Аймақтар • 10 Қараша, 2021

Жазушының жәдігерлері

567 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 110 жылдығы аталып өтіліп жатқан жазушы Зейтін Ақышевтың Баянауыл ауылындағы мұражайы қаламгердің атын иеленген мектепте орналасқан.

Жазушының жәдігерлері

Өлкетанушы Ерәділ Түсіп­баевтың айтуынша, мұражайға 2006 жылы жазушының балалары табыстаған киімдері, құжаттары, фотосуреттері және «Біздің шамшырақтар», «Дос­тарым менің», «Жаяу Мұса», «Иман­жүсіп», «Жабай» кітаптары, орыс жазушысы Иван Щеголихиннің «Зейтін Ақышев және оның «Жаяу Мұса» романы» атты зерттеу еңбегі, қаламгердің туған-туыстарымен, достарымен, әріп­тестерімен алмасқан хаттары, әр жылдары түрлі мәдени шараға шақыртулары мен іссапар куәліктері, орден-медальдары, өз қолымен толтырған қойын дәптері қойылған.

– Павлодардағы Бұқар жырау му­зейін­­де жазушының 1989 жылы ра­диоға берген сұхбаты сақталыпты. 40 ми­нуттық бағ­дарламада өмірбаяны, шы­ғар­­машылығы, «Жаяу Мұса», «Иманжүсіп» романдары туралы айтқан. Соны көшіріп әкелсек деген ойымыз бар, – дейді Е.Түсіпбаев.

Мұражай қорындағы құнды жәді­герлердің қатарында 1938 жылы Семей қаласындағы мұғалімдік институттың физика-математика бөлімінің толық курсын бітіргендігі жөнінде Қазақ КСР оқу халық комиссариаты бер­ген аттестат бар. Онда Зейтін Ақы­шевтың мұғалімдік институтта оқы­ған білімінің оқу жос­парын толық орындағаны, 15 пәннен «Өте жақсы» деген баға алғаны, сонымен бірге педа­гогикалық іс-тәжірибені де ойдағыдай тапсырғаны көр­сетілген. Жазушының негізгі ма­ман­дығы – математик. Оқуын үздік аяқтағаннан кейін 1939 жы­лы Баянауыл қазақ орта мектебінің (қазіргі Ш.Айманов атын­дағы мектеп-интернат) ал­ғашқы директоры болғанын білеміз. Бұдан кейін Павлодар, Талдықорған облыстық білім бөлімдеріне қызметке ауысқан.

Мұражай қорын толықтырған жәді­герлер қатарында 1977 жы­лы бұрынғы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының сту­денті Ардақ Ажимованың «Зей­тін Ақышевтың творчествосы» тақыры­бындағы дипломдық жұмысы және академик Рымғали Нұрғалиевтің аталған жұмысқа берген пікірі бар. Дипломдық жұмыста Зейтін Ақышевтың өмірбаяны, драмалық шығармалары, романдары, әңгімелері мен аудармалары туралы өте мол мәлімет берілген.

Көпшілік жазушының «Жаяу Мұса» романынан хабардар. Бірақ осы аттас пьеса барын біле бермейді. Дипломдық жұ­мыс­та аталған туынды туралы мол мағлұмат берілген. Дра­ма­лық шығармада ақын өмірі­нің бір кезеңі – есейген шақ­тағы Мұстафамен тартысы ғана көрініс тапқан. Пьеса 1965 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда алғаш рет қойылыпты. Режиссері – Есмұқан Обаев. Жаяу Мұса рөлін актер Сәбит Оразбаев сомдапты.

1967 жылы мамыр айында Зейтін Ақышевтың өзі «Жаяу Мұса» драмалық шығармасының бір данасын «Асыл аға музейінің бір бұрышында тұрсын деп жі­бердім» деген қолтаңбамен Бая­­­­н­-
­­­ауылға жолдапты. Талай жыл академик Қаныш Сәтбаевтың ме­мориалдық мұражайында сақ­тал­ғ­ан құнды жәдігер жазушы есімін иеленген қарашаңыраққа берілді.

Жазушы марапаттардан да кенде болмаған. Оның саусақ іздері, қолының табы қалған өте бағалы заттардың ішінде  мадақтама грамоталары бар. Сонымен бірге жазушының төс қалтасында жүр­ген түрлі ұйымның мүшелік билет­тері де мұражай қорына қосылған. Мә­се­лен, мұражайда қаламгердің КСРО Жазушылар одағының мүшелік билеті сақталған.

Мұражай үшін ең құнды жәдігер­лердің бірі – жазушының өз қолымен жазған дүниелері. Мұндай жәдігерлер өте көп. Қаламгердің өмірімен жақын танысу үшін мектеп ішіндегі мұражайға міндетті түрде келу керек. Келешекте мұражайды кеңейту, жәдігерлерді толықтыру көзделіп отыр. Демек бола­шақта мұражай Баянауылдағы көрнекті орындардың біріне айналары анық.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

журналист

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы