Сол жылдар ішінде көптеген театр қайраткерімен жүздестік, сұхбаттастық, тіпті қоян-қолтық қызметтес болдық. Сол кезде театр табалдырығын имене аттаған біз қатарлы кыз-жігіттер, яғни замандастарымыз бүгінде үлкен тұлғаларға айналып, кейбірі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды, кейбіріміз басшылық қызметтерге келдік, кейбіріміз көркемдік жетекші болып, еліміздегі театрлардың дамуына, өсіп-өркендеуіне күшіміз бен тәжірибеміз, біліміміз жеткенше атсалысып, жан-тәнімізбен беріле жұмыс істеудеміз. Бақытымызға орай, біз қазақ театры тарихындағы алтын ғасыр уақытты алып келген алып тұлға, режиссер Ә.Мәмбетовтің спектакльдерін көріп, азулы сыншылар Б.Құндақбаев, орақ тілді Ә.Сығай ағаларымыздың сын-талдауларын тыңдап қалу мүмкіндігі бұйырған ұрпақпыз. Алайда сол алыптар шоғыры іргетасын қалаған театрлардың бұл күнгі хал-ахуалы мәз емес. Қалт-құлт еткен театрлардың тағдырына қарап тұрып жаныңыз ашиды. Жалпы алғанда, бәрімізді театрлардың қазіргі жағдайы қатты алаңдатады.
Бәрімізді мазалайтын бір сұрақ бар. Ол – НЕГЕ?.. Неге еліміздегі театр өнері дұрыс дамымай жатыр? Неге театрлар жүйелі түрде жұмыс істемейді? Неге театрлар әртүрлі қаржыландырылады? Неге театр қызметкерлерінің жалақысы аз? Неге қызметкерлердің жұмыс нормалары бекітілмеген? Неге шақырылатын мамандардың ережелері реттелмеген? Неге бізде театрларға арналған мемелекеттік гранттар жоқ? Неге мәдениет заңында жеке театрлар мәртебесі жоқ? Неге жеке театрларды дамытпасқа? Неге театр қайраткерлері одағы тоқырауда? Неге Театрлар ассоциациясы үнсіз? Неге театрларды арнайы мамандығы жоқ адамдардың басқаруына жол беріледі? Неге жоғары оқу орындарында қажетті мамандықтарға оқытпайды? Неге театр мамандықтарының арнайы оқулықтары жоқ? Неге қаламызда қуыршақ театрының ертегідей әдемі ғимараты жоқ? Неге мамандарды арнайы шетелдерде оқытпаймыз? НЕГЕ? НЕГЕ? Толып жатқан НЕГЕ?
Дәл қазір театрлар дамудың әртүрлі жолдарын қарастырып, тың ізденістерге қадамдар жасағандай болып жатқанымыз – уақыттың ағымына ілесе алып жатырмыз ба, енді 20 жылдан сол түйіні шешілмеген мәселелерді бізден кейінгі жастар талқылап отыра ма деген қорқыныш бары рас. Жай ғана қорқыныш емес – үрей. Тәуелсіздік алғаннан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер өз уақытында шешілмегендіктен, қазір зілдей болып аяғымызды көтеруге мұрша бермей тұншықтыруда. Шығармашылық самғап ұшқанда ғана туады дейді, ал біздің алға аяқ алып жүруге шамамыз келмей жатыр. Бұл келер ұрпаққа батпандай жүк қалдырамыз ба деген мазасызданудан туып отырған жайттар.
Ертең қартайған кезде «Ағалар-ау, мынаны кезінде неге жасамадыңыздар, мына мәселені неге былай шешпедіңіздер?» деген сұрақ туындаса, не бетімізді айтамыз, алдымыздағы ағаларымыздың абыройына нұқсан келтірмейміз бе, не деп ақталамыз, жерге қарап калмаймыз ба? Бізді қойшы, келер ұрпақтың уақыты театрды дамытуға кете ме, әлде алтын уақыттарын проблемаларды шешумен сарп ете ме?
Өмірдегі ең үлкен ұрлық – уақытты ұрлау екен. Сондықтан ұрпақ алдындағы борышымыздан құтылып, өз жүгімізді өзіміз арқалай алсақ, сонда ғана адал өмір сүрдік деп айтуға болар еді. Бүгінде біз театрымыздың бет-бейнесін, яғни имиджін көрермен мен қоғам алдында түсіріп алғанымызды мойындауымыз керек. Бұл – біле-білген адамға ең үлкен қателік. Біз бұған қалай жеттік?
Бірінші мәселе – театрларды күрделі жөндеуден өткізу. Соңғы 30 жылды алып қарасақ, жөндеу жұмыстарын өткізген театр басшыларының 70-80 пайызы міндетті түрде сотталатыны қағидаға айналған. Күрделі жөндеуді жасау үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттама жасау керек, оны кейін мемлекеттік сараптамадан өткізу, оң қорытындысын алған жобаға сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу, әр жұмыс біткен соң қабылдау. Өкініштісі, «біз ес білгелі» осы проблемамен қаншама істі болған өнерге қызмет еткен ағаларды жақсы білеміз және олардың темір тордың ар жағына тоғытылған тағдырлары ешкімді алаңдатпайтыны жанымызға батады. Келесі кім?..
Себебі театр басшыларын оқытпаймыз, құрылыс саласының заңдылықтарын, ережелерін, нормаларын басқа әлем деп қабылдаймыз. Сметаны оқуды білмейміз, түсіне алмаймыз, директорлар жоғары инстанциядан ақша уақтылы игерілу керек деп қысқан кезде, кейде амалсыздан, жасалған-жасалмаған жұмыстарды айыра білмей жатып, актілерге қол қоюға, жұмыстарды қабылдауға мәжбүр болатындығы белгілі. Бұған көп жағдайда оны технадзор қадағалайды ғой деп дау айтушылар табылуы мүмкін. Иә, технадзор болады. Бірақ олар да біз ештеңе түсінбеген соң, өздерінің жағдайын күйттеп, ақшаны «бірге игеруге» атсалысатыны жасырын емес. Көп жағдайда директорлық қызмет – пышақ жүзінде жүргенмен тең нәрсе. Сонда біздер «басқа тілде» жазылған құжатқа көз жұма қол қоямыз деген сөз. Содан барып мемлекет қаржысын жымқырды деген сөз шығады. Мемлекет қаржысының артынан сұрауы көп екені баршамызға аян. Тексеріс кезінде жауап бере алмай қалатынымыз ешкімді де қызықтырмайтыны, заң алдында тек өзің ғана жауап беретіндігін, тағдырдың тәлкегіне түсетіндігің, жоғары бағынысты мекеменің жауапты тұлғаларын мазаламайтындығы батады.
Бұның ең негізгі шешімі, тек қана театр емес, барлық мәдениет мекемесінің осы жұмыстарды (ЖСҚ жасату, құрылыс жүргізу, т.б.) жүргізуге тыйым салатын немесе осы жұмыстарды құрылыс басқармаларына жүргізуге міндеттейтін заң қабылданса жетіп жатыр.
Екінші мәселе: жарық, дыбыс, штанкеттік жүйе қондырғыларын сатып алуды да арнайы мамандар құзырына беру керек. Себебі театрдағы осы салада қызмет ететін мамандардың тоқсан пайызы «самоучкалар», яғни арнайы жоғары оқу орындарын бітірмеген, тек өмірлік тәжірибеге сай қызмет ететін, театрды жанымен сүйетін қызметкерлер. Біздегі екі жоғары оқу орнында да (Т.Жүргенов академиясы, Қазақ ұлттық өнер университеті) осы мамандарды оқыту жағы әлі дұрыс жолға қойылмаған, енді ашылғандары толық жабдықталмаған. Яғни ғимараттар студия ретінде дайын емес, (пульт, программа) ол заттарды қолына ұстап көрмеген адам қандай маман болмақ.
Үшінші мәселе: еңбек қатынастарын реттейтін нормативтің заң нормалары жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын еліміздегі драматург-жазушылардың хатына байланысты барлық театрда тексеріс жүргені мәлім. Бұл жерде де театр басшыларын айыптаудан бастап, «біздерге гонорар төленбейді немесе аз төлейді, өздері жазып, өздері қояды, бізбен жұмыс істеуге ниетті емес» деген секілді айыптаулар бәрімізді дүр сілкіндірді, тиісті жауаптар алынып, ақыры жылы жабылып қалды. Осы оқиғаның өзі ешкімге сабақ болмады. Эмоцияның астында ғана қалды. Бұл да қоғамда талқыланып, театр имиджінің күрт төмендеуіне әсер етті.
Төртінші мәселе: қаламызда Қуыршақ театрының ертегідей әдемі ғимараты болса деген үлкен тілек соңында жүргеніміз біраз уақыт болды. Басқа мемлекеттерге барып жүргенде көргеніміздей, олар балалардың тәрбиесіне бірінші көңіл бөледі. Балаларын театрға, мәдениетке, өнерге солай тәрбиелейді. Алысқа бармай-ақ, Қазандағы ЭКИЯТ қуыршақ театрының ғимаратын көріп көз жеткізуге болады.
Бесінші мәселе: елімізде өтіп жатқан фестивальдарды жүйелендіру. Байқаудың қазылар алқасын ең алдымен тек сыншылардан құрап, актер, режиссерлер құрметті қонақ ретінде қатысса дұрыс болар еді. Өйткені актер актерді, режиссер режиссерді сынағаны жөн емес. Көңілжықпастық, номинацияларды қатысушыларға бөліп беру, ұйымдастырып отырған облысқа бас жүлде беру, ережеде көзделмеген номинацияны аяқ астынан ойлап табу секілді көңілге қаяу түсіретін нәрселерден құтылсақ дейміз.
Осындай мәселелер айналасындағы даулар, келіспеушіліктер театрларымыздың көрермен алдындағы қасықпен жинаған абыройын шелектеп төгуге әкелді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, біз диагнозымызды анықтап, соған сай біріге ем алсақ қана бәсекеге қабілетті бола аламыз.
Қалған шаруаларды ұсыныс ретінде қарастыруды жөн көрдім:
а) шығарманың көлеміне қарай немесе жанрына байланысты драматургтердің гонорарын төлеу ережесі бекітілсе;
ә) шақырылатын режиссерлердің (елімізден, шетелден) суретшілердің, композиторлардың, сахна сайысын, жарық қоюшылардың нормативтері бекітілсе;
б) актерлердің, басқа да мамандардың (спектакльге, репетицияға қатысатын) жұмыс нормалары. Қосымша репетиция уақыттарынан тыс «үшінші, төртінші выход», яғни күніне үш-төрт спектакль ойналған кезде қанша сағат немесе қосымша ақы төлеу жүйесінің ережелері жасалса;
в) театрдағы гардероб, еден жуушы, күзетші, тағы басқа қызметкерлерді «разрядник» қатарынан алып тастап, театр қызметкерлері қатарына қосса және олардың емделуіне ақы төленсе;
г) театр ғимаратындағы жайларды буфет, асханалар үшін жалға беруге театрдың өзіне рұқсат беру. Себебі бұл үлкен табыс көзі емес.
ғ) мемлекеттік сатып алу порталы бойынша спектакльдерге керек жиһаздарды немесе тағы да басқа заттарды тікелей алуға рұқсат берілсе. Театр оны сахна заттары ретінде қолданады;
д) барлық театрдың қаржыландырылу деңгейі әртүрлі. Ең мықты қаржыландырылатын театрлар бар. Одан кейін, республикалық мәртебесі бар Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты театрлар, облыстық немесе қалалық театрлар көбісі қаржыға өте зәру, жағдайлары қиындау;
е) қаржы мәселесінен көптеген театр, сырттан мамандар шақыру былай тұрсын, жоспарлы спектакльдерін әрең шығарады. Осы тұрғыда барлық театрды (қалалық, облыстық, аудандық) министрлік құзырына өткізуді ұсынар едік;
ж) Қазақстанда жеке театрлар әзірге тек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ғана бас көтеріп келеді. Бұл жақсы үрдіс. «Артишок», «Бункер», «Жас сахна», «АИ орталығы». Бұлардың кейбірінің ғимараты жоқ, жарық-дыбыс аппаратуралары тіпті жоқтың қасы және спектакльдерді шығару үшін билеттен түсетін қаражатқа тәуелді. Енді осыларға министрлік тарапынан қолдау болса. Гранттар, қайтарымсыз кредит немесе ғимараттарды жалға алудың төменгі мөлшері, болмаса еңбек ақыларын төлеу үшін арнайы квота берілсе, олардың әрі қарай құлшыныстары артары сөзсіз, олар қазір тек жеке кәсіпкер ретінде ғана жұмыс істеуде.
Әрине, айта берсек мәселе мәселені туындата беретіні сөзсіз. Бірақ осылай ақылдаса жүріп алға жүрмесе, ұжымдаса жүріп ұтпасақ, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды.
Айтылғандарға назар аударып, қордаланған мәселелерді шешуді жүйелі түрде қолға алып, әріптестермен бірге жұмыс істесек, ұрпақ алдында абыройлы боларымыз анық.
Ендеше, НЕГЕ сөйтпеске?
Айболат ЖАУДЫР,
М.Горький атындағы
мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры