Экология • 12 Қараша, 2021

Экологиялық түйткілдерге немқұрайлы қарамау керек

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Суды үнемдеп пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу және аймақтардағы қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу. Осы және өзге де түйінді мәселелер Nur Otan партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысында талқыланды.

Экологиялық түйткілдерге немқұрайлы қарамау керек

Экология, геология жəне табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов партиялықтарды «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асыру жоспары туралы хабардар етті. Оның айтуынша, суару кезіндегі су шығынын қысқарту үшін 401 каналды реконструкциялау жəне тағы 212-сін цифрландыру жоспарланып отыр.

«Сырдария өзенінің проблемаларын шешу жəне Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жұмыстарын жалғастырамыз. 4 көл - Бурабай, Шортанды, Қопа, Шалқар қалпына келтіріледі. Тұрмыстық қатты қалдықтарды кəдеге жарату үлесі қалдықтарды энергетикалық утилизациялау нысандарын салу есебінен 18-ден 34%-ға дейін өседі. Жалпы, ұлттық жобаны іске асы-ру арқылы 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады», деді вице-министр.

Ведомствоның қалдықтарды өңдеуге қатысты кемшіліктеріне Кеңес төрағасының орынбасары, Мəжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин назар аударды. Оның айтуынша, көптеген өңірде қоқысты бөлек жинау процесі жолға қойылмаған. «Біздегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау жəне тасымалдау операторлары, полигондардың иелері жəне қайта өңдеуші компаниялар бір-бірінен мүлдем бөлек салада жұмыс істеп жатқандай. Құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға ар налған контейнерлердің жағдайы ше? Кезінде мұндай контейнерлер Ақтауда қойылып еді. Бірақ олар əлдеқашан сынған. Мұндай қалдықтар қазір қайда тасымалданады, оларды кім жояды? Тек контейнер орнатумен мəселе шешілмейді», деді Е.Жаңбыршин.

Сонымен қатар Кеңес мүшесі, Мəжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Жайық өзенінің жайын қозғады.

«Талқылаумен айналысып келе жатқанымызға 10 жылдан астам уақыт болды. Əлі күнге дейін нақты іс-əрекет жоқ. Тек қана зерттеу. Жайықты ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының қатарына қосуды сұрап бір жыл бұрын ресми сауал жолдадым, бірақ əлі күнге дейін ештеңе жасалмады», деді ол.

Экология министрлігі жұмысының жабықтығына Nur Otan партиясының Батыс Қазақстан облысьық филиалы жанындағы экокеңес төрағасы Дархан Сариев назар аударды.

«Қазақстан-Ресей комиссиясының Жайық бойынша жұмысы жасырын жүргізілуде. Ешқандай ақпарат жоқ. Жалпы, біздегі суға қатысты проблемалар – гидрологиялық аналитиканың əлсіздігінің салдары. Мəселен, облыстағы жеке компаниялардың бірінде 18 гидрологиялық бекет бар, ал мемле кетте бүкіл өңір бойынша бар бол ғаны 20 ғана. Олар барлық негізгі су нысандарына жетпейді. Жерасты сулары бойынша да зерттеулердің бар-жоғы түсініксіз», деді Д.Сариев.

Өз кезегінде Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің мүшесі Дмитрий Калмыков Экология министрлігінің Қоғамдық тыңдаулар өткізудің жаңа ережелері жобасын сынға алды.

«Құжат толыққанды қоғамдық тыңдауларды ecoportal.kz-те қаралатын құжаттарға біржақты пікір білдіруге ауыстыруды қарастырады. Сонымен қатар мұнда тұрғындардың сұрақ қоюға жəне оларға жауап алуға мүмкіндігі жоқ. Уəкілетті орган азаматтардың ақпаратқа жəне шешім қабылдау рəсіміне қол жеткізу құқықтары мен мүмкіндіктерін едəуір қысқартуды ұсынатыны ереже жобасын талдаудан анық көрінеді», деді Д.Калмыков.

Отырыс барысында нұротандықтар партияның өңірлік филиалдары жанындағы Экологиялық кеңестер жұмысының аралық қорытындысын шығарды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Айыртау жəне Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда уран кен орындарына қатысты мəселелердің түйіні тарқауға таяу. Қазіргі уақытта аудандық əкімдіктермен өңделген уран кеніштері коммуналдық меншікке қабылданып, ауылдық округтер əкімдіктерінің балансына бекітілді. Биыл 100 мыңнан астам ағаш отырғызылған Қызылорда облысының экологиялық проблемалары да өз шешімін тапты. Алматы қаласында партия мүшелерінің белсенді жұмысының арқасында қоқыстарды шығару қолға алынып, барлық бейберекет қоқыс орындары жойылды. Кеңес төрағасы Елдос Абақанов атап өткендей, партияның сайлауалды уəделері аясында Алматыда ЖЭО-2-ні газға көшіру жəне 1 млн ағаш отырғызу қарастырылған. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жəне кəдеге жарату үлесі 8-ден 14%-ға дейін өсті.

Жиын қорытындысында Экология министрлігіне бірқатар ұсыным əзірленді. Атап айтқанда, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іске асырылуына партиялық мониторингті қамтамасыз ету, қалдықтарды басқару саласында озық технологияларды одан əрі енгізу. Сонымен қатар Кеңес Жайық өзенінің проблемаларына қатысты арнайы отырыс өткізеді.