Тәуелсіздік • 11 Қараша, 2021

Қас-қағым сәттің хас шебері

371 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алпыс жылға жуық қоғам тынысын дөп басып, оқырман қауымға суреттері арқылы ой сала білген фототілші Нұрманбет Қизатұлының есімі шығармашыл ортаға етене таныс.

Қас-қағым сәттің хас шебері

Күні бүгінге дейін фотоқаруын қолы­нан бір сәтке тастамайтын фототіл­шінің нысанына іліккен мыңнан астам сурет республикалық газет-журналдарда жарияланып, өзекті тақырыптарымен назар аударып келеді. Қазақстан журналистикасы мен фотоөнерінің қайраткері Нұрманбет Қизатұлы осы жылдар ішінде жеке мұрағатында жинақталған құн­ды дүниелерінің бір парасын Тә­уелсіздіктің 30 жылдығына тарту ре­тінде «Жан шуақ» фотоальбомына топ­­тастырып, Ұлттық кітапханада та­ныс­тырылымын өткізді. Бұл жинақ Абай атын­дағы ҚазҰПУ «Ұлағат» бас­­па­сының қолдауымен жарық көріп отыр.

Дала данышпандары, егістік алқа­бы, адамдардың жарқын істері мен көркем келбеті, табиғат ғажайыптары фото­тілшінің нысанында ерекше образда айшықталып, тұлғалардың тағы­лымды істері, бесіктегі бөбектің күлкісі, қырағы күзеттегі сарбаздар тақырыбы автор фотошежіресінің тарихын тарқата түседі.

Жауынгер ақын, жыршы, күйші Сүйінбай би туып-өскен өлкеден нәр алып, өлең сөздің дүлдүлі, жыршы жырау, бүгінде мұрасы түркі әлеміне тағылымды Жамбыл бабамыздың батасын алған фотоөнер шебері Нұрманбет Қизатұлының өзіне ғана тән рухани болмысы, айналасына адалдығы мен қамқорлығы жылдар өткен сайын кәсіпқойлық деңгейін шыңдап қана қоймай, заманауи қоғамның тынысын дөп тануға ықпал етіп келеді. Нұр­манбет Қизатұлының есімі ұлттық фото­өнердің дамуына зор үлес қосқан Рысқали Дүйсенғалиев, Бекмұханбет Тілекметов, Қуандық Боқаев, Нұрғожа Жұбанов, Жүсіпбек Пайызов, Петр Редько, Қай­рат Мұстафин, Сиез Бәсібеков, Сай­лау Пернебаев, Дендер­бай Егізов, Алашыбай Есмағамбетов, Берсін­бек Сәрсенов, Рахымбай Ханалы, Әскер Иса­қов, Зейнел Үйсінбаев сынды май­тал­ман­дардың қатарын толықтырып тұр.

Бүгінде 80 жастың сеңгіріне шық­қан маманның кәсіпқойлығына қатыс­ты жүрекжарды пікірлер осылайша тарқатылып, ел тарихынан сыр шер­тетін мұрасының маңыздылығы туралы ойлар ортада тоғысты. Жиынды Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл қорының директоры Манарбек Ізбасар жүргізіп, әріптестері өткен күндерден естеліктер арнады.

Ақын-драматург, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Нұрлан Оразалин жарты ғасырдан астам таныстық жылдарды еске ала отырып, «Өмірдің өзіндей бояуы қанық, айтары анық әрі шыншыл, әрі көркем фототуындыларыңыз екі ғасыр тоғысындағы қазақ өмірі мен бүгінгі қоғамның ақиқатын бедерлейтін рухани қазынамызға айналып отыр. Сіздің замана тынысын танытар ауыл, қала тіршілігі мен салқар сахараның алуан сұлу көріністерін қаз-қалпында елес­тетер сырлы, нұрлы суреттеріңізді толқымай көру мүмкін емес. Сүйінбай мен Жамбылдай тұлғалар жаралған то­пырақ сіздің бойыңызда кішілік пен кісі­ліктің ғажайып үлгісін тарту еткен. Мен сізді танығалы жарты ғасырдан асып барады. Ел мен жер өзгерді, адам өзгерді. Қоғам өзгерді. Бірақ сіз өзгер­ген жоқсыз. Тура сөз, табанды мінезбен тура тартып келесіз», деген жолдармен өрілген құттықтауын жолдапты.

Еңбек жолын Алматы облысы, Жам­был аудандық «Екпінді еңбек» газе­тінде фототілші болып бастаған Нұр­манбет Қизатұлы Алматы облыс­тық «Жетісу», республикалық «Заң газеті» басылымдарында еңбек етті. Қоғам­ның тыныс-тіршілігін туынды­ларына арқау ете жүріп, маңызды оқиғалардан сыр шертетін фоторепортаждары, фото­очерк­тері, портреттік туындылары рес­публикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінен орын алды.

Кәсібилігімен, газет талабын мүл­тіксіз орындайтын іскерлігі хақында еліміздің Мәдениет қайраткері, публицист Марат Тоқашбаев «Нұрекеңнің фотоаппараты оқтаулы мылтық тәрізді кез келген сәтте түсіруге дайын тұрады. Суреттің композициялық шешіміне айрықша мән беретін маман» деп атап өтсе, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайым «Фотоөнер» қоғамдық бір­лестігіндегі бірлескен жобалар, еліміз өңірлеріне жасалған экспедиция­лар, шеберлік сағаттары туралы айтып өтті. Бүгінде оқу-әдістемелік базасы жұтаң салада Нұрманбет Қизатұлы сынды ма­мандардың тәжірибесі жастарға тағылымды білім беруде аса маңызды. Педагогика ғылымдарының докторы Берікжан Әлмұхамбетов фототілші Нұрманбет Қизатұлының ойлары анық, ойы қанық суреттеріне тәнтімін дей келіп, сайыпқыран техниканың тілін тауып, суреттерге жан бере білетін сөзі мәнді, жақсы қасиетке ие ізгі істеріне ерекше назар аударды. Ал суретшінің іскерлігі хақында Алматы облысы, Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын ой қозғап, осы жылдарда жинаған мол мұрасының жастарға рухани азық болатынын жеткізді.

Жаны жайсаң, әзілге бейім, өз ісіне мығым маманның тәжірибесі туралы тебіреністі ойларды әрі қарай Келес­хан Темірбекұлы, Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Айтб­аев, Толымбек Әлім­бекұлы, Болат Ша­рахымбай, Ер­мек Абақов, Өмірбек Ноғайбаев, Алмас Қабдікәрімов, Талғат Сүйінбай сынды жазушы, журналис­тер, қоғам қайрат­керлері тарқатты. Сонымен бірге осы фотоальбомда Премьер-Минис­трдің жеке фотографы Шүкір Шахай фотоөнер майталмандары қа­тарында Қизатов мектебінің ерекше­ліктері туралы айта келіп, ұлттық фотожурналистиканың даму жылдарымен байланыстыра отырып ой түйеді.

«Жан шуақ» фотоальбомында жай ғана суреттер емес, жаныма шуақ бе­ретін суреттер топтастырылып отыр», дейді Нұрманбет Қизатұлы. Ең алғашқы суреттері «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланған кездерді еске ала отырып, «Қыз баланы, ананы, әжелерімізді ардақтап өскен халықпыз. Сондықтан да әйел образы менің шығармашылығымның бір парасына айналды. Фототілші үшін суретке түсіру сәті бірнеше мамандықтың жиын­тығын талап етеді. Шығарма көркем болуы үшін фототілші режиссер, оператор, драматург, зерттеуші, сыншы бола білуі керек. Жаныңды салып, толғану – бас­ты талап. Сонда ғана нәтижелі, жанды сурет шығады. Кездескен дүниені көшіре беру – көркемдік емес», деген пікірімен бөлісті. Әрі қарай сурет тақырыбының қатаң іріктеуден, сұ­рыптаудан өтуі, газет-журналдарда су­ретті айдарлардың өткірлігі туралы ойларын ортаға салған Нұрманбет Қизатұлының тарихқа тұнған фотогалереясы, жеке архиві ел тарихынан сыр шертіп қана қоймай, ертеңгі күнге ой салар ауқымды тақырыптармен толыға беретіні анық.

 

АЛМАТЫ