Тарих • 16 Қараша, 2021

Мәшһүр Жүсіптің тақиясы мен шапаны

6635 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарихымызда бір бойына сан түрлі өнер мен тылсым дүние тоғысқан ғажайып тұлғалар болған. Сондай асылдың бірі – көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков «Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп» деп жырлаған, тарихшы, этнограф, философ, фольклортанушы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Елордадағы Ұлттық музейде осы әулие бабамыздың тақиясы мен шапаны сақталған.

Мәшһүр Жүсіптің тақиясы мен шапаны

Құнды жәдігер бас музейге бұрынғы Президенттік Мәдениет орталығынан тап­сырылған. Шапанның ұзын­дығы – 128 см, жеңінің ұзындығы – 66 см, ені – 30 см. Ол күлгін түсті барқыт матадан тігілген, тік жағалы болып ке­леді. Шапанның алды мен етегі және жеңінің екі жағын­дағы жиек­теріне алтын және ақ, жасыл, қы­зыл түсті жі­бек жіптермен ою жүргізілген. Етек жағы кең ті­гі­ліп, екі жанына 45 см көлемде қиық са­лынған. Ал тақия күлгін түсті барқыт матадан жасалған. Тақия да алтын және ақ, жасыл, қызыл түс­ті жібек жіптермен оюланған. Төбесіне үкі тағылып, маң­дай тұсына ай пішінді түйреуіш қадап қойылған.

Мәшһүр Жүсіптің есімі мен тақиясының төбесіндегі үкісіне қатысты ел ішінде сақталған әңгімеде былай деп айтылады: ол кісі әкесінің 42 жасында өмірге келіп, оған «Адам Жүсіп» деген азан шақырып, есім берілген. Бірде ауылдағы той үстінде қисса-дастандарды жатқа айтып, жұртты өнерімен таңғалдырған тоғыз жасар балаға көзі түскен, аузы дуалы би, шешен Мұса Шорманұлы зерделі жеткіншекке ырза болып, тақиясына үкі таққызып, «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екенсің» деп батасын беріпті. Содан «Мәшһүр Жүсіп» атанған дейді.

Бүгінде өз заманында халқымыздың бай тарихы мен шежіресін хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырған көрнекті тұлғаның мол мұрасы жинақталып, бірнеше том болып жарық көрді.