әндерді халық жақсы көреді. Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасымыз туралы түсірілген көпсериялы деректі фильмде Нұрекең өзінің отбасының ортасында домбырамен менің «Толағай» деген әнімді айтып отырғанын көргенде, жүрегім ерекше толқыды. Елбасының өнерге деген талғамын ел жақсы біледі. Сол жоғары талғам үдесінен шыққаныма композитор ретінде бір марқайып қалдым.

Сол үлкен сыйластық, шығар­машылық байланыстарыңыздың тағы бір дәнекері – «Теміртау түні» деп аталатын тамаша әніңіз емес пе?! Жалпы, бұл ән қалай туған еді?

Иә, бұл әннің туу тарихы ерекше. 2001 жылдың қоңыр күзінде іссапармен Теміртауға жол түсті. Мұнда мені қадірлес досым Тілеукен Смағұлов деген азамат құрақ ұша қарсы алды. Сол күні кешке Тілеукеннің үйінде келісті отырыс болды. Арқаның «Жиырма бесі», «Екі жирені», «Дударайы», «Қаракесегі», «Әупілдегі», «Ләйлімі», «Балқадишасы», «Қорланы» орындалды. Әрқайсысы бір-бір хикая. Тек сол әндер ғана ма, біздің заманымыздың «Қарлығаш», «Кестелі орамал», «Жас қазақ», «Ақерке» секілді әндерін де сүйсіне сөз еттік. Оларды сағынышты жүректің лүпілімен емірене әндеттік. Отырыс ұзаққа созылды. Түннің бір уағында бәріміз тысқа шықтық. Тым-тырыс тына қалған дүние... Қала шуы басылған. Ағараңдап таң да атып қалғандай ма, ай туып, жұлдыздар биіктей бастапты. Күздің салқын лебі есіп тұр. Оқыстан Тілеукен замандас сөз бастады: – Міне, біздің аула. Бұл жерге біз жақында ғана көшіп келдік. Ескі үйді балаларға қалдырдық. Әне, екі қатарлы үй... шамы да сөнбепті. Сол үйде Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Көзімізге ыстық көрінеді. Кезінде осы үйде әндетіп, дүрілдетіп жатушы едік. Содан бері арада қанша жыл өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртауға келсе болды, бұл үйге соқпай кетпейді. Тарихи үй! – деді жылы сезіммен. Ертеңінде Тілеукен маған Теміртауды аралатты. Жастық шағы, Елбасының өмір жолы туралы ұзақ әңгімеледі. Сырға толы қызықты естеліктермен бөлісті.

...Екі күннен кейін мен «Қарағанды – Алматы» пойызында келе жаттым. Отарбаның бір сарынды жүрісі... Мұндай сәтте адамды қым-қиғаш ой қаумалайды. Көңіл түкпіріндегі әр жай кино лентасындай көз алдыңнан өте береді. Елес бәрі... Мен Тілеукеннің үйінде шертілген әңгіменің бәрін еске түсірдім. Теміртаудың мақпал түнін елестеттім. Күлкісі, әндері шалқыған жастар... Осы көріністер іштей тамылжытты. Мен пойыздан түскенде жүрегіме жібектей есілген бір сырлы әуездің толғанын сездім...

– Жастық шағынан сыр шертетін жаңа әнді Елбасы қалай қабылдады? Өзіңіз орындап бердіңіз бе?

– Атырауда Төкен Жұмағұлов деген бір текті азамат бар. Оны жұрттың бәрі «Төкен Танаұлы» дейді. Ұзақ жыл жақсы сыйлас, сырлас болдық. Сол кісі 2003 жылы таңертең үйге телефон шалды. Өзінің Президент бастаған кәсіпкерлер делегациясымен Швейцарияға бара жатқанын айтты. Өзімен бірге менің «Теміртау түні» әнін ала кетіп, сол сапарда Елбасына табыс етпек ниеті барын жеткізді. Содан не керек, сырқаттанып жатқаныма қарамастан бәріміз жабылып жүріп әнді жаздырып, таспаға түсіріп сапарға дайындап қойдық. Елден барған делегация әуелі Женевада, одан кейін Цюрих қаласында өткен конференцияға қатысады. Цюрихтағы беделді жиынды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы кіріспе сөзбен ашып, Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы мүмкіндігі жөнінде жарқын мысалдар келтіреді. Мемлекетімізді жан-жақты қырынан таныстырған сол жиын­нан кейін Төкен Танаұлы Атыраудан барған сәлемдемені Елбасының қолына табыстайды. Оны Төкен Танаұлының өзі былай баяндап берді: – Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге Атырауда тұратын композитор Илья Жақанов сәлем хат беріп еді. Мына қоржынның ішінде өзіңізге арналған «Теміртау түні» әні және Сіз сүйіп тыңдайтын «Еділ-Жайық» әнінің тарихы жазылған кітапша мен композитордың Сізге деген лебізі де бар. Қабыл алыңыз, – дедім. Елбасы жүзі жадырап: – Жақсы, Төкен Танаевич, сіз бен біз дос-көңілдес жандармыз. Жас кезімізде Ілекеңнің әндерін айтып өстік, ол кісіні ерекше сыйлаймын. Мына жолдаған әнін тыңдаймын, әрине, кітапшасын да оқимын, өзіне ризашылық сезімімді кейін хат арқылы білдіремін, – депті Елбасы.

Содан арада біраз уақыт өтті. 2004 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының бұйрығымен бір топ зиялы қауым өкілімен бірге мені де «Парасат» орденіне лайық деп таныпты. Осы қуаныш үстінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дүйім жұрттың алдында маған осы орденмен қоса бір конверт ұсынды. Жұрт бұған елең ете қалды. Сәлден соң жүрегім толқып, конвертті ашып қарасам, Президенттің өз қолымен жазылған хаты екен. Хатта былай депті: «Құрметті композиторымыз Илья Жақановқа! Леке, өзіңізді және әндеріңізді аса құрметтейтінімді Сіз білесіз. Қуанышы да, ауырлығы да мол осы Тәуелсіздік жылдарында әр уақытта қолдау көрсетіп, жанымда болдыңыз. Зор рахмет! Бұл Сіздің елге, Отанымызға істеген еңбегіңіз деп білемін. Әндеріңіз басылған табақшаны алдым. «Теміртау түні» әнін бізге (отбасымызға) арнапсыз. Рахмет! Аман-сау болыңыз. Әлі де талай тамаша әндерді күтуші Н.Назарбаев. 15.12.2004 ж. Астана». Осы хатта қаншама жан жылылығы бар, ізгі жүректің лүпілі... Әркез көзіме оттай басылады.

– Міне, одан бері де арада 20 жылға жуық уақыт зымырап өте шығыпты. Биыл сол қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ұлық мейрам қарсаңында көңіліңізді қандай күй кернейді?

Тәуелсіздік – ұлық мейрам, Тәуел­сіздік – бақыт. Қазақ халқы осы күнді ға­сырлар бойы аңсады. Сол үшін күресті. Талай тауқыметті басынан өткерді. Бірақ осынау ұлы күнге деген үміті мен сенімі бір сәт те мұқалған жоқ. Ата-бабаларымыздың аңсаған сол арманына мына біз осыдан тура 30 жыл бұрын қол жеткізіп, тәуелсіз ел болдық. Біле білгенге бұл – ешқандай байлыққа баланбайтын ұлы бақыт. Иә, біз – бақытты ұрпақпыз! Тәуелсіздік алу бір бақыт, ал оны баянды ету әрқайсымызға одан да зор жауапкершілік жүктейді. Егемендік алғаннан кейін ұлт алдындағы сол жауапкершілікті терең сезініп, тәуелсіздіктің бүкіл ірі мақсатты істерінің барлығын әлем алдында толық жүзеге асырған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев, біздің Тұңғыш Президентіміз болды. Өзінің қарапайым, қарапайым болса да білікті, білімді тірлігімен халықтың үлкен алғысына бөленді. Қазақстан дамудың барлық саласында ілгерілеп, нұрлы күндерге, жақсы күндерге кетіп бара жатырмыз. Соған тәубе дейік! Қай салада болсын қазақ халқының, Қазақстанның беделі артып, абыройы асқақтап келеді. Соған шүкір дейік. Ұлтымыз аман, елімізді бастайтын марғасқа азаматтар аман болсын деймін. Лайым Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды болғай. Сол ұлы мұраттарды жүзеге асыру жолында Алла Елбасымызға амандық, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа абырой мен қайыспас қажыр берсін. Бастысы, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Менің бар тілегім – осы!

– Әумин, аға! Әманда солай болғай. Осы орайда тағы бір сауал туындап отыр. Аға, бүгінде өзіңіз сонау Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәлім Қойшыбай, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды ұлы тұлғалардың көзін көрген, ән әлеміндегі сара жолын жалғап қана қоймай, сол заманның бүкіл рухани азығын арқалап әкеліп бүгінгі Тәуелсіздік руханиятына табыс еткен көзі тірі аңыз адамның бірісіз. Жаңа ғасырдың ән өнерін қалай бағалайсыз? Көңіліңіз тола ма?

– Әуелі мына бір жайтты айтқым келеді. Сендер, жастар, қазақтың дәстүрлі ән корифейлерінің кімнен басталатынын білмейсіңдер. Қазақтың классикалық әндерінің ұлы атасы кім дегенде, Біржан салдан бастау керек. Біржан салдан соң Ақан сері, одан кейін Ақан серіге шәкірт болған Үкілі Ыбырайлар кетеді. Енді нақты сұраққа келейік, қазақ халқының басына түскен неше түрлі қайғы-қасірет, қилы-қилы кезең, ауыр сындар болды. Қалмақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның ең апогейі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясын тудырған «Елім-ай» әні. Міне, «Елім-ай» әні қазір қазақтың ұлттық гимніне айналды.

Бұл ән – болашақ ұрпақтың киелі бір тірегі іспетті. Ел болудың, тұтас­ты­ғымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі осы – Әлкей Марғұлан тапқан «Елім-ай» нұсқасында керемет сақталған. Қайда қырылмадық, қайда жосылмадық біз. Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың діті мен ділі, жүрегі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өмірі, келешегі қамтылған үлкен толғау жыр. Мұны айтып отырған себебім, қандай бір ауыр кезеңді өтпейік, ешуақытта қазақ әні дәл өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұзылғанындай, бұзылған жоқ еді. Эстрада – қазақтың болмысына, дітіне, бүкіл табиғатына жат құбылыс. Эстрадалық ән ешуақытта қазақта болған емес. Бұл – Батыстың музыкалық экспансиясы. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, мұндай сұмдық болмайды. Бірақ біз ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыстан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жастарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғаламтор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қазақылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр. Келешекте қандай ән болады деп сұрап жатырсың, ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған бүліну енді ешуақытта түзелмейді. Енді ешуақытта қазақтың ұлттық композиторы болмайды. Осы естеріңде болсын.

Кешегі кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, солардан кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базар­баев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Бірақ сол тамаша дәстүр 70-жылдарға келгенде нілдей бұзылды. Біз – Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов, «Махаббат вальсімен» шыққан Бекен Жамақаев бұл дүрбелеңнен бұрын сәл ертерек шығып, 60-жылдардың композиторы болып, өзіміздің алдымыздағы аттарын атап өткен Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер жасаған, Латиф Хамидилер тудырған вальстерден ауытқығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз.

Ал енді сіздер армандап отырған, ұлттық композитор дегеніңіз енді мына заманда болмайды. Бұл – біздің заманның, бүгінгі күннің, ертеңгі күннің қасіреті. Қазір өздерің қандай ән тыңдайсыңдар? Жарқ-жұрқ еткен мән-мағынасыз әндердің жетегінен шыға алмай келесіңдер. Халыққа ұсынылар, сахнада орындалар әндер ешқандай да талғам талқысына салынбайды, кеңестік идеологияның тұсындағы жүйе, көркемдік кеңес деген жоқ. Кім болса, не болса сол кетіп жатыр. Артық кетсем кешірерсіз, эфирдегінің дені қоқыс. Ал кейбіреулер, тіпті музыкадағы «бомж» сияқты жүр. Бұл деген сұмдық қой. Қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндердегі қазақтың келбетін елестетуге бола ма? Әрине, жоқ! Осыны бол­дыр­мау керек. Тәуелсіздіктің төл перзен­ті – жастарымыздың бойына нағыз ұлт­жан­дылық дәнін сеуіп, сол рухта тәрбиелесек, ұлт ретінде көп нәрседе ұтамыз. Осыны ұмытпайық. Ендігі үміт – Тәуелсіздіктің ұландарында! Ұлы Мағжан айтпақшы, мен жастарға сенемін!

Әңгімеңізге рахмет.