Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен кеше «Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі жұмысының 2013 жылғы қорытындылары және 2014 жылғы перспективалары» деген тақырыпта Үкімет сағаты болып, онда қосымша көрме ұйымдастырылды.
Елбасы статистика саласын жетілдіру туралы әрдайым ескертіп отыратындығын тілге тиек еткен вице-спикер осы ведомство алдында статистикалық деректер сапасын жақсарту, халықаралық стандарттар енгізу, жаңа ақпараттық технологияларды қолдану мен ақпарат тарату жұмыстарын жақсарту міндеті тұрғандығын ерекше атады. «Отандық статистика саласы дамып келе жатқанын байқап жүрміз. Қазіргі таңда «Талдау», «е-статистика» сияқты ақпараттық-талдау жүйелері енгізілген. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, «ҚазСтат» жобасы іске асырылып келеді», деді Сергей Александрович.
Бұдан кейін сөз Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловқа берілді. Агенттік басшысы баяндамасының басы мен соңын мемлекеттік тілде жасағанымен, негізгісін ресми тілде әңгімеледі. Сол үшін де депутаттар тарапынан ескерту алды. Бірақ келесі келгенде баяндаманы тек мемлекеттік тілде жасайтындығына сендірді.
Ведомство басшысы бұл ретте қазақстандық статистикалық жүйенің әрі қарай дамуы агенттіктің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары негізінде жүргізілетінін қаперге салды. Статистика агенттігі алдында 2014 жылға «ҚазСтат» жобасын іске асыру жұмыстарын жалғастыру және Ұлттық шоттар жүйесін жетілдіру мәселесі тұрғаны ерекше аталды.
Және де «жасыл» экономика статистикасында жаңа 7 әдістемені әзірлеу және 8 қолданыстағы әдістемені жетілдіру мәселесі де сырт қалмаған.
«Е-статистика» жұмысын жетілдіру және оны басқа мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жұмыстарын жалғастыру міндеті тұр. Әсіресе, онлайн режімінде қабылданатын есептердің санын ұлғайту мәселесі –уақыт талабы. Сондай-ақ, мүдделі мемлекеттік органдар мен респонденттердің қатысуымен 2015 жылға арналған жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық нысандарды бұдан әрі оңтайландыру мен респонденттерге жүктемені азайту да айтылмай қалмады. Статистиканың ашықтығы мен қолжетімділігі саясатын жалғастыру да орынды аталды.
Бұдан кейін қосымша баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов бүгінгі таңда көрсетілген бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша ағымдағы статистикалық көрсеткіштерді табу қиын немесе олар мүлдем жоқтығын ортаға салды. Сондықтан агенттік сайтында кәсіпкерлікке сенімділік индексі; өндірістің өсуін шектейтін факторлар; өндірістік қуаттылықтарды пайдаланудың орташа деңгейі және бәсекелестік ортаның жай-күйі туралы көрсеткіштер болуы қажет.
Сонымен қатар, комитет басшысы «Көлік», «Байланыс», «Инновация» сияқты көрсеткіштер бойынша да кемшіліктер бар екенін атап көрсетті. Депутаттың сөзіне қарағанда, онда қатты жабынды жолдары жоқ ауылдық елді мекендердің саны; халықты телевизиялық және радиохабарлар таратумен қамту; технологиялық инновацияларды пайдаланатын шағын және орта кәсіпорындардың үлес салмағы және тағы басқалары нақты жазылмаған. Қазіргі кезде «онлайн» арқылы тек 128 статистикалық нысанды ғана тапсыруға болады. 2012 жылы Қазақстанда 49853 кәсіпорын интернетті пайдаланыпты. Ал онлайн режімде статистикалық есептерді тапсыру бар болғаны 5 пайызды немесе – 2 552 кәсіпорынды құраған және ол 2013 жылы тек 15 042-ге дейін өскен немесе 30 пайыз болған.
Мәселен, «Е-статистикаға» бюджеттен 2 млрд. 300 млн. теңге бөлінсе, «Е-агромәдениетке» – 736 млн. 350 мың теңге және «Е-лицензиялауға» 2 млрд. 553 млн. 430 мың теңге қарастырылыпты. Сондықтан да есептілік пен әкімшілік деректердің белгілі бір түрлерін тек қана электрондық нысанда тапсыруға көшетін кез келді. С.Әйімбетов кадр саясатын да сынға алды. Мәселен, кадрлардың тұрақтамауы жиі орын алады екен. Олай болса, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын құру қажет.
Баяндамалар аяқталған соң депутаттар төрағаға сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Төлеген Ибраев ауыл шаруашылығы статистикасы мен агенттік көрсеткіштерінде мал басы бойынша алшақтық бар екеніне назар аудартты. Агенттік төрағасының жауабына қарағанда, былтыр бұзау басы 2 миллион 300 мыңға жетсе, ауыл шаруашылығы ведомствосында ол 24 мың деп көрсетіліпті. Азық-түлік импортына қатысты депутат Шавқат Өтемісовтің сұрағына орай жауабында агенттік басшысы былтыр оның көлемі 4 миллиард АҚШ доллары болғандығын, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп екендігін көлденең тартты.
Қазіргі таңда 1 миллион 399 мың орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендігін алға тартқан Нұртай Сабильянов солардың тек 8,9 мыңы ғана белсенді жұмыс істейтінін жеткізді. Агенттік төрағасының мәліметіне қарағанда, белсенді деп табылмаған 590 мыңға жуық субъекті жаңадан тіркелгендер, уақытша тоқтағандар немесе банкротқа ұшырағандар болып келеді екен. Тіл туралы арнайы бағдарлама болғанымен, қалыптасқан жағдайға мониторинг әлі де жетіспей жатқандығын Оразкүл Асанғазы мәселе етіп көтерді. Ә.Смайыловтың сендіруінше, қазіргі таңда қай өңірде қандай мектептердің барлығы, оларда оқитын оқушылардың қай тілде білім алып жатқандығы зерттеліп отырады және сайтта көрініс тапқан.
Осылайша депутаттар әртүрлі саладағы статистиканың жағдайына және статистика нақтылыққа негізделуі тиістігіне назар аудартуға тырысты. Талқылаудың нәтижесінде ортаға салынған ұсыныс-пікірлердің барлығын агенттік өз жұмысында ескеруі қажет болатыны қаперге салынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».