Спорт • 12 Қараша, 2021

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановқа Павлодардан пәтер берілді

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановқа пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановқа Павлодардан пәтер берілді

Әлемдік біріншілікте Қазақстанның даңқын асырған спортшыны Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтады. Боксшыға арнаған сөзінде аймақ басшысы жерлесіміздің Сербияда өткен әлем чемпионатындағы барлық жекпе-жегін көргенін атап өтті.

Сенің «күмісің» ұлттық құраманың қоржынына қомақты үлес қосты,  деді Әбілқайыр Сқақов.

Айта кету керек, бұл павлодарлықтардың бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіп алған алғашқы медалі. Осы марапаттың арқасында жерлесіміз павлодарлықтар арасында бірінші болып Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген спорт шебері атанғаны көңілімізді одан сайын көтерді. Дәл осы жоғары жетістікпен шын жүректен құттықтаймын.

Жаттықтырушыларыңмен бірге жаңа белестерді бағындырып, соның ішінде жазғы Олимпиадада жеңіске жетеді деп сенемін.

Халықаралық аренада үздік өнер көрсеткені үшін марапат ретінде спортшыға пәтер кілті табысталды.

Боксшы барлық жерлестеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, алдағы уақытта ірі жарыстардың «алтынын» алу үшін бар күшін жұмсауға уәде берді. 

«Олимпиададан кейін біз көп еңбек еттік және әлемдік турнирде жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Болашақта күміс медальді алтынға айналдырғым келеді. Бізді қолдаған барлық жандарға алғыс айтамын», деді Серік Теміржанов.

Кездесу барысында спортшының тәлімгері Азамат Мақажанов та сөз сөйледі. Ол жаттықтырушы рөлінде өзі рингте өнер көрсеткеннен әлдеқайда көп тәжірибе алғанын мойындады.

«Біз дер кезінде үлгердік, өйткені біздің спортшының әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы екіталай еді. Бірақ Серік өзіне тән сабырлылықпен жұдырықтасып, ұлттық құрамадағы спаррингтер кезінде жақсы нәтиже көрсетті. Сол кезде Бақтияр Артаев (бокстан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы - еск.) Турнирге дайындалыңдар, бірақ сіздерден тек жеңіс күтеміз деген. Біз бұл міндетті орындадық», деді Азамат Мақажанов.