Экономика • 10 Қараша, 2021

Салық кодексіне жаңа нормалар енгізіледі

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салық кодексіне енгізілетін жаңа нормалар кәсіпкерлерге салық жүктемесін арттырмайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салық кодексіне жаңа нормалар енгізіледі

Депутаттар Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында мобильді төлемдерді реттеуге қатысты нормаларды қарастырды. Мәжіліс депутаттары тарапынан тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін жаңа норманың не беретіні және кәсіпкерлерге салынатын салық жүктемесі туралы мәселелер көтерілді. Нұрлан Нығматулин аталған норма бойынша салықтың жаңа түрі енгізілмейтінін алға тартып, кәсіпкерлерге салық жүктемесі өзгермейтінін айтты.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар көлік салығына қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, бүгінде «Газельдерге» салық салу автомобиль қозғалтқышы көлеміне емес, жүк көтергіштігіне байланысты белгіленген мөлшер бойынша төленеді. Бұл норма еліміздегі 96 мың автокөлікке қатысты болмақ.

Осыған байланысты аталған норманың 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі ұсынылады. Айта кететін жағдай, автокөлік салығын төлеу мерзімі заңды тұлғалар үшін 2021 жылдың 5 шілдесінде аяқталса, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мерзімі 2022 жылғы 31 наурызда бітеді. Сондықтан да салықты төлеген автокөлік иелері үшін қайта есептеулер қажет.

Осыған сәйкес, Мәжіліс төрағасы автокөліктің моделіне қатысты салық 2 есеге, ал жекелеген жағдайларда 6 есеге дейін азаятынын айтты. Әр автокөлік иесі үшін салық 5 мың теңге мен 115 мың теңге көлемі аралығында қайтарылатын болады. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, қазір ең бастысы мемлекеттік органдар осы заңнамалық норманың ретроспективтілігін ескере отырып, барлық қажетті есептеулерді жедел, бюрократиясыз жүргізу керек.

Осыған сай, Палата Спикері 1,5 айдан кейін заң күшіне енетінін, 90 мыңнан аса автокөлік иесінің 2021 жылға арналған салығын қайта есептейтініне тоқталып, бұл есептеулер автокөлік иелерінің қатысуынсыз өтетінін, сондықтан, азаматтар осы жайында ертерек білу керектігін айтты.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, барлығы автоматты түрде жасалатынын, ешқайда барудың және өтініш жазудың қажеті жоқ екені туралы халықты алдын ала хабардар ету қажет.

«Қазір тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылмаса, адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, Колл-орталықтарға үзбей қоңырау шалып, мемлекеттік органдардың блогтарына өтініштер қалдырады», деді Палата Спикері.

Айта кетейік, заң жобасы мобильдік төлемдерді реттеу, салық төлеушінің паспортын енгізу және жүк автомобильдері үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша жекелеген көлік құралдарына салықты есептеу құқығын беру және басқа да бірқатар жаңа нормаларды қамтыған.