Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев жұмысын жөндемді атқара алмаған басшыларға сөгіс беріп, бірқатарын қызметінен босатты
Табалдырықтан кеше ғана аттаған 2010 жылдың 1 тоқсаны да аяқталды. Тіпті екінші тоқсанның бір айы артта қалып, екіншісі жартыланып та үлгеріпті. Сондықтан тоқсандар тоғысында ойға оралатын сауалдар, әдетте, көп болады. Соның бірі “облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары алғашқы тоқсанда қандай деңгейде болды?” деген сауал.
Тәубе дерлігі, облыс экономикасының өнеркәсіп секторында өсу қарқыны байқалуда. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп кәсіпорындарының арқасында 26,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 123,8 пайызды құрапты. Атап айтсақ, кен өндіру мен кен орнын пайдалануда, өңдеу өнеркәсібінде, электр қуатымен қамтамасыз етуде, газ бен буды өндіру мен бөлуде даму үдерісі бар.
Мысалы, кен өндіру мен кен орнын пайдалану саласында өндіріс көлемінің өсімі фосфор шикізатын, әк пен гипсті және табиғи құмды өндіруді арттыру есебінен, өңдеу өнеркәсібінде тамақ өнімдерін, мұнай өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, өзге де металл емес минералды өнімдер мен дайын металл бұйымдарын және химия өнеркәсібінің өнімдерін өндіруді арттыру есебінен қамтамасыз етілген. Айталық, “Казфосфат” ЖШС-нің “Минералды тыңайтқыштар” филиалы, “Имсталькон” АҚ-тың филиалы, “Құрылыс құрылымдары зауыты” ЖШС, “Шыны компаниясы “САФ” Оңтүстік-ЖАҚ” филиалы, “Жамбылгипс” АҚ, “Гипс комбинаты” ЖШС, “Таразбылғары аяқкиім” ЖШС өнім көлемін ұлғайта түскен.
Дегенмен, облыстың бірқатар кәсіпорындарының өндіріс көлемдері өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмен болуына байланысты сары фосфорды, натрий триполифосфатын, ортофосфор қышқылын, табиғи газды, құрамында алтыны бар концентраттарын, алтын мен күмісті, барит кені мен концентраттарын, ферросиликомарганецті, резеңке және пластмасса бұйымдарын, электр қуатын және табиғи суды өндіру төмендеген.
Сонымен қатар, наурыз айында облыстың 6 өнеркәсіп кәсіпорыны (Тараз қаласында – 4, Жамбыл ауданында – 2) қаңтарылып, тоқтап тұрыпты. Ал 4 кәсіпорын жартылай жұмыс режімінде істеген. Неге? Жауап: мемлекеттік уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне мониторинг жасай отырып, оның ішінде өндіріс көлемін төмендеткен және жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың қызметін талдап, қайта жандандыруға ықпал етпеген. Яғни, тиісті жұмыс жүргізілмеген. Тіпті іс-шаралар жоспары да жасалмаған.
Өндіріс көлемі қай өңірлерде төмендеді? Олар: Мойынқұм, Жамбыл және Жуалы аудандары.
Үкіметте үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен елді индустрияландыру картасы бекітілгені белгілі. Осы құжаттардың негізінде Жамбыл облысын индустрияландырудың картасы да бекітілуі қажет. Дегенмен, облыстың индустриялық дамуына ықпал ететін осы құжаттарды орындау барысында кемшіліктер бар. Жергілікті атқарушы органдар инвестициялық жобалардың іске асырылуына уақтылы мониторинг жүргізіп және қалыптасқан жағдай мен мәселелерге назар аударып, тиісті шаралар қабылдамауына байланысты Мойынқұм ауданының Мыңарал кенті мен Хантау бекетіндегі цемент зауыттарының құрылыстарын аяқтау мерзімі сағыздай созылып барады.
Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2010 жылдың 1 тоқсанында 6,6 млрд. теңгені құрапты. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл соманың 3,2 пайызға артық екенін ескерсек, қуануға болатын сияқты. Бірақ түлік төресі түйенің (Жамбыл ауданы – 33,7%), құстың (Сарысу ауданы – 84%, Байзақ ауданы – 97,5%) саны қысқаруы алаңдатқандай. Қордай, Меркі сияқты аудандарда өсімтал келетін “талпақ танаудың” да саны азая бастаған.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан 4 денсаулық сақтау нысаны мен Шу қаласындағы 780 орындық мектеп құрылысының да “жыры” бітпей қойды. Есептен есепке, баяндамадан баяндамаға “жүргізілуде” деген бір ауыз жылы сөзбен жылжып келеді әйтеуір. Соған қарағанда тиісті басшылар “бұл нысандардың құрылысы қашан аяқталып, халық игілігіне қашан беріледі?” деген нақты сауалдан қашқақтайтын сияқты.
Тоқсан тоғысындағы сараптамадан белгілі болғанындай, тұрғын үйлерді пайдалануға беру деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Байзақ, Т.Рысқұлов атындағы аудандар мен Тараз қаласында төмен болған. Ал Мойынқұм ауданында бірде-бір тұрғын үй пайдалануға берілмепті. Жыл басынан бері коммуналдық және ипотекалық тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен бөлінген жалпы сомасы 98,9 млн. теңгені құрайтын мақсатты трансферттер мен несиелердің небары 3,5 млн. теңгесі ғана игерілген. Бөлінген қаражаттың игерілмеуі сияқты әсте жол беруге болмайтын бұл кемшілік жобалау-сметалық құжаттамаларға техникалық өзгерістер енгізу салдарынан орын алып отырған көрінеді. Конкурстық тапсырыстар беру, конкурстар өткізу және шарттар жасаудағы салғырттықтар мен шалағайлықтар тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатының игерілмеуіне басты себептердің бірі болып отыр десек те болады. Сондай-ақ, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына бірінші тоқсанда қаржыландыру жоспарына сәйкес кассалық шығындар қарастырылмаған.
“Жол картасын” іске асыруда облыстың артта қалуы да алаңдатпай қоймайды. Мысалы, жоспарланған 207 нысанның 7-нің сметалық құжаттамалары, 6-ның мемлекеттік сараптама қорытындылары жоқ. Олар: 3 облыстық, 1 қалалық маңыздағы жолдар, Тараз қаласын абаттандыру, Т.Рысқұлов атындағы аудандағы 2 балабақша, Қордай ауданының Отар ауылындағы сумен қамтамасыз ету жүйесін және су беру құрылғыларын жаңғырту, Байзақ ауданының Көктал, Жетітөбе ауылдарындағы балабақшалар, Қордай ауданының Сортөбе ауылындағы, Меркі ауданының Ленин жолы, Аңдас батыр ауылдарындағы мектептерге байланысты жобалар болып табылады.
Таңғаларлығы, көптеген облыстарда конкурстық жұмыстар толығымен аяқталған. Бөлінген қаржы республика бойынша орташа есеппен 12,6 пайызға игерілген, ал Жамбыл облысы бойынша бұл көрсеткіш небары 0,7 пайызды ғана құрайды.
Мәліметтерге қарағанда, қазіргі қалыптасып отырған жағдай қанағаттанарлықсыз. “Жол картасы” бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және жастар тәжірибесі бағдарламасын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспардағы деңгейде жүргізілмеуде. Үстіміздегі жылдың 23 сәуіріне жоспарланған 2400 әлеуметтік жұмыс орындарының 1530 немесе 63,8 пайызы ашылса, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 3000 орынның 1260 немесе 42 пайызы ғана ашылған. Осы себептердің салдарынан әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға бөлінген қаржы 41 пайызға, жастар тәжірибесі бағдарламасы 75 пайызға игерілген.
Денсаулық сақтау бойынша бірінші тоқсанда ана өлімі Т.Рысқұлов атындағы, Сарысу аудандарында және Тараз қаласында тіркелген. Бала өлімі Т.Рысқұлов атындағы, Меркі аудандарында және Тараз қаласында орташа облыстық көрсеткіштен жоғары. Ал Байзақ және Жамбыл аудандарында медициналық кадрлар тапшылығы сезілуде.
Облыста аз қамтылған отбасылардағы балалардың 81,5 пайызы (21,6 мың) тегін тамақпен қамтылыпты. Дейтұрғанмен, Байзақ, Қордай, Меркі аудандары және Тараз қаласында бұл көрсеткіш орташа облыстық көрсеткіштен төмен болуы қынжыларлық.
“Шыдамның да шегі бар”. Жақында болып өткен алқа мәжілісінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев бозборан боп ашуланды. Ашуланатынындай бар, облыс аумағын абаттандыру, көріктендіру, санитарлық тазалау айлықтары Қордай, Сарысу аудандарынан басқа аудандарда және Тараз қаласында тапсырылған талап деңгейінде жүргізілмепті. Облыс орталығындағы Сейфуллин, Желтоқсан, Ташкент, Қапал көшелерінде талдар әктелмеген, темір жол бойындағы арықтар ескерту жасалғаннан кейін ғана тазаланған, ал күл-қоқыс төгілетін арнайы алаңдар заңдастырылып, әлі қоршалмапты.
Талас ауданында да тазалық жағы тапшылау болып тұр екен. Мысалы, Тамды ауылындағы Қойгелді батыр мектебінің спорт залы қоқыс тастайтын орынға айналыпты дегенді естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Содан кейін біліксіз мектеп директоры мен орынбасарлары үшін ұяттан бетіміз өртенді. Ақкөл ауылындағы тазалық мәселесінің ұмыт қалғаны да қынжылтты. Көктемгі көріктендіру, көгалдандыру мен санитарлық тазалық мәселесі Меркі ауданында да ақсап жатқан сияқты. Күл-қоқыстар халықаралық жол мен футбол алаңдарында “мені көрдіңдер ме” дегендей менмұндалап жатыр екен.
Т.Рысқұлов атындағы ауданда жұмыссыздық деңгейі өсе түскен. “Жол картасы” аясында пайдалануға берілуге тиіс балабақшалар кешеуілдеуде. Тұрғын үй құрылысының қарқыны да төмен. Аудан әкімінің жұмысы рейтинг бойынша соңғы орындардың бірінде тұр.
Сонымен Қ.Бозымбаев бірінші тоқсанның көрсеткіштері бар, басқасы бар бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларына сөгіс жариялап, ескерту берсе, бірқатарына қызметтерінен қоштасатынын айтты. Олардың ішінде энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Е.Көшербаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Қ.Бекболатов және Тараз қаласының әкімі Е.Астаев, Талас ауданының әкімі О.Жиенқұлов пен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның әкімі А.Нұралиев сөгіс, ескерту сияқты тәртіптік жазамен “жеңіл” құтылса, ал өзіне сеніп тапсырылған саланы өрге домалата алған кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Г.Құшанова мен жұмыстары тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, республикалық индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру, инфляция деңгейін төмендету жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы жақ аша алмаған әлгі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары А.Балтабаевпен ендігі жерде жұмыс істесе алмайтынын ашық айтты.
Ескерту мен сөгіс алған шенеуніктерге аталған кемшіліктерді түзетуге берілген мерзім де қысқа. Оның үстіне ІІ тоқсанның да төбесі көрініп тұр. Сондықтан ол тоқсанның ашуы бұл тоқсаннан да қаттырақ болатын сияқты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.