Өнер • 14 Қараша, 2021

«Бір, екі, үш...» немесе академияның алғашқы жобасы

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы өз жұмысын бастады деп сүйіншілеген едік. Енді міне, араға тура бір ай уақыт салып академия тыңдаушылары  «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында «UNO, DUE, TRE…» («БІР, ЕКІ, ҮШ…») атты шығармашылық кешін өткізді.  Бағдарламада әлемдік опера репертуарынан дуэттер мен сахналық көріністер шырқалды.

«Бір, екі, үш...» немесе академияның алғашқы жобасы

Вокалдық музыка кешін акаде­мия­ның тұсаукесері әрі оның тың­­даушыларының елордалық опе­ра­сүйер қауыммен алғашқы та­ныс­тығы десек те болады. Ал кон­церт­тік бағдарламаның «UNO, DUE, TRE…» деген атауы бекер таң­дал­маған, ол Халықаралық акаде­мия тың­даушыларының күрделі әрі та­ным­дық білім алу уақытының бас­тауы іспетті.

Оқу үрдісі басталған бір ай уақыт ішінде жас солистер тәжі­ри­белі ұстаздар Анатолий Гу­сев пен Франческо Медданың жетек­ші­лігімен әйгілі авторлардың операларынан үзінділер әзірледі.

– Бойымда қуаныш та, қобал­жу да бар. Әншінің сахнаға әрбір шы­­ғуы – толқу, ал шәкірттеріміз ән салған кезде, бұл мен үшін де өте жауапты сәт: мен де олармен бірге уайымдаймын, қобалжимын. Біз үшін алғашқы айда жасаған жұмысымызды көрсету өте маңыз­ды. Десе де жаңа ұстаздан сабақ алу үшін бұл кезең өте аз. Дауыс үне­мі жұмыс істеуді, дұрыс баптауды және мұқият күтіп, қарауды қажет ететін құрал, – деп атап өтті Опера академиясының ұстазы, опералық ән айту бойынша италиялық маэс­тро Франческо Медда.

Халықаралық опера академия­сында оқу мерзімі екі жылға есептелген. Жаңа жобаның негізгі мін­деті – опералық орындаушылық өнер­дің деңгейін көтеру, өнер жолына қадам басқан дарын иелері­нің әлеуетін ашуға көмектесу. Жоба же­­текшісінің айтуынша, мұнда үз­дік отандық және шетелдік педа­гог­тармен сабақтар күн сайын өткізіледі. Онда вокалдық техни­ка және актерлік шеберлікпен жұ­мыс істеу, италиян тілін үйрену қам­тылған. Сондай-ақ академия бола­шақ әртістерге Қазақстанның опера өнерін шетелдерде паш ету үшін әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндік беруді мақ­сат етіп отыр.

– Жоба жұмысының алғашқы оқу айы артта қалды. Атқарылған жұмыстың шағын қорытындысын жасап, көпшілік назарына жас орын­даушыларды таныстыру сәті де келіп жетті. Бұл өнер көр­се­ту «ASTANA OPERA Ха­лық­ара­лық опера академиясы ұсы­на­ды» деген атаумен концерт­тер­дің жаңа топтамасына жол аша­ды деп сенеміз. Бүгінгі кон­цертімізде көрермендерге арнап В.Моцарт, В.Беллини, Дж.Рос­сини, Г.Доницетти, Дж.Вер­ди, Р.Леонкавалло мен П.Чайков­скийдің туындыларынан құ­рал­ған қызықты бағдарлама әзір­ленді. Шығармалардың басым көп­шілігі жалпы театр репертуары­на енбеген. Демек тыңдарман қауым осынау туындыларды жас әнші­лердің орындауында алғаш рет ести­ді. Жаңа дауыстар тыңдарман жүрегінен орын тауып, естен кетпес музыкалық кеш сыйлайды деген үміт­теміз, деді Қазақстанның ең­бек сіңір­ген қайраткері, ASTANA OPERA Халықаралық опера акаде­миясының көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.

Концерт тақырыбы – дуэттер, терцеттер және опералардан ан­сам­бльдер. Ансамбльдік орын­дау­­шылық барынша ой жинақ­ты­­лығын, дауысты меңгеру мен ән ай­ту­дағы серіктестікті сезіну­ді қа­жет етеді. Мұның бәрі ше­бер­­­лік деңгейінің көрсеткіші. Ан­сам­бльде ән айта білу – өз өмі­­рін операмен ұштастыруды ойла­ған барлық әншілерге қажетті ма­ңыз­ды қадам. Академияның тың­дау­шылары мен ұстаздары ли­ри­­калық, драмалық және тіпті әзіл кө­рі­ністерінен тұратын түрлі сипат­тағы бағдарлама әзірлепті.

– Шығармаларды жаттау, өз кейіп­­керін өн бойынан өткізу жә­не ком­позитор арқау еткен эмо­­ция­лар шоғырын дауыспен жет­кіз­е білу үшін әншілеріміздің да­йын­дығына бір ай уақыт берілді. Ан­сам­бльде ән айтудан бөлек, му­зы­каны дұрыс жеткізіп, оған жа­ның­ның бір бөлшегін салу керек, сон­да ол бірегей дүниеге айналады. Ре­пер­туарды таңдау кезінде екі жә­не одан да көп әртіс қатысатын туын­­дылардың үзінділеріне бекер ба­сым­дық берілген жоқ. Өйт­кені жас орындаушыларды сах­нада әріптестермен өзара іс-қи­мыл жасау, ансамбльде жұмыс іс­тей алу, серіктесті есту сынды опе­­ра өнері заңдылықтарына бау­лы­ғы­мыз, кәсіби шеберлігін шың­дағы­мыз келді. Бұлардың бар­лығы кәсі­би маманға өте қажет әрі ма­ңыз­ды дағдылар, деді Опера ака­де­миясының ұстазы, опералық ән айту маэстросы Анатолий Гусев (Италия).

Хош, сонымен отыз күнге со­зыл­ған үзілссіз әрі жіті дайын­дық сахнада өз жемісін берді. Ака­демияның тыңдаушылары көре­меніне керемет музыка кешін тар­ту етті. Атап айтсақ, күрделі сах­налық көріністердің бірі – В.Мо­царттың «Дон Жуан» опера­сынан командордың өлімін Вале­рий Селиванов, Дінмұхамед Көш­кін­баев және Жандарбек Еркін­баев жоғары деңгейде орындады. Г.Доницеттидің «Махаббат сусы­ны» операсынан Неморино – Нұрқанат Тапиев пен Дулькамара – Шыңғыс Расылханның дуэті есте қаларлықтай әсер етті. П.Чайков­скийдің «Пиковая дама» операсынан «Бақташы әйелдің адалдығы» костюмді көрінісі кештің жарқын қорытындысын жасады. Ондағы сүйкімді Прилепаның рөлін Гүл­дана Алдадосова орындаса, Милов­зор бейнесінде Эльмира Шпекбаева өнер көрсетті. Ал оның бақталасы Златогорды – Азат Мәлік сомдады.

– Мен үшін әрбір өнер көрсету – әрдайым мереке. Сахна – бұл менің өмірім. Біз, әншілер, жеке орындайтын туындыларды жақсы көреміз, алайда операларда ансамбльдер, дуэттер, терцеттер көп, сондықтан оларды орындай білу опералық спектакльдерге қатысу үшін өте маңызды. Дуэт бойынша жұмыс – қажырлы еңбек. Дуэт сахнасының эмоцияларын дұрыс жеткізу үшін өз партияңды нақты біліп, серіктестеріңді тыңдауың және өзің орындайтын кейіпкер бейнесіне еніп, опера сюжетінің бір бөлігіне айналуың қажет, – деп концерт соңынан академия тыңдаушысы Дариға Мұсаева өз әсерімен бөлісті.

ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушы­лары өздерінің алғашқы есептік концертінде көрермендердің зор қошеметіне бөленді. «UNO, DUE, TRE…» атты бағдарламаға енген әлемдік опера репертуарынан ­жүй­е­ленген сахналық көріністер мен дуэт­тер опера музыкасын баға­лау­­шы­лардың көңілінен шықты деп се­німмен айта аламыз. Оған кө­рер­меннің толассыз соғылған шапа­лағы дәлел.