Дүбірлі додада Қазақстанның намысын үш спортшы қорғайды. Олар – Кирилл Герасименко, Анастасия Лаврова және Зәуреш Ақашева. Бұл спортшылардың барлығы да сан мәрте ел біріншілігінде топ жарып, көптеген халықаралық жарысқа қатысқан. Мәселен, әлемдік рейтингте 46-орында тұрған 24 жастағы Герасименко 2016 жылы Рио-де-Жанейро және 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында және бірнеше әлем чемпионатында өнер көрсетті. ITTF тізімінде 167-сатыға жайғасқан 26 жастағы Лаврова да Күншығыс елінде өткен ғаламдық додада бақ сынаған еді. Сол секілді үздіктер рейтингінде 170-орынды еншілеп отырған Ақашеваның да қазіргі қарқыны жаман емес.
Хьюстондағы чемпионатта ерлер мен әйелдердің әрқайсынан 128 спортшыдан бақ сынайды. Одан бөлек, 64 жұптың өнерін тамашалаймыз. Бұл жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Яғни жеңгені бірден келесі кезеңге шығады, ал жеңілгені сол мезетте көрермендер қатарына қосылады.