Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Көлік инфрақұрылымы: алғашқы адымдар
Қазақ елі өзінің аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы орынды алады. Бірақ ұлан-ғайыр жерді мекендейтін халық саны тығыз емес. Қалалар мен елді мекендердің арасы да алшақ. Міне, осы факторлар мен жаһанданудың үдемелі процестері автожол саласын дамудың басым бағытына, өзекті мәселесіне айналдырды. Осылайша, тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары Қазақстан басқа салалармен қатар, ішкі және сыртқы көлік байланысын дамытуға басымдық берді. Экономикалық өсім инфрақұрылымға да тікелей байланысты екенін ұғынған жас мемлекет үш міндетті алдына қойды. Оның біріншісі ел ішіндегі автожолдар желісін дамыту болса, екінші – теңіз порттарына шығу мүмкіндігін табу, үшіншісі – халықаралық көлік дәліздерін байланыстыру. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында Қазақстан осы үш бағыттағы жұмыстарды да табысты еңсерді деуге болады.
Автожолдарды кеңейту төңірегінде қабылданған алғашқы бағдарламалардың бірі автожол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болды. Осы құжатқа сай 15 мың шақырым жол қайта қалпына келтірілді. Ертіс және Жайық өзендері үстіне жаңа көпірлер салынды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс – Атамекен және Қызыләскер – Асықата автожолдарының инфрақұрылымы жасақталып, оның бойында ірі жаңа нысандар пайда болды. Ел үшін маңызды рөл атқаратын Астана – Алматы автомагистралі да қайта жаңғырды. Ал 2009 жылдың қарашасында Қазақстандағы алғашқы «Астана – Бурабай» автобаны ашылды.
Қазақстан мен Қытайдың 2004 жылғы келісімі бойынша құрылған Шекара бойындағы ынтымақтастықтың «Қорғас» халықаралық орталығы Шығыс Азияға ашылған қақпа іспетті болды. Осы келісім аясында 2005 жылы құрылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ мақсаты халықаралық жобаны жүзеге асыру еді. Осы кезеңде компания инфрақұрылым мен инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүргізді, енді Орталық Қазақстан бөлігінің мүдделерін қорғаумен айналысып келеді.
Екінші бағыт бойынша теңіз порттарына шығу жолдарын іздестірген мемлекет Ақтау халықаралық теңіз портын қайта қалпына келтіруді жолға қойды. Бұл Қазақстанның Каспий теңізі арқылы халықаралық көлік маршруттарына қосылуына мүмкіндік берді. Осылайша, Қазақстан көлік саласында бірден екі стратегиялық мақсатқа қол жеткізді: Каспий арқылы Қара теңіз – Жерорта теңізіне және Балтық бассейндеріндегі Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы порттарға төте жол ашылды. Екіншісі, ауқымды транзит жүк ағыны үшін қолайлы жағдай жасалды.
2000-жылдардың орта шенінде Қазақстан Каспий және Қара теңіз аралығында кеме жүзетін «Еуразия» каналы құрылысының жобасын ұсынды.
Ал 2006 жылы ұлттық көлік жүйесін еуразиялық көлік дәліздеріне кіріктіруді басым бағыт етіп белгілеп, бұл ауқымды жоспар 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясында енгізілді. Кейін «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданып, елдегі жол сапасын жақсартуды, инфрақұрылымдық саланы индустриалды дамумен бір мезетте өркендетуді және осы арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуды қолға алды.
Жібек жолы жобасы да қарқынды дамып, Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік көпірге айналды, бұл Қазақстан экономикасының дамуына тың серпін береді.
Міне, осындай айтулы жобалар автокөлік саласын айтарлықтай дамытты. Елбасының айтуынша, бұл жолдар қазақстандықтардың талай ұрпағына қызмет етпек. «Біздің тарихымызда қазіргі кездегідей шетсіз-шексіз даламызды қамтыған жолдар салынған емес. Бүгінгі күні Шымкенттен Алматыға жылдам келуге болады. Шымкенттен Ақтөбеге, одан әрі Ресейге Астана мен Бурабайдың арасындағы жолмен жүргендей, көзді ашып-жұмғанша жетіп барамыз. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан аймақтарына автожолдар жан-жаққа қым-қиғаш тарам болып салынып жатыр. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жететін игі іс», дейді Тұңғыш Президент жазбаларында.
Бағдары айқын бағдарлама
Елімізде автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар күре жолдар болса, 71 мың шақырымы – жергілікті жолдар. 2021-2025 жылдар аралығында автожол саласында республикалық маңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, реконструкцияланады. Жыл сайын орта есеппен 200 мың адам жұмыспен қамтылады. Бүгінге дейін елдегі республикалық маңызға ие жолдардың негізгі бөлігі күрделі жөндеуден өтіп, 13 мың шақырым автожол қайта жаңартылған.
Автожол саласын дамыту, жол сапасын жақсарту, көліктік-логистикалық кешенін құру мәселесіне келгенде алдымен ойға оралатыны – «Нұрлы жол» бағдарламасы.
Бұл бағдарлама 2014 жылы Елбасы жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан бастау алған еді. Екі үлкен бөліктен тұратын құжаттың бірінші бағыты – инфрақұрылымды дамыту. Бұл блогтағы жобалардың өзі 7 бағыттан құралған. Оның біріншісі – көліктік-логистика инфрақұрылымын дамыту. Бұл ретте 2015-2020 жылдары «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» секілді ірі автожол жобалары іске асырылып, республикалық маңызы бар басқа жолдарды қайта жаңғырту көзделгені айтылған еді. Осылайша, бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2019 жылға қарай бірыңғай көліктік және энергетикалық жүйе құрылды. Алғашқы сәтте «Нұрлы жол» аясында 7 мың шақырым автомобиль жолын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, соның ішінде аса маңызды: «Орталық – Оңтүстік» (Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Алматы), «Орталық – Шығыс» (Нұр-Сұлтан – Павлодар – Өскемен) және «Орталық – Батыс» (Нұр-Сұлтан – Ақтау) жол тораптарын атап өтуге болады. Елордадан Алматыға дейінгі аралық Балқаш көлі арқылы өтетін көпір құрылысының арқасында 200 шақырымға қысқарды.
Ал 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық жолдардың бәрін қайта жаңарту және жол бойындағы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету міндеті тұр. Соның ішінде 12 мың шақырым автожолды жаңарту, салу және 11 мың шақырымды жөндеу жоспарланған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның мәліметінше, 12 мың шақырым жолдың 3,6 мың шақырымы – ауыспалы учаскелер: Қарағанды – Балқаш (2023 жылы аяқталады), Балқаш – Бурылбайтал (2023 ж), Күрті – Бурылбайтал (2022 ж), Күрті – Қапшағай (2023 ж), Талдықорған – Өскемен (2022 ж), Ақтөбе – Атырау – Астрахан (2023 ж), Қалбатау – Майқапшағай (2022 ж), Үшарал – Достық (2022 ж), Мерке – Бурылбайтал (2022 ж) және 2022-2023 жылдары 8,4 мың км жаңа жол пайдалануға берілуге тиіс. Олар: Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды, Жезқазған – Петропавл, Қарағанды – Аягөз, Семей – Өскемен, Атырау – Орал және т. б.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша нысандардың құрылысы мен оларды қайта жаңғырту бойынша 399 км автожол пайдалануға берілді. Бұл жұмыстардың арқасында республикалық маңызы бар I және II техникалық санатты автожолдардың үлесі жалпы жолдардың 36%-ын құрады, яғни 8 861 шақырымға жетті. Ал жөнделген жолдар – 1 060,2 км, соның ішінде 80,3 км жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», делінген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарламасында.
2025 жылға дейін пайдалануға берілетін жаңа жолдардың ішінде 11 мың шақырымы ақылы жолдар. Бүгінде елімізде жалпы ұзындығы 682 км болатын 4 ақылы учаске бар. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап, ақылы болған «Нұр-Сұлтан – Щучинск», одан кейінгі «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» жолдары. АҚ мәліметінше, биылғы 15 қарашадан бастап, тағы 7 учаскені ақылы ету жоспарда бар. Солардың қатарында Нұр-Сұлтан – Павлодар, Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке), Щучинск – Көкшетау, Қапшағай – Талдықорған, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Шымкент – Қызылорда жолдары бар.
Бұл ақылы тас жолдардан жылына шамамен 5 млрд теңгеден астам қаржы түсіп отыр. Жиналған қаражат жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге жұмсалып келеді.
Су көлігі саласындағы жетістіктер
Қазақстанның көкжиегін кеңейткен автожолдары көк теңіздер мен мұхиттарға төте жол салды. Су көлігі саласында аса маңызды орын алатын көлік торабы – Ақтау теңіз порты. Уикипедия анықтамасына жүгінсек, КСРО ыдырағаннан кейін Ақтау теңіз порты Каспий бассейніндегі мемлекеттерді өзара байланыстыратын маңызды көлік кешеніне айналып, тәуелсіз Қазақстанның халық-шаруашылық кешенін дамытуда стратегиялық маңызға ие болды.
1999 жылы Ақтау теңіз порты толық қайта құрастырудан өтті, бұл уақыт порт тарихында шешуші кезеңге айналды.
Бүгінде Ақтау халықаралық теңіз сауда порты – шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай жылына 12 ай және тәулігіне 24 сағат жүк тасымалын қамтамасыз ететін заманауи көп мақсатты терминал.
«Қазіргі уақытта Ақтау теңіз порты – Каспий теңізінің жүк ағындарын жөнелтетін және ауыстырып тиейтін негізгі дәліз. 2003-2005 жылдары порт айлақтарын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл дедвейті 13 мың тоннаны құрайтын танкерлерді қабылдауға мүмкіндік берді. 2015 жылы «Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы шеңберінде 3 құрғақ жүк терминалының құрылысы аяқталды, нәтижесінде порттың өткізу қабілеті шамамен 21 млн тоннаны құрады», дейді бізге берген мәліметінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев.
Каспий теңізі бойындағы тағы бір порт – Баутино Түпқараған шығанағында орналасқан. Ол Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру шеңберінде теңіз операцияларын жүргізу базасы ретінде қызмет етеді. Теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы Кемелер қозғалысын басқару жүйесі пайдалануға берілді. Бұл 20 миль радиустағы кемелердің қозғалысын бақылауға және жылына 5 мың кемені қамтуға мүмкіндік береді.
Тәуелсіз Қазақстанның ең ірі көліктік-инфрақұрылымдық жобасының бірі – Құрық порты. Еуразияның логистикалық картасында маңызды орын алатын экономикалық нысан Каспий теңізінің шығысында, Ақтау айлағының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Порт жыл он екі ай үздіксіз екі бағытта жүк тиеп-түсіруге қауқарлы.
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2015-2018 жылдары қуаты жылына 6 млн тонна Құрық портында паром кешенін салу жобасы іске асырылды. 2016 жылы Құрық портында қуаты 4 млн тонна темір жол паромдық терминалы іске қосылды, оның қызметі 2017 жылы басталды. Жүктердің негізгі номенклатурасын мұнай өнімдері (газойль), халық тұтынатын тауарлар, химикаттар, жабдықтар мен металл өнімдері құрайды. 2018 жылы Құрық порты құрылысының екінші кезеңі аяқталды: дөңгелекті техниканы өңдейтін, қауқары жылына 2 млн автомобильды құрайтын паромдық терминалы салынды. Соның арқасында Қазақстан теңіз порттарының өткізу қабілеттілігі 27 млн тоннаға жетті, – дейді вице-министр.
Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік теңіз кеме тізілімінде 300-ден астам кеме тіркелген, оның ішінде 9-ы – сауда кемесі. Осыдан он жыл бұрын елімізде 80-ақ кеме болған екен.
Бұл ретте отандық флоттың Каспий нарығына кіруі «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз тасымалдаушысы құрылған 1998 жылдан бастау алады. 2013 жылы қазақстандық флот әрқайсысы 5 мың тонна жүк көтере алатын екі құрғақ жүк кемесімен толықты. Осылайша, еліміз экспорт жүктерін өзінің жекеменшік құрғақ жүк кемелерімен тасымалдай бастады. 2017 жылы жүк көтергіштігі 7 мың тонналық тағы екі құрғақ жүк кемесі салынды. «Қазіргі уақытта бұл кемелер Каспийде құрғақ жүктерді тасымалдайды және Ақтау мен Баку порттары арасына контейнерлерді тасымалдауға фидерлік желіге тартылған. Бұған қоса, ашық теңіздерде 115 мың тонналық Aframax типті 2 танкер жұмыс істейтінін де атап өткім келеді», дейді Б.Қамалиев.
Кемелер экипажындағы Қазақстан азаматтары да көбейген. Олардың үлесі он жылда үш есе өсіп, 1300 адамның 73%-ын құраған.
Өзен көлігі де халықаралық көлік тасымалы саласында маңызды орын алады. Солардың ішінде Ертіс өзенінің қазақстандық бөлігі бойында құрылысы 1978 жылы басталған Шүлбі кеме шлюзін атап өтуге болады. Оның құрылысы 2004 жылы пайдалануға берілді.
«2005 жылы Жайық-Каспий каналын қайта құру жобасы аяқталды. 2012 жылы үздіксіз пайдаланылып келген, тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарында басталған, құрал-жабдығы да әбден ескірген Өскемен және Бұқтырма шлюздерін қайта жаңарту жобасы аяқталды. Нәтижесінде, Ертіс, Жайық – Каспий және Іле-Балқаш бассейндеріндегі пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының ұзындығы 3,5 мың шақырымнан 4 мың шақырымға дейін ұлғайды, жүк тасымалдау көлемі 132 мың тоннадан 1,2 млн тоннаға дейін өсті», дейді вице-министр.
Саланың қазіргі ахуалы
Жалпы автомобиль жолы – Еуропа мен Азия елдерімен сауда-экономикалық байланысты нығайтатын, ел экономикасына серпін беретін маңызды сала. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан халықаралық автомобиль тасымалы саласында өзге елдермен 42 үкіметаралық келісім жасаған. Соның нәтижесінде республикада бүгінгі күні халықаралық жүк тасымалын 7,6 мыңға жуық автокөлік паркі бар 370 компания жүргізіп отыр. Ал халықаралық автокөлік қызметтері нарығындағы қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 32%-ды құрайды. Жолаушыларды тасымалдайтын 15,3 мың автобус паркі бар 1 мыңға жуық тасымалдаушы кәсіпорын бар, мұндағы маршурт саны – 2 684.
«Елімізде жергілікті атқарушы органдардың тізіліміне енгізілген 38 автовокзал мен 113 автостанса жұмыс істейді. Бүгінгі күні тұрақты маршурттардағы ескі автобустар 46%-ға қысқартылды. Осыған қалалық автобус паркін жаңарту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, отандық автобустарды жеңілдікті лизинг бағдарламасы шеңберінде 2018-2020 жылдары республикалық бюджеттен 57,2 млрд теңге бөлінді, соның есебінен 8 өңірде 1 618 автобус сатып алынды. Көлік саласында хабарлама беру тәртібі енгізілгенінен жұртшылық хабардар. Бұл ресми такси тасымалдаушылары санын 5 353-ге көбейтті», делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автокөлік саласын дамыту бағытында жолаушылар тасымалының сапасын арттыру, халықаралық автокөлік қызметі нарығындағы отандық тасымалдаушылардың тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік логистикасы жүйесінің тиімділігін арттыруды және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды. Бүгінде 400 мыңнан астам адам жұмыс істейтін елдің көлік саласы экономиканың серпінді дамуының драйверіне айналды. Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда», дейді Б.Қамалиев.
Көлік әрқашан елдің экономикалық және саяси өмірінің маңызды саласы болып қала береді. Ендеше, бұл салада атқарылып жатқан ауқымды істер келешекте елдің игілігіне айналары сөзсіз.