Тарих • 10 Қараша, 2021

Халқына қорған болған Құрман баба

1464 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егемендік алып, еңсе тіктегелі ел есінде қашалған қадірлі есімдер қайта жаңғыра бастады. Батырлар мен билер, жыраулар мен шешендер ұлттық қасиет-қалыбымыздың айнасы ретінде әйгіленіп, ұрпаққа жол көрсетер бағдаршамға айналды. Өйткені тасын түртсе, тарих сөйлейтін тарлан далада ел арманымен егіз тағылымды тұлғалар аз болмаған. Солардың бірегейі – Құрман Әлмерекұлы.

Халқына қорған болған Құрман баба

Тарихи тұлға Құрман Әлмерекұлы (1688-1736) – жоң­ғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің азаттығы мен тә­уелсіздігі үшін күресте ба­тылдығы мен батырлығы және көсемдігімен қол бас­тап, жұртын бостандық үшін айқасқа жұмылдырған және қан майдандарда сан мәр­те ерлігімен көзге түскен тағы­лымды тұлға. Кескілескен шай­қастардың бірінде қолға түсіп, жау қолынан қапыда қа­за тапқан ержүрек батырдың ұр­пақтары бүгінде ұялы терек, рулы елге айналып отыр. Құр­ман Әлмерекұлының жер­ленген жері Алматы қала­сы­ның маңындағы қазіргі «Ша­ңырақ-2» шағын ауда­ны­ның аумағында, Балдырған кө­­шесі мен Қ.Тұрысов кө­ше­лерінің қиылысында. Та­рих­шы-архео­логтердің анық­тауынша, бұл қорған бұ­рын Үйсін дә­уіріне тән бол­ғандықтан, «Үй­сін­төбе» атанған. Кейін Құр­ман жерленгеннен кейін келімді-кетімді ұрпақтар бұл төбені «Құрмантөбе» атап кеткен. Ел жадынан есімі өшпей бір рулы елдің атын иеленген Құрман ұрпақтары кешегі Кеңес заманында Алматыға келген сайын ел көзін ала бере арнайы барып құран оқып тұрған. Соңғы 25-30 жылдан бері зиялы қауым да тұлға тағдырына көңіл бөліп, арнайы тарихи-мәдени қоғамдық қор құрды. Ғылыми негізде зерттеулер, зерделеу мен насихаттау, жариялау жұ­мыстарының нәтижесінде Құр­ман бабаның сүйегі жатқан жерге кесене тұрғызылды.

Биыл Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай Алматы қала­сы Алатау ауданының әкімдігі бұл тарихи орынға ерекше кө­ңіл бө­ліп, кесене айналасын абат­тан­дырып, халыққа пайдалы ру­хани орын ретінде жаңғырт­қа­нын айрықша атай кеткен жөн.

Заманға лайық қайта түр­ленген тарихи-мәдени орын­ның салтанатты ашылу рә­сіміне мемлекет және қоғам қай­раткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер майталмандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Кесененің ашылу сал­танатында Құрман баба ру­хына құран бағышталып, батырдың ерлігіне қатысты аңыз-әңгімелер айтылып, тарихи деректер жұртшылық назарына ұсынылды.

– Көп жылдан бері қа­рау­сыз қалған қасиетті орынды биыл Алатау ауданының әкімдігі назарға алып, ерекше көңіл бөліп отыр. Өткеннен өнеге алмай, бабалар рухына тағзым етіп, салауат айтпай, кемел келешекке керуен тарта алмасымыз анық. Тұ­тас ел көлемінде қанат қақ­қан «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының өзегі осында жатыр деп есептеймін. Уа­қыт желі адам баласын түбі бір ығыстырмай қоймайды. Бо­ла­шақ ұрпақ тәуелсіздік қа­дірін білу үшін, азаттықтың сал­мағын сезіну үшін осындай тарихи тұлғалардың өмір-өрне­гінен ғибрат алып, оларды еске алып жүруге тиіс. Құрман Әлмерекұлы кесенесі орналасқан алаңқай жастардың жиі бас қосатын рухани демалыс орнына айналады деп сенемін. Бұл – біріншіден Үйсінтөбе, екіншіден Құрман Әлмерекұлының жатқан жері. 1937 жылы репрессия кезінде мұнда саяси қуғын-сүргін құр­­­бан­дары атылған деген де дерек бар. Осындай үш қа­сиет­ті басына көтерген бұл кие­лі орынды қастер тұтып сақ­тауы­мыз керек, – дейді «Құр­ман Баба» тарихи-мәдени қоры­ның жетекшісі Сайлаубай Ағыбаев.

Белгілі археолог Карл Бай­пақов Алматы қаласының ар­хеологиялық мәдени мұра­лары еңбегінде Үйсінтөбе туралы «...Тұтастай алғанда, зерттелген қорған ортақ белгілерінің сипаттамалары бойынша б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. кезеңіне жатады және Үйсін дәуіріне қатысты» деп көрсетеді. Аталған зерттеудің тағы бір тұсында бұл жерге жоңғар шапқыншылығы ке­зінде елі мен жерінің азат­тығы үшін айқаста Құрман Әл­ме­рекұлы мен оның серік­тері жер­ленгендігі айтыла келе, 

«...ор­талық бөлігіндегі ұзын­дығы 3,5 м, ені 3 м, тереңдігі 1,5 м қа­зылған қабірде мәйіт жер­­ленген...» деп жазады. Ға­лым­дардың зерттеуінен кейін ар­найы конференциялар ұйым­дас­­тырылып, бұл төбенің қа­сиеті мен тарихи маңызы кеңі­нен насихаттала бастаса керек.

– Ертеректе ел ақсақалдары осы төбеге арнайы келетін. Са­парға аттанатындар баба басына тәу етіп, қасындағы қос бұлақтың суын емге дәру ретінде ішетін болған. Кейін­нен Құрман төбенің айналасына ел қоныстанып, үй салатын кірпіш керек болғанда әл­декімдер осы төбенің са­ры то­пырағынан қазып алып, кір­піш құйып, сатумен ай­налыса бастаған. 1997 жылдары бұл олқылықтар тоқ­татылып, батыр бабамызға сол маңда қоныстанған ел аза­­маттары белгі орнатып, ай­наласын қоршады. Ал 2008 жылы «Құрман баба» та­рихи-мәдени қоғамдық қо­ры құрылып, өлкетанушы-заң­гер Сайлау Толықбайұлы бас­қаратын бұл қор тарихты ғылыми негізде тануға, та­нытуға және насихаттауға қа­тыс­ты көп жұмыс атқарды. Ғы­лыми экспедициялар

ұй­ым­­дас­тырылып, ғылыми тәжі­рибелік басқосулар өтті. Ба­сылым беттерінде мазмұнды материалдар жарияланды. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесінде бұл төбе енді тұтас елдің игілігіне айналмақ. Әдетте кесенеге құран бағыш­тау үшін ғана келетін жұрт енді киелі жерге тәу етіп қана қоймай, рухынан нәр алып қайтуға, мәдени-тарихи мәні бар шаралар өткізуге де келе алады, – дейді «Құрман баба» тарихи-мәдени қоғамдық қоры жанындағы ғылыми зерт­теу тобының жетекшісі, жур­налист-ғалым Сағатбек Медеу­бекұлы.

Заман ағымына сай түр­ленген кесененің ашылуына келгендер заңғар тұлғаның сүйегі жатқан «Шаңырақ-2» шағын ауданын «Құрман ауыл­ы» деп атау туралы мәсе­ле көтерді. Тарихшылар мен зия­лы қауым өкілдері де елді ме­кенді осы өлкені жан аямай қорғаған жанның есімімен атау­ды бірауыздан қолдап отыр. Өнегесі елге мұра, ұрпақ­қа ұран болған тұлғалар ұлт тарихымен бірге жасай бермек. Ел тәуелсіздігінің бедерлі белесінде осындай игі бастама қолдау тауып жатса, құба-құп.

 

АЛМАТЫ