Әдебиет • 12 Қараша, 2021

Дәуітәлінің дауысы

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өлеңнің аспаны – мәңгілік аспан. Бұл сөзді кесіп айтуымызға өлмес жырлар жазған ақындардың өлеңдері себепкер болды. Әдебиет айдыны сөз бен ойдың, терең философияның, тұңғиық сырдың мекені. Өлең ғұмырлы болмаса, ұлы Шекспирдің, Байронның, Гетенің жырларын ғасырлар үзігі бізге жеткізбес те еді. Демек, ойдың елшісі болған өлеңнің жүгі әрқашан ауыр һәм салмақты болғаны.

Дәуітәлінің дауысы

Біздің де өлең аспанымызда жарқырап жанған шоқ жұлдыздар көп. Солардың бірі де бірегейі – Дәуітәлі Стамбеков. Оның ұлт поэзиясындағы дауысы оқшау, дара шықты. Дәуітәлі қаламы қай тақырыпқа болсын ойдым-ойдым із қалдырып, көркем сөздің мерейін асырып отырады. Шегенделген шебер суреттің сұлбасы санаңда қатып қалатын сәт те оның жырларынан көп кездеседі.

«Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан?

Алып келді біздің үйге бір адам.

Сыйға тартты шын қызықты біздерге,

Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.

 

Бірте-бірте бөлтірікте өзінің,

Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.

Шөп қорада ойнап жүріп бір күні,

Көзі түсті жанарына қозының.

 

О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,

Есі кетіп,

Көзі жанып,

Жанданып!

Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды,

Бұл қорада жүргеніне арланып».

Үш-ақ шумаққа сыйған тылсым сөздің құдіретіне таңғалмай көр. Намыстың оты жаныған мына сөздер кенет өзіңді сан түрлі сезімге бөлейді. Қорада жортқан бөлтіріктің «ойлануы» – адамның өз тегін іздеп мұңға батуы емес пе деуге шамаң келмей, налисың. Бәрі жоғарыдағы жырдың санаға түсірген салмағы. Қайта оқысаң, тағы сол ар туралы ілімнің ащы ақиқаты ойыңа оралады.

«Ұмтылыс бар,

Жылжу бар,

Жүгіріс бар,

Кедергі бар,

Тосқауыл,

Кідіріс бар.

Ештеңе жоқ дегеннің өзінде де,

Айналамыз толған бір құбылыстар.

Өзен,

Ағаш,

Құм,

Шөбің тілдесіп бір,

Жапсарында жартастың гүл де өсіп тұр.

Қиылыспай тұрғанның өзінде де,

Айналаның барлығы үндесіп тұр.

 

Нені біздер қыранға теңгереміз,

Жыланыңды бәрінен кем көреміз.

Шаққанынан біз соның өле жаздап,

Дәрі жасап уымен емделеміз».

Бұл өлеңнің айтарын түсіну үшін өмірді түсіну қажет сынды. «Ғаламға түскен жа­ры­лыстың әрбір жарқышағы ең алдымен ақынның жүрегінен өтеді» деген Гете­нің сөзі осы өлеңнің жазылу шындығын растап тұрғандай. Яғни ақын өмірді, айналадағы құбылыстарды сезінді, сосын жазды. Тіршіліктегі кейбір үндеспейтін дүниелердің өзі кейде ақын үшін үндесіп тұратындай.

«Иә, иә, араның өмірі – бал,

Жыланның да аспанға көңілі – зар.

Дән сүйреткен кішкентай құмырсқаның,

Табиғатта пілдей бір орыны бар.

 

Ал қасқырдың қойларды жағалауы –

Тәттілігін етінің бағалауы.

Өзі солай жасаған жаратылыс:

Қой болмаса,

Қасқыр да жоғалады».

Ақын Ұлықбек Есдәулет «Бала мінез Дәуіт­әлі» атты естелігінде оның өлеңге де­ген көзқарасы туралы мына деректі ұсы­нады: «Менің байқауымша, бүгінгі поэзия екі түрлі бағытпен дамып келеді, бірі – азаматтық лирика, екіншісі – нəзік лирика. Азаматтық лириканың негізін салған – Маяковский, нəзік лириканың бастауы – Есенин. Біз осы екі жолдың қайсысын таң­дауымыз керек? Меніңше, егер алда-жалда осы Кеңес өкіметі құлай қалса – Маяковский қоса құлайды. Осы қоғаммен бірге күні бітеді. Сондықтан оның жолы – уақыт­ша. Ал Есениннің поэзиясы – мəңгілік. Өйткені қоғам өлгенмен табиғат өлмейді, ма­хаббат өлмейді».

Сол кездің өзінде ұлы өнер хақында осындай толғам айтқан ақынның оқығаны мен түйгені мол екенін мойындамауға шарасызбыз. Бұл күндері Дәуітәлінің өлеңдері оқырман санасынан өшкен жоқ. Мәңгілік жырдың аспаны оны көзге оқшау көрінетін бір жұлдызына балайды. Өлең өлкесіне келген әр жас буын Дәуітәлінің дауысын естімей қалмайды. Ол дауыс таза ділдің, тұнық ойдың, кемел ақылдың дауысы сияқты асқақ қалпында қалатыны анық.