Бокс • 15 Қараша, 2021

Головкин Муратамен жұдырықтасады

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстағы Қазақстанның шоқжұлдызы, орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) дәл осы салмақ дәрежесіндегі WBA Super белбеуінің иегері жапониялық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жыл соңында жекпе-жек өткізетінін ресми түрде мәлімдеді. Орта салмақтың үш белбеуі үшін болатын айқас 29 желтоқсанда Жапонияның Сайтама қаласындағы 37 мың жанкүйер сыятын Saitama Super Arena спорт кешенінде өтеді.

Головкин Муратамен жұдырықтасады

Головкин-Мурата арасын­дағы жекпе-жек бұған дейін түрлі БАҚ-та желтоқсанда өтеді деп хабарланғанымен, бокс­шылардың өздері, олардың про­моутерлері, тіпті кездесуді тіке­лей эфирде ұсынатын DAZN платформасы да ресми мәлім­демеген еді. Дегенмен өткен ап­таның соңында екі бокс­шы да өздерінің әлеуметтік же­лі­дегі парақшаларында айқас­тың нақты уақыты мен өтетін жерін жанкүйерлерге жариялады.

Жекпе-жек ресми хабарланған күні екі былғары қолғап шебері өздерінің алдағы кездесу туралы ойларын ортаға салды.

Геннадий Головкин: «Жа­пониядағы жан­күйерлеріме ке­зекті Big Drama Show-ды ұсы­натыныма қуаныштымын. Бұл елде бокс өте танымал спорт түрі саналады. Мурата – мықты чем­пион. Бұл – екі боксшы үшін де керемет бокс кеші болады деп үміттенемін. Өйткені ортаға екеуміздің де чемпиондық белдігіміз бәске тігіледі. Бокс жанкүйерлеріне тамаша жекпе-жек ұсынамыз».

Риота Мурата: «Менің әуес­­­қой және кәсіпқой бокс­та өткізген жекпе-жектерімнің бәрі Геннадий Головкинмен бо­латын айқасқа дейінгі дайын­дық жұмыстары болды деп есеп­теймін. Себебі, дәл осы кездесу менің орта салмақ пен бокс тарихындағы орнымды айқындап бермек. Головкин – ұзақ уақыт орта салмақтың көшін ұстаған тәжірибелі боксшы. Мен үшін ол әлі жеңілген жоқ. Оған деген құрметім ерекше.

Пандемия салдарынан ең кейінгі айқа­сымды осыдан екі жыл бұрын өткіздім. Бірақ маған бұл екі жылдық үзіліс жемісті болды. Осы уақыт аралығында физикалық жағдайым мен соқ­­қымның күшін арттырып, бапкерлермен қарқынды жат­тығу өткіздік. Осындай айқас Жа­по­нияда өтетініне қуаныш­тымын. Мен үшін бұл – үлкен құрмет».

Геннадий Головкин  кейінгі жекпе-жегін былтырғы желтоқ­санда польшалық Камил Ше­ре­метамен өткізген болатын. АҚШ-тың Флорида шта­тындағы Seminole Hard Rock Hotel & Casino аренасында ұйым­дас­тырылған айқаста отан­дасымыз қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.

Ал Риота Мурата болса, соңғы рет шаршы алаңға 2019 жылдың желтоқсанында көтерілді. Сол жылы ол канадалық Стивен Бат­лермен (28-1-1) өз елінде жұ­дырықтасып, бесінші раундта техникалық нокаут­пен басым түскен.