Коронавирус • 12 Қараша, 2021

Pfizer жыры

3212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Күміс кездік сүйкімді» дегендей, көптен бері қоғамда қызу пікірталасқа негіз болған Pfizer вакцинасының алғашқы легі елімізге жеткізілді. Pfizer вакцинасының 46 800 дозасы Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған қоймасына орналастырылды. Бұл партия алып шаһардың барлық емханалық ұйымына бөлінбек.

Pfizer жыры

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарды Pfizer вакцинасымен вакциналауды ұсынғаны белгілі. АҚШ-та осыған дейін аталған екпе 8 млн-нан астам балаға салынған екен. Жалпы, бұл елде вакцина балаларға 5 жастан бастап салынса, Қытайда 3 жастан бастап салынады. Қытайда қазан айындағы дерекке сәйкес 3-17 жас аралығындағы 60 млн-нан астам бала инактивті екпе алған. Әлемнің 20-дан астам елінде екпе балаларға 12 жастан бас­тап салынып жатыр. Қазақстан осы соңғы санатқа енбек. Яғни еліміз әлемдегі індеттің құбылмалы райын ескере отырып, 12-18 жас арасындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундауда төрткүл дүниеге тиімділігімен танылған Pfizer вакцинасын пайдаланады.

Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы екпе тегін және ерікті түрде жүргізілетіні мәлім. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабы бойынша кез келген ме­ди­циналық рәсім, оның ішінде вакцина екпе алушының келісімімен ғана салынады. 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірім­дер­ді вакциналауға ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана рұқсат беріледі. Яғни елімізде вакциналаудан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанын айта кетелік.

Алматы қаласындағы орталық қалалық клиникалық аурухана директорының инфекциялық бақылау эпидемиологиялық мәселелері жөніндегі орынбасары Эльвира Ибрагимова вакциналау бірінші кезеңде медициналық мекемелерде, содан кейін мектептер мен жоғары оқу орындарында жүргізілетінін жеткізді. 23400-ден екі компонентке бөлінетін вакцинаны жүкті (16-30 апта), бала емізетін әйелдер (бала туғаннан бастап 42 күннен кейін) және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер ала алады.

Вакцинаның температуралық режімі­нің барлық шарттарын сақтай отырып жеткізілгенін айтқан дәрігерлер вакциналауды 21-28 күн аралығында жүргізбек. Вакцина қоймада Цельсий бойынша 60-тан-90 градусқа дейінгі температуралық режім­де сақталады. Десе де емханалар вак­ци­на алған кезде температура режі­мі өз­ге­ре­ді. Яғни вакцина Цельсий бойынша + 2, + 8 градус температурада сақталады. Бұл нұсқаулықта бір ай ішінде аталған вакцинаны осы температуралық режімде сақтауға болатындығы жазылған.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Pfizer вакцинасының бір құтысы алты адамға арналғанын, әзірге халықтың басқа тобына бұл вакцина егілмейтінін атап өтті. Осы орайда елдің назары Pfizer вакцинасына ауып отырғаны рас. Оның бір себебі, вакциналау паспортының аясы кеңейе түсетінінде болса керек. Яғни шетелдерге бұл вакцинамен емін-еркін шыға аласыз.

Қазір еліміздің бірқатар өңірінде COVID-19 ахуалы тұрақтанды. Десе де жаңа штамдарға қарсы қорғаныс әсерінің төмендеуіне байланысты қайта егу ұсынылып отыр. Әлбетте, дәрігерлер бұған дейін Қазақстан халқының басым бөлігі егілген Vero Cell, «Спутник V» және QazVac вакциналарының «дельта» сынды қауіпті штамдарға қарсы жақсы қорғаныс болғанын атап өтті. Бірақ эпидемиологтер індеттің таралу қарқынының төмендеуі туралы тұжырым жасауға әлі ерте екенін, «ұжымдық иммунитет» дербес қалыптаспайтынын, вакциналау мен қайта вакциналау 75-80 пайызға жеткенде ғана аурудың екпіні бәсеңдейтінін айтады. Ревакциналауға қосымша доза болған жағдайда Pfizer вакцинасын да пайдалануға болады. Алайда әзірге азаматтардың алдында басқа да инактивті және векторлық вакциналарды таңдауына мүмкіндік бар.

Айтпақшы, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева жүкті әйел вакцина алса, баласы да коронавирусқа қарсы иммунитетпен дүниеге келетінін айтады. Яғни «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) мРНК-вакцинасы жүкті әйелдер үшін қауіпті емес.

Қазір 30 мыңнан аса алматылық баласына Pfizer вакцинасын салдыруға келісім беріп отырған көрінеді. Аталған вакцинаны салу бүгін басталады.