Жүргізушілер мен тұрғындардың арасындағы дауға себепкер болған жолды жөндеу жұмыстары биыл аяқталған. Облыстық бюджеттен 22 шақырым жолға 871 млн теңге бөлініп, екі қабат асфальт төселген. Мердігер – «Сити-құрылыс» корпорациясы» ЖШС егер жүк көліктері жүретін болса, екі жыл пайдалану ішінде ақауларды жөндеуге кепілдік бермейтінін мәлімдепті. Тұрғындардың ауыр жүк көліктерін жүргізбеуіне де осы себеп болған. Яғни ауылдағы жолдың бұзылмағанын, ауыр салмақтан ойылмағанын қалайды. Сөйтіп ауыл әкімдігі жүргізушілерге түсіндіріп, жол қозғалысын шектейтін белгі қойған. Қиыршық тас, құм сынды құрылыс материалдарын өндіретін карьер қожайыны ауыл тұрғындарының талабына амалсыз көнген. Ауылға ортақ, облыстық маңыздағы күре жолға жанашырлықтан осындай қадамдар жасалып отыр. Ал тасы мен құмы алынып жатқан жер қойнауына кімнің жаны ашиды?
Иә, өңірдегі өзендердің бойын жағалай қоныстанған жұрт көктемде құм, тас карьерінің кесірінен жер қыртысы бүлініп, өзендер сарқылып, таудағы бұлақтар тартылғандықтан ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарамсыз күйге түсіп жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Өңірдің Келес, Сайрам, Ақсу, Арыс және Бадам өзендерінің арнасы жыл сайын төмендеп бара жатқаны да айтылды. Осыған байланысты облыста заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күрес күшейтілді. Құрылыс нысандарының шоғырланған аумағы мен пайдалы қазбалар қорларының орналасқан орнын ескере отырып, рұқсат құжаттары негізінен Кентау қаласы және Сайрам, Ордабасы аудандары аумақтарына рәсімделген. Жаздың алғашқы айында заңсыз қызметке тосқауыл қою жолдары талқыланған жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Заңсыз жер қойнауын пайдалану көбейіп кетті. Әсіресе, өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қызметіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жасауға болмайды. Өзен арнасын таба алмай қалдық. Тәртіп орнатпай, тынбаймын», деген-ді сол жиында Ө.Шөкеев. Бұл мәселеге жергілікті мәслихат депутаттары да алаңдаушылық танытып, жуырда қиыршық тас, құм өндірушілердің жұмысын зерделеп, бақылап қайтты.
Түркістан облысы бойынша экология департаментінің хабарлауынша, өңірде жер қойнауын заңсыз қазу тоқтамаған. Осыған орай, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен құрылған мобильді топ тарапынан жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды анықтау, шара көру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар құқық қорғау органдарынан келген іс құжаттары және түскен арыздар негізінде, экологиялық бақылау бөлімінің мамандары шұғыл тексеру амалдарын жүргізіп, аса ірі көлемде залал келтірген заң бұзушылықтың 14 дерегін анықтаған. «Сайрам ауданында ауылшаруашылық мақсатындағы жерді заңсыз пайдалану арқылы 9 тұлға қоршаған ортаға 2 066 556 127 теңге көлемінде, Ордабасы ауданында 3 тұлға облыс әкімдігінің келісімшартынсыз және экологиялық рұқсат құжаттарын алмай жұмыс атқарып, қоршаған ортаға 274 057 934 теңге, Кентау қаласы аумағында жер қойнауын пайдалану кезінде белгіленген нүктелерден асып кетуіне және тағы сол сияқты себептерге байланысты 2 тұлға қоршаған ортаға 280 900 000 теңге көлемінде залал келтірген. Қазіргі таңда қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері 1000 айлық есептен асуына сәйкес, заң шеңберінде іс-құжаттар толықтай құқық қорғау органдарына жолданып, қылмыстық іс қозғау және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», дейді департамент басшысы Уәлихан Қайназаров.
Өңірдегі қазба байлықтарды заңды пайдаланудағы кедергілер, осы саладағы жұмыстар сараланған жиында облыстық мәслихат депутаттары да жағдайға алаңдаушылық танытқан болатын. «Өзен, көл, орман, тарихи орындар аумақтарын көздің қарашығындай сақтау керек. Өкінішке қарай, ақшаға құныққан кейбір кәсіпкерлер жер қойнауын пайдалану ережесін сақтамай, табиғатқа орасан зиян келтіруде. Біз осы заңсыздықтардың алдын алуда тиісті басқармамен, әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», деді нұротандық депутаттар жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өткен партия филиалының депутаттық фракциясы мәжілісінде.
Ал облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысы Қ.Әзімовтің айтуына қарағанда, өңірде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген. Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша, тас-шағал, құм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас өндіріледі. Басқарма заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін болдырмау және алдын алу мақсатында келісімшарт, лицензия аумақтарына зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде, облыс аумағында жалпы келісімшарт міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 18 келісімшарт және 4 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылған. Оның ішінде Ақсу өзені маңында орналасқан 10 жер қойнауын пайдалануға арналған 5 рұқсат құжаты кері қайтарылды, 3 рұқсаттың қолданысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан ұсынылған есептерді саралай отырып, анықталған кемшіліктер бойынша 148 ескертпе хат жолданған. Қазіргі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт, лицензия саны 148-ден 124-ке азайған.
«Сайрам ауданындағы 23 және Кентау қаласындағы 32 жер қойнауын пайдаланушыға 15 күн бұрын алдын ала хабарланып, басқарма қызметкерлері тарапынан бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жер қойнауын пайдаланушылардың қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжаттары толық еместігі және жер учаскесіне меншік құқығы толық рәсімделмегендігі анықталып, «Алиев» ЖК мен «Избасаров» ЖК келісімшарттары уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар Ордабасы ауданында орналасқан «Тұмар-ХХІ» ЖШС және Бәйдібек ауданына қарасты «Қарабастау» ЖШС, «Ғай-Тас 03» ЖШС келісімшарт аумағына бақылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қазба жұмыстары берілген аумақтан тыс шығып кеткендігі белгілі болды. Зерделей келе заңсыз қазба жұмыстары жүргізілгендігі туралы акт толтырылып, мәліметтер полиция және экология департаментіне жолданды», дейді Қ.Әзімов.
Сондай-ақ облыста биыл 9 айда жүргізілген түгендеу кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45,5 мың жер пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасының басшысы Қанат Мылтықбековтің айтуына қарағанда, өңірде 69 жер иесі 17,9 мың гектар жер телімдерін өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарған. Ал 94 жер иесі 18,8 мың гектар жерді қайта игеруге кіріскен. Арыс қаласы мен Жетісай ауданы әкімдіктері тарапынан 8,8 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару іс-шаралары жүргізілуде. Нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер телімдері тексеріліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақтарға құрылыс салынған 874,5 гектар жер анықталды. Осы жер телімдерінің 39 иесіне 364,9 мың теңге айыппұл төлету жөнінде шешім қабылданған. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді заңсыз иеленгендер де тіркелді. Алаңы 139,9 гектар жердің иелеріне 431,5 мың теңге айыппұл салынып отыр. Сондай-ақ өңірде жайылым, егістік аумақтардың шекарасын заңсыз ор қазып қоршаған 216 жер иесі анықталды. Ор қазылып, қоршалған жер телімдерінің көлемі – 57,1 мың гектар. Бұл бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 55 адамға 1 млн 735 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді. Жеріне ор қазып, қауіпті жағдай туындатқан 66 тұрғын қазған жерлерін қайта қалпына келтірді.
Мониторинг жұмыстары нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 803 гектар жерден заңсыз құм, тас өндіргендер анықталған. Экожүйеге зиянын тигізіп, заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша Сайрам ауданы мен Арыс қаласындағы 16 кәсіпкерге 2 683,6 мың теңге айыппұл салынған. Алаңы 201,3 гектар болатын 14 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап-арыздар беріліп, 3-еуі қанағаттандырылды. Келес өзенінің бойында жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан 4 драг-
лайн техникасы анықталып, айыптұраққа жеткізілген. Сонымен бірге Сайрам ауданы аумағында жер заңнамасын бұза отырып шлакблок өндіріп жатқан 23 жер анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. Осындай деректер келтірген басқарма басшысы облыс әкімдігінің аппарат жиынында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген бірнеше аудан, қала әкімі мен жер саласына қатысты орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынды. Ал облыс әкімі өңірдегі өзендер мен қорғалған аймақтарда мониторинг жұмыстары жалғасатынын, жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тосқауыл қойылатынын ескерте отырып, тиісті басшыларға мәселелерді уақтылы шешу жөнінде тапсырма берді.
Түркістан облысы