Елбасы өзінің биылғы Жолдауында барлық салалардың дамуына стратегиялық көзқараспен қарау қажеттігін атап өтті. Демек, нақты және тұжырымды даму қырлары еліміздің алға қойған мақсаттарынан ауытқымай, халқымыздың күнделікті сұрақтарын шешуге мүмкіндік беретіндей етіп ұйымдастырылуы қажет. Осы ретте халық тұрмысын жақсартудың басты бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу болып табылатыны сөзсіз. Елбасы тапсырмасын орындау үшін әзірленген «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасы нақ осы мақсатқа қызмет ететіндігі айқын.
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ – «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы операторларының бірі болып табылады. Ол үлескерлердің мәселелерін шешу, қаңтарылған нысандардың құрылысын аяқтау және жылжымайтын мүлік нарығын тұрақтандыруға жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын.
Жылжымайтын мүлік қоры қазіргі күні қандай істермен шұғылдануда? Қордың қатысуымен салынған үйді қалай алуға болады. Осыны білмек болып, қордың басқарма төрағасы Болат ПАЛЫМБЕТОВТЫ әңгімеге тарттық.
– Болат Әбілқасымұлы, Қор өткен жылды қалай аяқтады? Үстіміздегі жылға қандай жұмыстар жоспарланған? Қор арқылы үйлі болған, өзінің тұрғын-үй жағдайын жақсартқан адамдар бар ма?
– «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ өзінің қызметтік бағыты бойынша «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда. Қазіргі уақытта осы бойынша белгіленген нысаналы индикаторлар мен бағдарлама көрсеткіштеріне сәйкес жұмыстар жүргізіп келеді.
Мәселен, өткен жылы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын іске асыру аясында Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларында және Алматы облысында (Алматы қаласының төңірегінде) орналасқан жеті тұрғын үй құрылысының жобасын қаржыландыру жөнінде құрылыс салушылармен тиісті шарттар жасадық. Бұл ғимараттардың жалпы ауданы шамамен 578 мың шаршы метрді құрайды.
Ал енді атқарылған істерге келсек, 2013 жылы Ақтөбе және Тараз қалаларында көп пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл екі үй 610 пәтерден тұрады. Жалпы тұрғын ауданы 32,5 мың шаршы метрді құраса, соның 24 мың шаршы метрді құрайтын 477 пәтер құрлысын біздің қор қаржыландырды.
Қор 2014 жылдың аяғына дейін аталған бағдарлама аясында 130 мың шаршы метр болатын баспананы әзірлеп, оларды сатып алу құқығымен ел азаматтарының пайдалануына беруді жоспарлауда.
– Сіздерге үй алу жөнінде қандай адамдар өтінішпен хабарласа алады? «Сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы баспана» тетігі жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
– Біздің қордың бағдарламасы айлық жалақысының көлемі 100 мың теңгеден асатын орташа табысы бар адамдарға арналған. Осындай мүмкіндігі бар үй алғысы келетін азаматтар бағдарламаға қатысу жөнінде өтініш берумен бірге өзінің жеткілікті төлем қабілетін растауы қажет. Өтініштерді қараған кезде Үкіметтің қаулысына сәйкес баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін адамдарға басымдық берілетіндігін еске сала кетсек, артық болмас. Сонымен қатар, республика аумағында баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін адамдар өз құқығын осы бағдарлама шеңберінде бір-ақ рет қана пайдалана алатынын атап өткен жөн.
Біздің жүйе бойынша пәтерлерді сатудың екі жолы қарастырылған. Біріншісі – тікелей сату, екіншісі – сатып алу құқығымен жалдауға беру. Осы тәсілдерге сәйкес біз пәтерлерді өткізу ережесін әзірледік. Ол ереже уәкілетті органдар бекітуіне берілген.
Бүгінде осының екінші тәсілі, яғни Жылжымайтын мүлік қорының қатысуымен азаматтарға сатып алу құқығымен жалдауға беру үшін 150 000 шаршы метр болатын тұрғын үйлер салынуда. Пәтерлерді өткізу қағидаттары мен ережелерін уәкілетті орган бекіткеннен кейін бұл жөнінде БАҚ-та хабар жарияланатын болады.
Қазіргі уақытта пәтер алу кезегін қалыптастырудың түрлі жолдары қарастырылуда. Соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткізу жолдары қарастырылуда. Бұл біздің жүйе бойынша салынған пәтерлер дәл қазірдің өзінде бөлінеді деген сөз емес. Салынып жатқан пәтерлер әзір бөліне қойған жоқ. Тек кімдерге және қандай жолдармен беру мәселесі анықталу үстінде. Пәтерлерді нақты бөлу, оларды өткізу ережесі түпкілікті бекітілген соң ғана жүзеге асырылатын болады.
– Бірақ, соған қарамастан Жылжымайтын мүлік қоры арқылы тапсырылатын үйлерді қандай адамдардың ала алатындығын қазірдің өзінде шамалауға болады ғой?
– Иә, шамалауға болады. Өйткені, біздің қолымызда оның негізі қағидатын белгілеген Үкімет қаулысы бар. Ол бойынша пәтерлерді бөлген кезде өзі қызмет ететін қалада баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж және жалгерлік ақыны өтей алатын азаматтарға басымдық беріледі. Осы қағидаға сәйкес алатын адамдардың тізімін анықтау жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Бірақ, бұл – жалпы тәртіп. Өйткені, бөлудің нақты ережесі әлі бекітілген жоқ. Ол бекігеннен кейін барып қана нақты адамдарға бөлуді жүзеге асыруға болады.
Осыған орай «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-тың www.fnsk.kz сайтында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде баспана алуға өтінімдер қабылдайтын бағдарламалық жасақтаманың үлгі-нұсқасы іске қосылған болатын. Пәтер алғысы келетін азаматтар бұл жөнінде біздің сайт арқылы хабардар. Онда бұл үлгі-нұсқа әлі де талқыланатыны және азаматтарға қолайлы болу жағы әлі де пысықталатыны, яғни жетілдіріле түсетіндігі жөнінде ескерткен едік. Енді, міне, жетілдірілген платформа бойынша баспана өткізу бағдарламасының жаңа нұсқасы әзірленгендігін айта кетпекпін.
– Осыған байланысты тағы бір сұрақ. Сіздерге үй немесе пәтер алу үшін тек сайт арқылы ғана тіркелуге болады екен. Бұл – әрине, өте жақсы жеңілдік және оны ұйымдасқан жемқорлықтың жолын кесудің бір тәсілі деуге де болады. Бірақ кейбір азаматтар өтінішімізді сайт тіркеуге алмады деген өкпемен редакциямызға хабарласты. Мұндай жағдайдың болуы мүмкін бе?
– Бұл жерде сәл де болса бір түсініксіздіктің бар екендігі сезіледі. www.fnsk.kz сайтына тіркелу баспана алуға өтінім беру болып саналмайды. Бұл өтінімдерді қабылдау жүйесіне кіру үшін пароль алу мүмкіндігі ғана.
Осыған орай дәл қазіргі сәтте пәтерлерді тапсыру ісінің әлі басталмағандығын тағы бір қайталап айтамын. Осы жәйтке баса назар аударуды сұраймын. Әйтпесе, түсінбестік салдарынан өкпеші мен наразы адамдардың да болатыны рас.
Біздің өтінім қабылдаудың бағдарламалық үлгісін алдын ала сайтқа ілгендегі мақсатымыз – біріншіден, адамдарды алдын ала тіркеу қажет болды. Себебі, біріншіден, тіркелу үшін азаматтарға ЭСҚ (электронды-сандық қол) алу қажет. Екіншіден, өтінім берерден бұрын қандай іс-қимылдар жасау керектігін тестілік жүйеде жаттығып түсіну үшін жағдай туғызсақ деп едік. Осыған байланысты редакцияларыңызға шағымданушы азаматтарға айтарым, біздің жүйе бойынша тапсырылатын баспаналар бойынша әлі нақты өтінім қабылданып жатқан жоқ. Себебі, конкурс әлі жарияланған жоқ. Тек конкурс жарияланған соң ғана сайттағы барлық функциялар іске қосылады.
Осы ретте ескерте кететін тағы бір жәйт бар. «Самұрық-Қазынаның» Жылжымайтын мүлік қоры арқылы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзге асыру ісі әкімдіктердегі мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алғысы келетіндер кезегіне түсетін салмақты біршама жеңілдету мақсатында қолға алынған болатын. Осыған байланысты «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша пәтер үлестіру тетігі жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қарастырылуда. Демек, үміткерлерді іріктеу алдымен әкімдіктер арқылы, ал қалған баспана, бұрын жоспарланғандай, интернет, яғни біздің сайт арқылы өткізіледі деп жоспарлануда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».