Аймақтар • 09 Қараша, 2021

Ел сеніміне селкеу түспейді

290 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­дауын­да полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту ке­ректігі айтылған болатын. Са­лаға серпін беру үшін сер­вис­тік модельге көшу басым бағыттардың бірі есебінде.

Ел сеніміне селкеу түспейді

 

Полиция қызметкерлерінің сан салалы міндеттері әмбеге аян. Әр күн сайын күрделі кәсіби жауапкершілігін жете атқарып, мінсіз қызмет етумен бірге қылдай қателікке жол бермеуге тиісті. Сайып келгенде, полиция қызметінің кәсіби құзіреттілік деңгейі алдымен қоғамдық пікірге әсер етеді. Мемлекет басшысы Жолдауда «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің тұтас реформасын жасау қажеттілігі пісіп жетілгендігін атап өткен-ді. Жаңа модельдің сипаты – қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерін анықтау процесіне белсенді қатысуында болып отыр. Бұл қадам полиция қызметіне оң өзгерістер әкелуге тиісті.

Алдымен «сервистік полиция моделінің» мәні туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Өркениетті елдердің өресі көрсетіп отырғанындай, полиция халықтың пікірін ескере отырып жұмыс істеуі қажет. Әрбір полиция қызметкерінің ұраны «мен қоғам үшін, белгілі бір аумақта адамдар жайлы өмір сүруі үшін не істей аламын?» болуға тиіс. Осы орайда полиция қызметкерлерінің жұмысы тура­лы халықтың пікірін ескеріп отыру айрықша маңызды.

– Апта сайын азаматтармен жеке қабылдау өткіземін, қабылдауға кез келген адам кіре алады. Жыл басынан бері өңірдің 392 тұрғыны осындай кездесулер барысында әртүрлі мәселе көтерді, – дейді об­лыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин, – көтерілген мәселелердің дені шешімін тапты. Азаматтармен жүздесу аудандар мен ауылдық округтерде де өткізіледі. Шешім нәтижесі біршама уақытты қажет ететін мәселелер де болады. Негізінде мұндай жайлардың көпшілігі қылмыстық істерді тергеу сапасы бойынша көтеріледі. Азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту және департамент жұмысының ашықтығын молайту үшін облыс тұрғындарымен есеп беру кездесулерін өткіземіз. Бұл жерде атқарылып жатқан жұмыс баяндалып қана қоймай, көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сұрақ шешімін табады. Яғни ашық, бүкпесіз ой-пікір айтылатын сындарлы диалог. Халықтың пікірін білу үшін департаментте, әрбір басқарма және бөлімде сенім телефондары жұмыс істейді. Жыл басынан бері қоңырау шалып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде ой-пікірлерін білдіріп жатқан заман­дастарымыздың қатарының көбейіп келе жатқанына қарағанда полицияға деген сенім арта түсті деп айтуға болады. Үстіміздегі жылдың 26 ақпа­нынан бастап департаментте және аумақтық құрылымдарда азаматтарды қабылдау күрт жандана бастады. Демек, бұл орайда да айтылған сөздің далада қалмайтындығына азаматтардың сеніп отырғандығын аңғаруға болады. Осындай қабылдау кезінде 7684 азамат кезекші офицерлермен тілдесіп, саналуан сауалдарын қойды.

Халықпен бірлесе атқарылған іс-қимыл қылмыстың алдын алуға да тәп-тәуір септігін тигізетіндігі белгілі. Заңнамада полицияның ерікті көмекшілерінің қатарына құқық тәртібін қамтамасыз етуге жәрдем көрсетуге ниет білдірген азаматтарды қабылдау және оларға сыйақы төлеу көзделген. Уақыт өткен сайын қоғамдық көмекшілер қатары толыға түсуде. Бүгінде жалпы саны 400-ден асады. Байыптап қарасаңыз, арлы әділет күзетшісіне айналған адамдардың көкейіндегі ізгі ой нәтижесін де беруде. Мәселен, жыл басынан бері полицияның 67 қоғамдық көмекшісі бақандай 87 қылмысты ашуға септігін тигізді. Осыдан-ақ атқарылған істің нәти­жесін салмақтауға болады. 1340 әкім­шілік құқық бұзушылықтың жо­лы кесіліп отыр. Шындық үшін шырылдаған 56 қоғамдық көмекші 2 миллион 600 мың теңге көлемінде ынталандырылды.

Облыс халқымен бірлесе отырып атқарған шаруалардың арқасында облыстағы қылмыстық істер 4,5 пайызға кеміді. Ауыр санаттағы қыл­мыстардың көлемі 24,8, аса ауыр қылмыстар 27,8 пайызға тө­мендеді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда және көшелерде де тәртіп бұзушылық азайып келеді. Осыған орай үстіміздегі жылдың басынан бастап облыстық Полиция департаменті басшыларының атына облыс тұрғындарынан 55 алғыс хат келіп түсіпті. Атқарылған жұ­мысқа ризашылық танытқан қара­пайым адамдардың жүрекжарды лебізі. Жыл басынан бері полиция департаментінің бастығы 3622 қызметкерін өз міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін ғана емес, қоғаммен сәтті қарым-қатынас жасағаны үшін марапаттаған. Міне, осы жерде поли­цияның сервистік моделінің мәні менмұндалап тұр деп айтсақ, жарасымды.

Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күрес мәселелерімен айналысып қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің белгілі бір тізбесін де көрсетеді: жүргізуші куәліктерін беру мен ауыс­тыру, көлік құралдарын тіркеу есебіне қою немесе алу, азаматтық және қылмыстық қаруды тіркеу және есепке қою, оларды сақтауға рұқсат беру, ел аумағына қаруды әкелуге және әкетуге рұқсат беру. Төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру. Бұл орайдағы басты міндет халыққа барынша қолайлы болу үшін қызмет көрсету уақытын барынша қысқарту. Яғни жан жадыратар жеделдік қажет. Құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап мемлекеттік қызмет көрсету мөлшері бұрынғы 6 сағаттан 2 сағатқа дейін, көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару және жүргізуші куәлігін беру 90 минутқа дейін, порталға жүгінген кезде 1 сағатқа дейін қысқарған. Электронды кезек талонын алған сәттен бастап құжаттарды тапсыруға дейінгі кезек күтудің ең ұзақ уақыты бар болғаны 20 минут қана.

«102» қызметін жетілдіру және «азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің бірізділігі» жобасын іске асыру аясында заманауи техникалық жабдықтар орнатылған. Департаменттің 9 бөлімшесінде және 19 аумақтық бөлімшелерде бұл мәселе толық шешімін тапқан. Департаментте «полицияның қоғамдық көмекшісі» телеграмм-арнасы жұмыс істейді. Бұл арнаға өңір азаматтары өздері куә болған құқық бұзушылықтар туралы фотосуреттер мен бейнежазбалар жолдай алады. Азаматтардың сұранысына орай жедел, ден қоя жұмыс істеп, «жұртқа жақын полиция» қағидаты тиімді жүзеге асырылуда. Азамат қай жерде болсын кез келген полиция қызметкеріне өз өтінішін айтып жүгіне алады. Міне, сондықтан облыстың елді мекендеріндегі стационарлық полиция бекеттерінің желісін кеңейту қолға алынған.

– Бүгінде осындай 8 бекет жұмыс істеп тұр. Оның алтауы облыс орталығында болса, қалған еке­уі аудандарда. Үстіміздегі жы­лы тағы да 5 стационарлық по­ли­ция бекеті салынбақ, – дейді По­лиция департаментінің бастығы Арманбек Хәкімбекұлы, – халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етудің бір бағыты – учаскелік полиция пунктерінің желісін барынша кеңейту. Қазіргі таңда облыс бойынша 191 полиция пункті жұмыс істейді. Облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы ашылған полиция пунктері бірнеше көлікпен қамтамасыз етілді. Із жүзінде барлық учаскелік полиция пунктері локальді желіге қосылған. Ішкі істер министрлігінің барлық дерек қорына қолжетімді.

Цифрландыру аясында әкімшілік өндірісті жүргізудің барлық процесі электронды форматқа көшіріліпті. Барлық 320 учаскелік полиция инс­пекторы ювеналды полицияның 87 қызметкері мен патрульдік по­ли­цияның саптық бөлімшелерінің 536 қызметкері планшеттермен қам­тамасыз етілген. Міне, осылайша сервистік полиция моделінің тиімді екендігі іс жүзінде дәлелденіп отыр. Халықтың қамын жеген шаруа осы оң бағытында дамыса, сенім де артып, үміт те молаяды.