22 Ақпан, 2014

Үшжақты комиссия отырысы

517 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастары бойынша Республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы болды, деп хабар­лады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Күн тәртібінің негізгі тақыры­бы еңбек кикілжіңдерінің алдын алу мен сақтандыру мәселелерін талқылау болды. Бұл мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тама­ра Дүйсенова, Кәсіподақтар фе­дерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылары сөйледі. «Мемлекет басшысы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлемдік экономикаға қарай бағыт алу ағымын және ішкі жағдайларды есепке алып, елімізде макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша сақтандыру шараларын жүзеге асыру міндетін қойды», деді Б.Сағынтаев кеңесті аша отырып. Өз кезегінде, Б.Сағынтаев бюд­жеттен төленетін әлеу­мет­тік жәрдемақылар мен төлем­дер­дің өсірілуі ғана емес, квази­мем­лекеттік және жеке меншік сек­­торлар жұмыскерлерінің еңбек­ақыларының арттырылуы да қа­растырылатынын атап өтті. «Президент ірі тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар, мұнай-газ және ұлттық компания­лар басшыларына өндіріспен ай­налысатын жұмыскерлердің жала­қысын 10 пайызға көтеру жө­нінде үндеу тастады. Біз үшжақты комиссия ретін­де Мемлекет басшысының бұл бастамасын жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуымыз керек», деді бірінші вице-премьер. Тамара Дүйсенова келтірген дерекке қарағанда, бүгінгі күнге елімізде еңбекақы бойынша қа­рыз өткен жылғы сәйкес мер­зім­мен салыстырғанда, 27 пайызға кеміген, өндірісте жазатайым жағдайға ұшырау саны азайғаны байқалады. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев өткен жылдың басынан бері туындаған еңбек кикілжіңдерінің жартысына жуығы еңбекақыны уақытында төлемеу себебінен болғанын атап көрсетті. «Бүгінгі күнге еңбек дау­лары­ның алдын алу мен одан сақтандыру тетіктерінің ойда­ғы­дай жетілмеуі, әлеуметтік-еңбек кикілжіңдерін арандатудың құ­қықтық жауапкершілігінің тө­мендігі проблемалары әлі де қалып отыр», – деп атап өтті Б.Са­ғынтаев. Орын алып отырған проб­лемаларды шешу мақсатында кә­сіп­одақтар қызметін жақсартуға, әлеуметтік-еңбек кикілжіңдерін шешу мен әлеуметтік шиеле­ніс­терден сақтандыру бойынша кешенді жоспарды жүзеге асы­руға бағытталған, «Кәсіптік одақ­тар туралы» Заңның жобасы дайындалды. Отырыс қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев борыштарды өтеу және тұтастай ал­ғанда, ең­бек­ақы төлеу мәсе­ле­­лерін ше­шу бойынша жұ­мыс­ты жандан­дыруды тапсырды. Облыс әкімдіктеріне өңірлердегі жағдайларға ашық та тұрақты мониторинг ұйым­дас­тыруды, ықтимал деген еңбек кикілжіңдерінің уақытында алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды.