Аймақтар • 10 Қараша, 2021

Есірткі саудалаған СҚО тұрғыны он жылға сотталды

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бес айға созылған «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Есірткі саудалаған СҚО тұрғыны он жылға сотталды

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, операцияның басты мақсаты - есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы фактілерін анықтау, жабайы қарасораны заңсыз жеткізу арналарын жабу.

Облыстық полиция қызметкерлері осы саладағы 125 заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде есірткіні өткізудің 47 фактісі бар.

Мәселен, осындай есірткі сатушыларының бірі Петропавл қаласының орталығында ұсталды. Жамбыл ауданының 39 жастағы тұрғынын полицейлер мақсатты түрде іздестірді. Оның «Subaru Legacy» көлігінен бес килограмм марихуана бар полимерлі пакет алынды. Ұсталған адам екі жыл бойы есірткі қолданғанын және оны басқаларға да сатқанын мойындады. Сот шешімі бойынша ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Бес ай ішінде заңсыз айналымнан 295,5 кг астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Жыл басынан бері - 409,5 кг, оның ішінде 4,2 кг-нан астамы «синтетика» және 4,1 кг «гашиш». Есірткі бизнесі саласында 195 түрлі қылмыс анықталды. Оның 49-ы есірткі өткізу, 15-і аса ірі көлемде сақтау фактілері», деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.