ҚҰНАРЛЫ ТОПЫРАҚ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ
Елбасының халыққа арнаған жаңа Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау халқымыздың алдында тұрған стратегиялық мақсат екені белгіленген.Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сай агроөнеркәсіптік кешеннің барлық саласын жоғары деңгейде дамытып азық-түлікке деген сұранысты қанағаттандыру үшін отандық ауыл шаруашылығын жаңа үдемелі индустриялдық-инновациялық деңгейде дамыту қажет. Ол үшін бар күш-жігерді ауыл шаруашылығын дамытатын факторларға бағыттау керек. Соның негізгісі жердің жағдайына, оның құнарлылығына байланысты.
Кең-байтақ жерімізде топырақтың көптеген түрлері бар, олар табиғаттың құбылмалы жағдайына байланысты биіктегі шалғынды құнарлы қара топырақтан бастап ойпаттағы құнарлылығы төмен құба топырақтарды қамтып жатыр. Оның ішінде тұзданған және қайта тұзданған, сор және сортаң, шөл-шөлейтке айналған, деградацияға ұшыраған және ластанған жерлеріміз аз емес. Осындай жәйт Елбасы мен қарапайым халықты да, ғалымдарды да ойландырып, толғандырады. Мысал ретінде келтірер болсақ, қазіргі таңда жердің 75 пайызы деградацияға ұшырап, шөл-шөлейтке бейім алған, оның ішінде жайылым жеріміздің 14 пайызы өте жоғарғы деңгейде болып отыр. Осы фактордың белең алуы елімізде жиі кездесетін ауа райының құрғақшылығы мен су ресурстарының біркелкі болмауына байланысты құмдардың кең түрде таралуы, жердің сор, сортаң және тұздануы, су және жел эрозиясына ұшыраған жердің көбеюінен байқалады.
Сонымен бірге қазіргі кезде кен орындарын қарқынды игерудің және оны тиімсіз пайдаланудың әсерінен топырақтың мұнай және мұнай өнімдері, ауыр металдар мен радиоактивті заттармен ластануы байқалады. Радиоактивті заттармен ластану көбіне ядролық сынақ полигондары болған және ластанған жерлерде кездеседі. Деградацияға қарқынды түрде ұшыраған жерлер антропогендік қысым мен адам факторларының әсерінен және құрғаған Арал теңізінің табаны, Сыр мен Каспий өңірлерінде және шөл-шөлейт жерлерде жиі кездеседі. Сыр өңірінде топырақтың саздануы мен тұздануы және қайта тұздану салдарынан суармалы жердің жыл сайын 10-15 пайыздайы ауылшаруашылық айналымынан шығып отырады.
Қазіргі кезде жерді экстенсивті түрде тиімсіз және қарқынды пайдалану салдарынан егістіктің құнарлылығының азайғаны айқын байқалып отыр. Мысалы, тың және тыңайған жерлерді игерген уақыттан бері, оның ішінде топырақты ғылыми негізде және жүйелі түрде толық пайдаланбағандықтан топырақ құнарлылығы азайып, танаптың өнімділігі кеміп келеді. Неге? Біріншіден, өніммен бірге шығын ретінде егістіктен кеткен қоректік заттар қайтып оралмайды, екіншіден, оның орнын толтыратын тыңайтқыштар өсімдіктің қоректік затқа сұранысын қамтамасыз ететін деңгейде топыраққа ендірілмейді. Соның салдарынан қазіргі кезде топырақтың табиғи құнарлылығы мүлдем кеміп кетті, орта есеппен алғанда оның мөлшері 30 пайызға, ал суармалы жерлерде 50-60 пайызға дейін төмендеді. Ғалымдардың есебі бойынша, бір гектар егістіктен жылына 0,5-1,4 тоннаға дейін топырақтағы қарашірінді азаяды. Оның орнын жүйелі түрде және дер кезінде толтырмайтын болсақ, жердің жағдайы жылдан-жылға нашарлап құнарсыз, пайдасыз топыраққа айналатыны белгілі.
Сол топырақтың құнарлылығын қалыптастырудың басты факторларының бірі тыңайтқыш арқылы топырақты қоректік заттармен қамтамасыз ету, яғни өніммен шыққан қоректік заттардың орнын толтыру. Қазіргі таңда тыңайтқыштарды шығару және оны егістікте пайдалану көлемі өткен ғасырдың 80-інші жылдарына қарағанда өте төмендеп кеткен. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ 80-інші жылдары бір гектар егістікке 29 кило минералды тыңайтқыштардың әсерлі заты ендірілсе, қазіргі таңда оның көлемі үш-бес кило әсерлі заттан аспайды. Қазіргі таңда топырақ қарашіріндісінің төмен деңгейдегі көлемі зерттеген алқаптың 63 пайызын, орта деңгейдегісі – 34, ал жоғары деңгейдегі көлемі 3 пайызын құрайды.
Дегенмен Үкімет аталған мәселеге назарды жылдан жылға күшейте түсуде. “Казфосфат” ЖШС ауыл шаруашылығын жылына 452 мың тонна минералды тыңайтқыштармен және сортаң жерлерді өңдеуді бір миллион тонна фосфогипспен қамтамасыз етпек. Үкімет еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында минералды тыңайтқыштар шығаратын бес инвестициялық жобаны іске қоспақ. Осының барлығы халқымыздың ертеңін ойлаған Елбасымыздың ауыл шаруашылығына, оның ішінде топырақтың құнарлылығына ерекше көңіл бөлуінің нәтижесі екені анық.
Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандырудың үш бағытын анықтап көрсетті. Олар – агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыру, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорт әлеуетін нығайту. Осы бағыттардың орындалуы жер ресурстарымен тікелей байланысты екені айдан анық.
Еңбек Қызыл Ту орденді Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында кең көлемде топырақ-географиялық, топырақ-мелиоративтік, топырақ-геохимиялық көп жылдық ізденістер мен ғылыми жұмыстар жасалды. Осылардың негізінде 14 томдық ғалымдардың ғылыми еңбегі жарық көрді және жалпы Қазақ топырақшолу картасы жасалынды. Дегенмен, бұрынғы әр түрлі масштабтағы топырақ карталары тек қана топографиялық негізде дәстүрлі әдіспен жасалынған болатын. Бүгінде олардың көпшілігі ескіріп қалды да қазіргі жағдайдың талаптарына сай келе бермейді. Сондықтан қазіргі таңда институт ғалымдары жаңа әдістерді пайдаланып жаңа карталардың электронды нұсқасын жасап жатыр. Институтымыздағы ғылыми ізденістердің негізінде өсімдік биологиясы саласында ғылыми жаңалық тіркелді. Сонымен қатар күшті тұзданған сілтілі топырақтарды игерудің жаңа технологиясының бірнеше модификациясы жасалды. Осы технологияны пайдалана отырып тұзданған топырақтардың құрамындағы тұздардың көлемі үш пайызға дейінгі деңгейде болған жағдайда тұзды шаймай-ақ күріш дақылының пісу мерзімін 7-12 күнге қысқартып, топыраққа ендіретін тыңайтқыштың нормасын екі есе азайтып, өнімнің өнімділігін 15-30 пайызға көбейтуге болатыны дәлелденді және ол толығымен өндірісте пайдаланылуда.
Ғалымдарымыз топырақтың құнарлылық элементтерін тиімді және қарашіріндінің оң балансын жасай отыра күріштің жоғары және тиянақты өнімін алуға болатын жолдарын да ұсынды. Осыған орай қазіргі кезде өндірісте әр дақылға бейімделген гумин адаптаген-препараттарының негізінде наноагромелиоративтік әдіс бойынша жасалған технологияны өндіріске ендіре отырып топырақтың құнарлылығын сақтап және ауылшаруашылық дақылдарынан 25-65 пайызға дейін қосымша өнім алуға болатынын дәлелдеді.
Жерді тиімді пайдалану үшін Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының жасаған жаңа электронды топырақ картасының нұсқасына және осы институттың топырақты тиімді пайдалану үшін жасаған агроөндірістік топтамасы картасына сүйенген орынды деп есептейміз. Қазіргі кездегі топырақты агро-химиялық тексерудің әдістері мен әдістемелік негіздері және соның негізінде жасалған агрохимиялық картограммалар көп шығынды қажет етеді және тыңайтқыштарды тиімді пайдалану үшін жылдам шешім қабылдау қазіргі уақыт талабына сай келе бермейді. Біздің институт топырақты агрохимиялық тексерудің және соның негізінде жасалған агрохимиялық картограммаларды далалық жағдайда жаңа технологияларды, жердің жағдайын қашықтан барлап білу, геоақпараттық жүйе арқылы топырақтың үлгісін алмай топырақ пен өсімдікке диагностика жасайтын жаңа құралдарды пайдаланатын тың әдістерді дайындап өндіріске енгізуді қарастырып отыр. Жердің жағдайын қашықтан барлап білу әдісін пайдалану, оның ішінде спутник арқылы, ауыл шаруашылық егістігінің жағдайын мерзімінде және топырақ құнарлылығының негізгі элементтерінің өзгерістерінің тұрақтылығын оперативті түрде және нақтылы деңгейде жоғары қамтамасыз ететіні белгілі.
Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен құрылған Кедендік одақтың еліміздің ауыл шаруашылығына ықпалы молынан болар деген ойдамыз. Себебі, осы кеңістікте агроөндірістік кешеннің ортақ проблемалары ауыл шаруашылығы секторының өнімділігін арттыратын салаларын ғалымдармен бірге талқылап, қоян-қолтық жұмыс істеп, тәжірибе алмасудың арқасында тиянақты шешімдерге және жетістіктерге жетуге болатыны анық.
Біздің институтта Қазақ ұлттық аграрлық университетінің агрохимия және топырақтану кафедрасының филиалы жұмыс істейді, студенттер 3-курстан бастап осы филиалға келіп білімдерін шыңдайды және ғылымның кәсіби жақтары мен бағыттарын, ұжымның негізгі өркендеу жолдары және мақсаттарын біледі. Біздің ғалымдар олармен бірлесіп жұмыс істеп, ғылымға бейім балалардың, университетті бітірген соң, ғылым жолына бет бұрып, бізге жұмысқа орналасуына дәнекер болады. Егер ғылыми білім мен өндіріс жұдырықтай жұмыла отырып Елбасының халыққа арнаған Жолдауын қолдап үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға ат салысса, топырағымыз құнарлы, өніміміз жоғары және сапалы болып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің нығая түсетіндігі анық.
Абдолла САПАРОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.
СҰРАНЫСҚА ИЕ ӨНІМ АТЫРАУДА ШЫҒАРЫЛМАҚ
Атырау – өнеркәсібіне қоса құрылыс индустриясы қарқын алған өңір. Әсіресе, көп қабатты тұрғын үйлер, өзгеге де ғимараттар көптеп бой көтеруде. Ал оларға қажетті құрылыс материалының бірі – жеңіл панель. Оны өңір орталығынан ашылған жаңа зауыттан шығаруға дайындық жүріп жатыр. Зауыт басшысы Алексей Шубиннің пікірінше, жеңіл панельдер 2-3 қабаттық ғимараттардың негізгі тіреуіші бола алады. Сонымен бірге, оны қабырғаға, төбе жабындысына пайдаланудың мүмкіндігі мол.
Қазір аталған зауытта технологиялық жабдықтар толықтай орнатылған. Енді оны инженерлік-коммуникациялық, соның ішінде су, электр желілерімен қамту мәселесін тезірек шешу қалып тұр. Зауыттағы дайындық жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Б. Рысқалиев бұл мәселенің оң шешім табуына көмек берілетініне тоқталды. Өйткені, зауыттың өнімі өңірдің құрылыс индустриясын өркендетуге оң ықпалын тигізеді. Бұл – бір. Екіншіден, жергілікті жерде өндірілетін бұл өнімді құрылысқа кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Сол себептен аталған зауыттың тезірек жандануына өңір басшылығы қолдау көрсетпек. Құрылыс саласына қажетті материалдарды алыстан тасымалдамай, өзімізде өндірілген жеңіл панель секілді өнімдерді көбірек қолдану қажет. Жеңіл панель шығаруға пайдаланылатын шикізаттық материалдар жергілікті жерден болуы тиіс, деген байлам айтты облыс әкімі.
Жеңіл панель зауытының директоры А.Шубиннің түсіндіруінше, мұнда алғашқы сынама өнім шығарылған. Оның көлемі –300 шаршы метр. Жеңіл панельдің әр шаршы метрі 20 АҚШ долларына бағаланыпты. Себебі, жеңіл панель шығаруға қажетті сым орамдары Ресейден, ал пенопласт Қытайдан алдырылған. Шетелден тасымалданғаннан кейін өнімнің өзіндік құнын арзандату мүмкін емес. Шикізаттардың шетелден тасымалдануын зауыт басшысы Ақтаудағы осындай өнім шығаратын зауыттың тоқтап тұруымен түсіндіреді. Көрші облыстағы зауыт толыққанды жұмыс жасаса, шикізатты содан алуға дайынбыз. Сол кезде біздің өніміміздің құны екі есеге дейін арзандайды, дейді А. Шубин. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Атыраудағы жаңа зауыттан шығарылатын жеңіл панельге Ресейден, Түркіменстаннан қызығушылық танытыла бастапты.
Зауыт басшылығы жеңіл панельдің сапасы өте жоғары екендігіне сендіріп отыр. Құрылыста пайдалануға өте қолайлы мұндай панель бұған дейін Аты-раудағы “Нұрсая” шағын ауданынан бой көтерген 4 көп қабатты үй құрылысына пайдаланылыпты. Енді таяу арада Атырауда дәл осындай жаңа өнім шығаратын жаңа зауыт іске қосылмақ. Сол кезде тек құрылыс кәсіпорындары үшін емес, жеке тұрғындар сұранысына орай өнім шығарыла бастамақ. “Біздің өнімімізді жергілікті құрылыс индустриясына кеңінен қолданудың маңыздылығы сол, жеңіл панельмен кез кезген үлгідегі тұрғын үйді оңай әрі тез тұрғызуға көп уақыт кетпейді. Кірпіштен салынған үйлерге қарағанда, жеңіл панельден тұрғызылған үй жылы болуымен ерекшеленеді. Құрылыста жеңіл панельді қолдану өте ыңғайлы, себебі, оның салмағы жеңіл болады. Осылайша, бұл өнім сапалы тұрғын үй бағасының қолжетімді болуына ықпал етеді” дейді зауыт директоры А. Шубин. Демек, жеңіл панельге тек жергілікті жерден емес, таяу шетелдерден де сұраныс молаятынына күмән жоқ.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.