Аймақтар • 11 Қараша, 2021

10 кітап оқыған әйелді түрмеден босатты

716 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында бес жылға сотталған келіншек он кітап оқып шыққаны үшін жаза уақытын үш жылға қысқартып, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

10 кітап оқыған әйелді түрмеден босатты

Ресми мәліметке сәйкес, биыл қаңтар айында Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті ерекше бастаманы қолға алды. «Шексіз кітап оқу« жобасы аясында кітап оқыған сотталғандар жеңілдікке ие болады. Нақты талап та бар. Кітапты оқып шыққаннан кейін мазмұнын айтып беру керек, я болмаса, эссе жазу қажет. Емтиханды сәтті тапсырған жағдайда арнайы комиссия түрмеге қамалған адамды ынтыландыруға шешім шығарады.

Осы жобаға АК-159/9 мекемесінде жазасын өтеп жүрген Лидия есімді келіншек те қатысты. Ол кітап оқыған адамға жеңілдік беріледі дегенді естіген бойда қатысуға ниет білдірді.

«Ол алдымен бірнеше көркем әдебиетті оқып шықты да, мазмұнын айтып берді. Сол үшін марапат алды. Одан кейін тағы бірнеше кітапты оқып шыққан. Оған да ынталандыру берілді. Сөйтіп, 10 кітапты оқып шыққаны үшін екі мәрте көзге түсті. Осылайша, Лидияны мерзімінен бұрын босатуға шешім қабылданды», дейді АК-159/9 мекемесі бастығының орынбасары Нәзира Қадырова.

Лидия салық төлеуден жалтарғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылып, Қарағанды облысының әйелдер колониясында екі жыл отырып шықты. Ол «Шексіз кітап оқу» жобасына қатысып, жаза мерзімін үш жылға қысқартты.

Қазіргі кезде осы жобаға 50 адам қатысып жатыр.