Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев орын алған шектеулер бойынша ахуалды баяндады. Бүгінде өңірдің жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі – 172 мегаватт. Оның 51 мегаватын «Қызылордажылу-электрорталығы», 10 мегаватын «CKЗ-U» серіктестігі өндіреді, қалғаны сырттан жеткізіледі.
Соңғы күндері облыс бойынша тәулігіне орташа есеппен 30-50 мегаватт электр энергиясының жетіспеушілігі байқалып, күнделікті кешкі сағат
18.00-20.00 аралығында тұтынушыларға электр энергиясының берілуі шектелді. Мектепте түстен кейін оқитын балалар сабақтан қайтатын мезгілде жарықтың болмауы көптеген тұрғындардың ренішін тудырған болатын.
Отырыста Энергетика министрлігі Жамбыл ГРЭС-інің 3 және 4 блогын іске қосуға шешім қабылдап отырғаны айтылды. Бұл алдағы уақытта оңтүстік өңірді, оның ішінде Қызылорда облысын электр энергиясымен толық қамтуға мүмкіндік береді. Аймақтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Жамбыл ГРЭС-імен қажетті электр энергиясының көлемін алуға қосымша келісімшарт жасасты. Алда өңірге қажетті электр энергиясы жеткізіліп, шектеулер тоқтатылады.
Өңір басшысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті энергия жабдықтаушы ұйымдар ұсынған электр энергиясының шекті бағасы өтінімін қарап, ұсыныс енгізу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ электр энергиясы жайындағы шағымдарды ескеріп, салалық орынбасары мен қала әкіміне, басқа да жауапты мамандарға тұрғындар арасында нақты түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Сіздер қазіргі жағдайға байланысты қажетті келісімдер мен нақты механизмдерді қабылдауға міндеттісіздер. Жетіспеушілік болған жағдайда электр тарату мекемелеріндегі резервтік ресурстарды пайдаланып, жұрт қиналмастай амал жасау қажет. Тұрғындар жарық пен жылудан қиындық көрмеуі тиіс,– деді Г.Әбдіқалықова.
Жиын соңында облыс әкімі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен коммуналдық мекеме басшыларына жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Қызылорда облысы