Аймақтар • 15 Қараша, 2021

3 трлн 700 млрд теңге

220 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен брифинг өтті. Жиында аймақ басшысы Тәуелсіздік жылдарында Жетісу жерінде қол жеткен табысты істер туралы айтып, Мемлекет басшысы белгілеп берген тапсырмалардың орындалуы туралы әңгімеледі. 

3 трлн 700 млрд теңге

Журналистермен өткен жылы жүздесуде өңірдегі өткір мәселелер де көтеріліп, қоғамды алаңдатқан бірқатар сұрақтарға жауап айтылды.

Әуелі өңір экономикасының өркендеп өсуі жайында айтылды. Бұл тұрғыда жетісулық­тар мақтана алады. Өйткені Тәуел­сіздік жылдарында Алматы облысындағы жалпы өңір­лік өнім 3 трлн 700 млрд теңгеге жеткен. Яғни осыдан 30 жылдай уақыт бұрын аймақ­тың жалпы өнімін қаржыға шақ­қанда 35 млн теңге шамасында ғана болған екен. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін шығару 9,5 млн теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін өссе, ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн теңгеден асып отыр.

– 30 жыл ішінде өңірде 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал бюджет түсімдері 1997 жылғы 11 млрд теңгеден бүгінгі күні 742 млрд теңгеге дейін өсті. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн теңге инвестиция құйылды, – деп атап өтті брифингте А.Баталов.

Жалпы, өңдеу өнеркәсібі Алматы облысы экономикасын дамытудың локомотивіне айналып отыр. Осы жылдың 10 айында экономиканың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалған. Мәселен, қазір бұл саладағы өсім 14,3 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 10 айдың ішінде қуаты 1,2 млн тонналық, инвестиция көлемі 47 млрд теңге болатын «Алацем» цемент зауыты іске қосылған. Сондай-ақ жылына 100 млн литрге дейін алкогольсіз сусындар шығаратын Pure Pack зауыты жұмысқа кірісті. Жыл соңына дейін 7,2 мың тон­наға дейін жеміс-көкөніс өнім­дерін өндіретін және терең мұздататын Frosco кәсіпорнын, 6 мың тоннадан астам құры­лыс материалдарын өндіретін «Алюгал» және жылына 10 мың тонна металл бұйымдарын да­йындайтын «Азия темір ЛТД» зауыттарын іске қосу жоспарлануда.

Ал қазір облыста «Кока-Кола», RG BRANDS, «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», Danone, «Адал», «Кнауф-Гипс», «Алацем», «Эфес» сияқ­ты әлем­дік бренд­ке ие ірі кәсіп­орын­дар жұ­мыс істеп тұр. Транс­ұлттық компа­ния­лардың үлесі де өскен. Мы­салы, респуб­лика бо­йын­ша 19 жоба болса, Жетісуда 9 жоба жү­зеге асуда. Тран­с­ұлттық компаниялар тарапы­нан салынған жалпы инвести­ция сомасы 290 млрд теңгені құ­рай­ды екен. Мұның ішіндегі төрт жо­ба – «Маревен Фуд», «Лукойл», Willo, «Фуд Миллс» жүзеге асып, іс­ке қосылды. Яғни олар өн­­­дір­­­ген өнім экспортқа шығары­лады.

– Жыл соңына қарай өнер­кәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 300 млрд теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6 пайыз өсім­мен 392 млн долларға жетеді. Бұл Елбасының тап­сырмасына сәйкес қабылданған ин­дус­триял­дық-инновациялық да­му бағ­дарламасының нәтижесін­де мүмкін болды, – дейді А.Баталов.

Тағы бір қуанышты жаңалық, жыл соңына қарай Алматы облы­сын­­да ауыл шаруашылығы­ның жал­пы өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден аспақ. Биыл агро­сек­­торды мемлекеттік қолдау үшін 50 млрд теңгеден астам қара­­жат бө­­­лін­се, оның 43 млрд тең­гесі суб­­­си­дияға бағытталды. Мұн­дай ша­­­ра­лармен өңірдің 15 мың ша­руа­­­шылығы қамтылған. Нәти­же­сін­де, об­лыста ауыл шаруа­шы­лы­­­ғы да­қылдарының алқабы 972 мың гек­­тарға жетті. Оның ішінде қант қы­­зылшасы 16 мың, жүгері 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты.

– Ауыл тұрғындарының табы­сын арттыру және азық-түлік қауіп­­сіздігін қамтамасыз ету мақ­­сатында агроөнеркәсіптік ке­шен­ді дамыту шаралары қабыл­дану­да. Біз 2025 жылға дейін қант қы­зылшасы алқабын 53 мың гек­тарға дейін ұлғайту есебінен шикізат өндірісі көлемін 2 млн тоннаға жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімі. Бұл үшін Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту арқылы олардың жалпы бір жыл­дағы өңдеу қуатын 1 млн 100 мың тонналық деңгейге жеткізу жос­парланған. Соңғы үш жылда ай­мақта 39 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылған. Ал 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін ұлғайту міндеті тұр. Оның ішінде облыс бойынша 138 мың гектарды қалпына келтіру жоспарланған.

– Биыл 14 мың гектарды қал­пына келтіру үшін ирригациялық құрылыстарға 6,3 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Ислам даму банкінің қаржысы есебінен Ескелді және Ақсу аудандарында суару желілері қайта жаңартылып жатыр, – дейді А.Баталов.

Жалпы, ауыл шаруашылығы туралы айтқанда агроөнеркәсіп кеше­ні­нің дамуы туралы үнсіз қалу­ға бол­майды. Ал облыста бұл сала бойынша қайта өңдел­ген өнім­нің экспорты 25 пайыз­ға өсіп отыр. Яғни таза табыс – 97 млн долларға жетіп, жалпы агроөнеркәсіп кешені экспорты­ның 73 пайызын құрады. Мұнан бөлек, Жетісу өңірінде өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өскен. Мал қыстату үшін облыс жемшөппен толық қамтама­сыз етіліп, 5,3 млн тонна азық дайындалды. Жетісулықтар Маңғыстау об­лысының зардап шеккен фер­мер­леріне гума­ни­тарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жөнелткен.

– Облыста барлығы 74,1 мың басқа арналған 117 мал бордақы­лау алаңы және 26,1 мың басқа арналған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүк­темесі 72 пайызға, сүт зауыт­тары­ның жүктемесі 85 пайызға жетті, – деді облыс әкімі.

Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары­ның баға­сын тұрақтандыру мақсатында бір­қатар шара қолға алынған. Осы мақсатта тұрақтандыру қо­рын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, оның жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайды. Соның 3 млрд тең­ге­сі 0,01 пайызбен кәсіпкерлік субъек­тілерін жеңілдікпен несие­лендіруге және 700 млн теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталды.

Өңірде өндіріс қана өркен жайып отырған жоқ, шағын және орта бизнес саласы да алға басып келеді. Соның бір дәлелін осы салада 270 мыңдай адамның еңбек етіп отырғанынан көруге болады. Ал жалпы облыста 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде өткен 9 айда бюджетке 144 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,8 есе артық. Қолданыстағы бағдарламалар аясында 3 мыңнан астам кәсіп­керге 26 млрд теңге сомаға қолдау көрсетілді.

– Жыл қорытындысында ша­ғын және орта бизнес субъек­ті­лері шығарған өнім мен көрсет­кен қызмет көлемі 2 трлн теңгеге жете­ді, ал оның жалпы өңірлік өнім­дегі үлесі өткен жылғы 32,4 пайыздан 34,3 пайызға ұлғая­ды. Осылайша, Мемлекет бас­шы­­сының 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің өнім өндірудегі үлесін 35 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын біз келесі жылы орындаймыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ биыл Алматы облысында «Еңбек» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыспен қамту шараларына 60 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыс­пен қамтыған азаматтар тартылды. Сондай-ақ, 251 мың адам жал­пы сомасы 10,3 млрд теңге ша­ма­сында әлеуметтік көмек алған.

Өңірдегі өткір мәселенің бірі тұрғындардың табиғи газға қол жет­кізуі болып отыр. Қуаныш­ты­сы, бұл мәселе жылдан жылға өз шешімін та­­уып, ауылды көгілдір отынға қосу ісі ілгерілеуде. Биыл тағы 13 елді мекен газға қосылып, тұр­ғын­дардың көгілдір отын­ға қол­жетімділігі 61 пайызға жетеді.

– Елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр біз облыс халқының 59 пайызы­ның, яғни 1,2 млн адамның газға қол жет­кізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жет­кіземіз, – дейді өңір басшысы.

Былтыр Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауысты­рыл­ған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстыры­лып жатыр. Мемлекет-жекемен­шік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандық орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. Жыл басынан бері облыста 835,4 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Жалпы құры­лыс саласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үйді салу жоспарланған, соның 835,4 мың шаршы метрі салынды. Ал қазір 1 824 пәтерлі 271 тұрғын үй салынуда, соның ішінде 741 пәтерлік 121 тұрғын үйге тұрғындар қоныс­та­нып үлгерген. Сонымен қатар же­ке­меншік құрылыс ұйымдары 952 пәтерлік 13 үйді салып, іске қосты. Облыс бойынша 1 307 отбасы пәтер кілтін қолға алса, оның ішінде 327 көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасы бар.