Медицина • 12 Қараша, 2021

Телемедицина: Артықшылығы мен кемшілігі

1012 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаһандық індет кезінде қашықтан дәрігерлік кеңес берудің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай болды? Әлемдік медицинаны абдыратқан коронавирус денсаулықты сақтауға қатысты көзқарастар мен ұстанымдарды өзгертіп жатқанымен санаспауға болмайды. Бұл мәселеде сарапшылар да қарап жатқан емес, талдаулар мен зерттеулер легінде кемшін жоқ.

Телемедицина: Артықшылығы мен кемшілігі

Мәселен, Еурокомиссия бас­шы­­лығының желілер мен тех­ноло­гиялар жөнінде жүргізген зерттеулеріне сәйкес Еуроодақ халқының 46%-ға жуығы қажетті ақпараттарды іздеуде, сондай-ақ денсаулығына қатысты сұрақ­тар­ға жауап алуға дәрігерге бар­ғанға дейін де және одан ке­йін де ғаламторға сүйенеді. Рамблер пайдаланушылардың 37%-ы ға­лам­торда дәрігер тағайын­да­­ған ем-домдарды үнемі тек­се­ре­тінін, сонымен қатар пайда­ла­ну­шы­лар­дың 33%-ы егер дәрі­гер­дің ұсынымдары күмән тудырса оны тексеретінін жазады.

«Бүгінде пациенттер сауатты және ізденімпаз, себебі кез келген медициналық ақпаратқа қол­жетімділіктің жылдамдығы бірнеше есеге өсті. Пациент-дәрі­гер­дің қашықтан консультация беру (телемедицина) уақыты келді», дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеулер институты консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі, жоғары санатты дәрі­гер Қуат Абзалиев.

Қашықтан өзара әрекет ету 3 санатқа бөлінеді: дәрігерге бар­ған­ға дейін, дәрігерге бар­ған­нан кейін және дәрігерге барудың орнына. Дәрігерге барғанға дейін – бұл өз денсаулығы тура­лы ақ­па­рат іздеу, таныс дәрі­гер­лер­ден консультация алу, ғалам­тор­да «үздік дәрігер» іздеу, оған жазылу. Дәрігерге барғаннан кейін: дәрігердің қойған диаг­нозы мен тағайындамалары тура­лы ақпаратты тексеру, өз ден­­­сау­лығы туралы «жеке» ақпа­рат­­­ты алу, емдеуші дәрігерден қа­­шықтан кеңес алу, па­циент­ті қа­шықтан бақылау және емдеуді ба­қылау, «екінші сарап­тама қо­ры­тындысын» алу. Дәрігерге ба­рудың орнына – бұл дәрігерге қа­шық­тан бару, яғни телемедицина арқылы дәрігерге виртуалдық бару. Қалғаны – па­циент­­тің ден­сау­лық сақтау жү­йе­сімен қа­шықтан өзара әрекет­тес­уі.

Қашықтан консультация бе­ру­дің қандай артықшылығы бар дегенге келсек, жеңілдігі жет­кі­лікті. Әр науқас асықпай, ден­сау­­лығындағы кінәраттарына бай­ланысты барлық қажетті ме­­­дициналық құжаттамаларды жи­­нап, өзін қанағаттандыратын жан-жақты жауап алу үшін оны элек­тронды пошта немесе ұялы бай­ланыс арқылы қалаған маманына жібере алады.

Көпміндеттілік. Пациенттің өзінің құжаттары мен сұрақтарын бір мезгілде бірнеше дәрігерге жіберіп және өз денсаулығы туралы жалпы пікірді біліп, бір шешімге тоқтауға мүмкіндігі көп. Коморбидтік күйде болуына байланысты құжаттарды түр­лі мамандарға жіберіп, таңдау жа­сауға мүмкіндігі бар.

Ұтқырлық пен қолжетімділік. Үйде немесе кез келген басқа жер­де бола тұра, пациент маман­ның алдын ала немесе қоры­тын­ды консультациясын алу үшін құжаттарды жібере алады.

Қашықтан дәрігерге жүгіну ұтымды. Тек қана консуль­та­­­ция­ның құнын төлей отырып, пациент уақытын кезекте тұруға, жолға жұмсамайды, жол­­ға шы­ғын­­данбайды. Басқа өңір­­ден келетін болса пәтер немесе қонақүй жалдауды қажет етпейді. Оның үстіне пандемияға байланыс­ты қауіпсіз де. Тіркеу орнында, зерттеуге кезекте тұр­ған­да, дәрігердің кабинетінде бас­қа науқастармен байланыс болмайды. Коронавирусты немесе басқа инфекцияны жұқтыру қаупі төмендейді. Кез келген дәрігер үшін қабылдау уақыты қысқарады. Дәрігер үшін пациент жіберген медициналық ақ­паратқа талдау жасауға мүм­кіндік туады. Себебі кез келген талдауда медициналық құ­жат­тар шешуші орын алады. Бір­ың­ғай медициналық ақпа­рат­тық жүйе мен цифрландыру емханалардағы дәрігерге кезекке тұ­ру­дың мәселелері мен басқа да көптеген мәселені жылдам шешу­ге мүмкіндік береді.

«Дегенмен қашықтықтан консультация берудің белгілі бір кем­­шіліктері де жоқ емес. Бұл – па­циенттің дәрігермен бетпе-бет сөйлесе алмауы. Психологиялық профилактика, эмоционалдық тұрғыда жұбату, жүзбе-жүз демеу жағы жетісі бермейді. Оның үс­тіне, өзі қабылдап, тексерген кезде пациенттің бойындағы күмән мен қорқынышты алып тастайды (оның қан қысымы өлшенеді, өкпесі тыңдалады және т.б.). Оған ағзасында осындай симптомдар немесе өзге­ріс­тер­дің қайдан пайда бол­ғаны түсіндіріледі. Сонымен қатар медицина мамандары, әсіресе жас мамандар үшін пациенттермен бетпе-бет қарым-қатынас жасамау кәсіби жағынан өсуіне мүмкіндік бермейді немесе оның кәсіби өсуі төмендейді», дейді Қуат Баяндыұлы.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар