Қоғам • 11 Қараша, 2021

Ауыз сумен ең аз қамтылған өңірлер анықталды

575 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев өңірлер бойынша ауыл халқын ауызсумен қамтудың ең төменгі деңгейі байқалғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыз сумен ең аз қамтылған өңірлер анықталды

«2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1%-ды құрады, оның ішінде: ауылдарда - 90,1%, қалаларда - 97,5%. Осы жылдың жоспарлы көрсеткіштері ауылдарда – 91,8%, қалаларда - 98%», деді Қайырбек Өскенбаев Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, еліміздің жекелеген өңірлерінде артта қалушылық байқалады.

«Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай облысында - 64,7%, Шығыс Қазақстан облысында - 81,4%, Солтүстік Қазақстан облысында - 82,1% және Жамбыл облысында - 82,2% байқалады», деп хабарлады Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, еліміздің түрлі өңірлерінің тұрғындары таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қолжетімділіктің әртүрлі деңгейіне ие.

«Осы теңсіздікті жою бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Осыған байланысты, қамтамасыз етілу көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді, Бұл артта қалған өңірлер көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», вице-министр.

Спикердің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасына енгізілген ауылдарға және өңірлерді дамытудың кешенді жоспарларына енгізілген жобаларға басымдық беріледі. Ел бойынша барлығы 6 316 ауыл, оның ішінде 3 991 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қамтамасыз етілмеген 1 922 ауылдың 793-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысын жалғастыру жоспарлануда, ал 1 129 ауылда суды тазартудың жергілікті жүйесі орнатылады.

«Биыл тағы 148 ауылды орталық сумен қамтамасыз ету және халқы аз 220 ауылға КБМ орнату жоспарлануда», деп атап өтті ҚР ИИДМ бірінші вице-министрі.