Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
«Ей, тірілер!
Өмір жоқ өлім барда.
Тілегім сол:соқпасын жолың жарға,
Қу тірліктің бағасын білгің келсе,
Көз қырыңды салып қой қорымдарға»,
деген жыр жолдарынан терең мұң байқалады. Айтары анық шымыр шумақтардың иесі өлімді осылайша жырлады. Ал біз неге ақынды осылай жыр жазуға мәжбүр еттік? Сауал бар, жауап жоқ. Қазір оның өлеңдері, «Аузынан Айдың түскен қыз» «Сезімді қайтем тулаған» секілді әнге жазған мәтіндері жүректің түкпірінен ойып тұрып орын алған. Өзімен емес, шығармасымен ғана сырласа аламыз…
Қазақ поэзиясы хас таланттарға ешқашан кенде болған емес. Алаштың айтулы ақындарының бірі – Бауыржан Үсенов ше?! Амал нешік, орда бұзатын жастан енді асқанда ол да бақиға аттанып кете барды.
«Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкейімде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем», деп жырлаған Бауыржан, Бейімбет, Ілияс, Сәкендердің рухын жадынан шығармай, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қысымына қарамастан айтарын айтты. Қамықпады.
«Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген
Бүйрегім түбі мені жеп тынады»,
деп толғанған Бауыржан Үсенов бүгінде ортамызда жарқырап жүргенде әлі талай ғаламат шығармаларымен тамсандырар ма еді. Амал нешік?!
Ол бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешті. Артығали қазақ поэзиясының көгінде жанған жұлдыз болатыны сөзсіз еді. Аққан жұлдызға айналды.
«Өмірдің өзі жетпейді,
Олжаға оңай құныққан.
Қызуымен күннің көктейді,
Дүние біздің иықта.
Қамықпа, досым, қамықпа,
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды».
Артығалидың жұмбақ өлімі – қазақ поэзиясы үшін орны толмас өкініш, трагедия. «Адамдар сияр табытқа, ақындар бірақ сыймайды», деп жырлаған ақын жалғанға сыймай, арамыздан алыстап кеткелі қашан?!
Жиырма төрт жасында өмірмен қош айтысқан тағы бір таланттың бірі – Өрнек Құлекеев. Өрнек мінезді ақын болатын. Қызына арнап: «Мерейім – ең соңғы өлеңім» деп жырлаған Өрнек анасының қазасынан кейін көп ұзамай өзі де кетті. Жазмыштың жазуы оны да морт сындырды. Кейіннен оның өлеңдерін жинақтаған ақын Маралтай Райымбекұлы «Мерей» атты жинағын жарыққа шығарды. Мерей – ақынның қызы.
Ақын Салтанат Абашова бар болғаны 19 жыл өмір сүрді. Салтанат бақилық болған кезде оның қалтасынан он шақты жыры табылыпты. Соның бірі «Кеткім келіп тұрады» атты өлеңін оқысаңыз, бойыңыз түршігеді.
«Аңқалаумен жете алмай арманыма,
Ілінем бе қасірет қармағына.
Кеткім келіп тұрады, өкпем кеуіп,
Өмір деген өзеннің ар жағына…
Тоңдырғасын тірліктің мұзы, қары,
Қалмағандай мен үшін қызығары.
Жапырағын жанымның жасын ұрып,
Табанымнан төбеме сыз ұрады.
Тарылғасын кеудемнің тынысы анық,
Көрінеді аймақтың қыры шаңыт.
Күннен-күнге қисайып бара жатыр,
Арман атты ақ бұлақ бұрыс ағып.
Шырмағалы кеудемді күдік табы,
Қаша-а-а-а-н жаным үмітті ұмытқалы.
Аспан ашық, күн жарық бірақ, бірақ,
Суық бәрі сүйкімсіз, суық бәрі.
Жүрегімді қариды мұңым тастай,
Кештеу келген сен,
шаттық шұғыл қашқай.
Балауса едім, балғын ем кетер ме екем,
Он екіде әлі бір гүлімді ашпай.
Көкірегім көк тұман, бұл іс анық,
Көкірегімнің құлазып арғымағы,
Өзегімді өкініш жандырады.
Қара түнек – қара өлім, құшағыңды аш,
Тұңғиығыңа кеп тұрмын қарғығалы», деп жырлаған Салтанаттың өлімі біз үшін жұмбақ.
Салтанат 19 жасында артында санаулы өлең қалдырғанымен, саналы ақын екенін айқындап кетті.
Біз бір өлкеде туған, өмірден тым ерте қайтқан ақындардың бір ғана шоғыры жайлы сөз қозғадық. Расында тағдыры трагедияға толы ақындар аз емес. Бәлкім бір тылсым оларға да ажал қақпаны жақындағанын сездірген шығар. Әйтпесе сөздің кие екенін білетін таланттар өлімге асыққандай өлең жазбас еді-ау...