Қазақстан • 10 Қараша, 2021

«Азаматтарға арналған үкіметтің» жұмысы өз деңгейінде ме?

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-та мемлекеттік қызмет көрсету сапасы Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте қаралды.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» жұмысы өз деңгейінде ме?

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 2019-2021 жылдар аралығында 222 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, 122 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Кеңес мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Ғалым Байтоқтың айтуынша, ntrcthe барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы да бар. «Мемлекеттік корпорация 2019 жылы 37,7 млрд теңгеге сатып алу жүргізді. Бұл соманың 70%-дан астамы тікелей бір көзден алынған. Сатып алу туралы 10 мың шартта 4 мыңнан астам тәуекел анықталған. Кон­курстарда 705 жеткізуші тендерлерді басқа­ларға қарағанда жиі ұтып алған, 2 мың­нан астам келісімшартта бағалар жоға­ры көрсетілген, жеткізу мерзімі қысқа. Со­ны­мен қатар корпорация бюджетті тиімсіз жос­парлау бойынша антирейтингте 1-орынға шықты», деді Ғ.Байтоқ.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ер­лан Саиров Халыққа қызмет көрсету орта­лық­тарының қызметтері қалаларға қарағанда ауыл тұрғындары үшін қолжетімді еместігін алға тартты. «Аудан орталықтарынан 200-300 шақырым жерде орналасқан шағын ауыл­дар бар. Ауыл тұрғындарына ол жаққа қатынау қиын. Бұл, әсіресе, шекаралас аудандарда өзекті. Шешімін табуға тиіс тағы бір мәселе – барлық жерде қаптап жүрген «делдалдар». Азаматтардың сенгіштігін немесе қарапайым халықтың бір бөлігі, әсіресе, зейнеткерлердің электронды гаджеттермен жұмыс істей алмайтынын пайдаланатын «пысықайлар» бар», деді Е.Саиров.

Бұған жауап ретінде «Азаматтарға арнал­ған үкімет» МК» КеАҚ басқарма төр­ағасы Әділ Қожихов бүгінде ннтернетке қол жеткізу қиындық туғызатын шалғай елді мекендерге арнайы баратын 69 мобильдік ХҚО жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол Кеңес мүшелерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі стандартты әзірледік, 5 мыңға жуық түрлі алдын алу іс-шарасын өткіздік. Мұндай іс-шаралардың біразы Nur Otan партиясымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізілді. «Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген ішкі тексерулердің нәтижесінде дербес деректерді үшінші тұлғаға берудің 23 фактісі анықталды», деді Ә.Қожихов.

Сондай-ақ жиын барысында партия мү­шелері 200 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан облысының Сайрам ауданын­да бір ғана Халыққа қызмет көрсе­ту ор­та­лығы жұмыс істейтініне назар ау­дар­ды. Мемлекеттік корпорацияға екін­ші орта­лық ашу мәселесін пысықтау ұсы­нылды. Со­нымен қатар Кеңес мүшелері мем­­лекет­тік қызмет көрсету жүйесін жетіл­­діру мақ­сатында қолданыстағы заңна­­маға өзгеріс­тер енгізуді ұсынды. «Меди­­ци­налық ме­кеме қызметкерлерінің қызмет көр­сету мерзімін сақтамауының салдары­нан ха­лықты емханаларға тіркеу кезінде мер­зі­мін өткізіп алу мәселесі жиі кезде­седі. Бұл – жалғыз мекемеде кездесе­тін жағдай емес. Мұндай мысалдар көп. Мем­лекет­тік қызметтерді уақтылы көрсет­пегені, эле­к­тронды құжаттарды қабыл­даудан бас тартқаны үшін, сондай-ақ ақпараттық сервистердің, оның ішінде egov.kz порталының жұмысындағы іркілістер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізген жөн», деді Ғ.Байтоқ.

Жиын қорытындысында Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан және уәкілетті мемлекеттік органдардан барлық айтылған мәселені бақылауға алуды және оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді талап етті.