Аймақтар • 11 Қараша, 2021

Балық шаруашылығындағы бәсекелестік

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балық шаруашылығы – ел экономикасының табыс көзі. Бұл сала қазір ха­лық­ты жұмыспен қамту, эко­номиканың экспорттық әлеуетін арттыру және био­логиялық әртүрлілікті көбей­ту жағынан да маңыз­ды болып тұр.

Балық шаруашылығындағы бәсекелестік

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті балық ресурстарын тұ­рақты пайдалану үшін оларды сақтау мен өсімін молайтуға басымдық беріп келеді. «Бұл ретте маңызды міндеттердің бірі – табиғи өсімді молайту үшін жағдайлар жасау жөніндегі іс-шараларды іске асыру, сондай-ақ қолдан өсіру арқылы балық ресурстарын ұлғайту» делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Бұл жұмыстарды Атырау облысындағы екі бекіре балық өсіру зауыты, Қызылорда және Сол­түстік Қазақстан облыс­та­рында орналасқан Қа­мыс­ты­бас және Петропавл балық тәлімбағы қолға алған. «Олар өсірген құнды балық түр­лері жыл сайын балық шаруа­шылығы су айдындарына жіберіледі. Айталық, 2021 жылы құнды балық түрлері: бекіре, ақсаха, тұқы және өсімдікжемді балы­ғы­ның 68 млн дана шабағы қол­дан өсіріліп, табиғи меке­ніне жіберілді. Сонымен қатар, су айдындарындағы балықты кө­бейту үшін көптеген кәсіп­орын­дарға мемлекеттік тапсырыс­тар беріледі. Бұл мекемелер ара­сындағы бәсекелестікті туғы­зады және балықты көбей­туге мүмкіндік береді» дейді минис­трлік мамандары.

Биыл Арал-Сырдария, Бал­қаш-Алакөл, Есіл, Жайық-Кас­пий және Нұра-Сарысу бас­сейндерінің су қоймаларына 6,3 млн дана құнды балық түрлерінің шабақтары, оның ішінде бір млн бекіре тұқымдас шабақ жіберілген екен.

Жалпы, биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бағалы балық түрлерінің 74,3 млн дана шабақтары өсірілген.

Бұған қоса, балық аулау субъектілері жыл сайын су айдындарын шамамен 200 млн дана сирек кездесетін балық түрлерімен толыққан.