Спорт • 16 Қараша, 2021

Әлем чемпионатын екі жыл сайын өткізу кімге тиімді?

391 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Миллиондар ойыны» саналатын футболды жақын жылдары тағы бір үлкен реформа күтіп тұрғандай. 1930 жылдан бері әр төрт жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан жаһандық доп додасы 2026 жылдан бастап әр екі жыл сайын өткізілуі мүмкін. Әлемдік мундиалды жиі өткізу туралы ұсыныстар біраздан бері айтылып жүргенімен, ФИФА бұл жолы шындап іске кіріскен сияқты. Өйткені аталған ұйымның басшылығы жуырда әр елдің ұлттық федерацияларына әлем чемпионатын екі жыл сайын өткізу туралы ресми ұсыныс жіберіп, құрамалардың қолдауын күтіп отыр.

Әлем чемпионатын  екі жыл сайын өткізу кімге тиімді?

Даудың басы – Блаттердің ұсынысы

Кез келген ұсыныстың, өзгеріс­тің, реформаның белгілі бір топқа ұнамауы, осы себепті екі тарап арасында дау-дамай туындай­тыны белгілі ғой. Мәселен, көк­темде Еуропаның ТОП командалары Суперлига атты бөлек чем­пионат құрамыз деп бас көтер­генде, УЕФА басшылығы өре тү­регеліп, қарсылық танытып еді. Сол сияқты ФИФА-ның бұл ұсынысы да әлемдік фут­бол қауымдастықтарының қарсы­лығына тап болып отыр.

Қазір көп жерде әлем бірін­шілігін екі жыл сайын өткізу идея­сын ең бірін­ші болып «Арсе­налдың» бұрынғы бас жат­тық­тырушысы, қазіргі таңда ФИФА қызметкері саналатын Арсен Вен­гердің көтергені туралы айтылып жатыр. Негізінен мұндай ұсыныс ең алғаш рет 1999 жылы айтылған еді. 1998 жылы ФИФА президенттігіне сайланған Зепп Блаттер бір жылдан кейін осындай маңызды идеяны ұсынды. Блаттер нақты бір ұсыныс жасап, сөзден іске көшпеген соң, оның бастамасы қолдаусыз қалды. Ол өзінің «ғаламдық идеясын» 2004 жылдан бастап іске асыруды көздегенімен, әлемдік күнтізбе 2004 жылға дейін бекітіліп қойғандықтан, тағы екі жылға кейінге шегерілді. Бірақ ол жылы да жобасын іске асыра алмады. Содан кейін Блаттер өзінің идеясын жүзеге асыра алмайтынына көзі жетті ме екен, әйтеуір 2006 жылдан кейін ол бұл жобасын мүлде «ұмытып кетті».

Арсен Венгер екі сөйлейді

Арада бірнеше жыл өткен соң, әлем чемпионатын екі жыл сайын ұйымдастыру бастамасы ФИФА-ның 2018 жылғы кезекті конгресінде тағы да көтерілді. Сол жиында ФИФА-ның футболды дамыту және насихаттау бөлімінің директоры Арсен Вен­гер жанкүйерлерге қызықты әрі жоғары дәрежедегі ойындар керек екенін айтып, былай деген еді: «Ойлап қараңызшы, 2026 жылы АҚШ, Мексика және Канадада кезекті әлем чемпионаты, 2027 жылы – Еуропа біріншілігі және басқа да құрлық додалары, 2028 жылы – тағы да әлем чемпионаты өткізілсе. Іріктеу ойындары азайып, көбірек плей-офф бәсекелері ұйымдастырылады. Бұл – қазіргі футбол жанкүйерлері қалайтын ойындар».

Бір қызығы, 2013 жылы «Ар­сенал» клубын жаттықтырып жүр­ген Арсен Венгер ұлттық құра­малардың халық­ара­лық ойындары тым көп екенін айтып, соның салдарынан командасы АПЛ-да тәуір нәтиже көрсете алмай келе жатқанына шағымданған болатын. «Ұлттық құрамалардың ойындары кезіндегі үзіліс коман­даны жақсы қалып­та ұстауға мүмкіндік бермейді, ойын­шы­лар клубқа қайта оралғанда ұзақ уақыт қалпына келе алмай жүреді. Бізде жат­ты­ғуға уақыт жоқ – тек ойнауға ғана уа­қыт та­уып жатырмыз», деген Венгер ара­ға се­гіз жыл салып өз пікіріне өзі қарсы шық­ты.

Венгер алға тартқан негізгі ой мынадай: әлем, Еуропа чемпионаттарына іріктеу матчтары мен ұлттық құрамадағы үзілістерді азайту. Сонымен қатар бір жарым жылға созылатын іріктеу ойындарын бір айға дейін қысқарту. «Меніңше, ұзақ уақытқа созылатын ойындар ешкімге ұнай қоймайды. Сондықтан бұл ойындарды біз төрт-бес аптаға сыйғыза аламыз. Мен бұл кездесулерді қазан айына жоспарлайтын едім», дейді Венгер.

Ақша емес, сапа маңызды

ФИФА Лионель Месси ұлттық құрама үшін 2014 жылдан 2018 жылға дейін 324 мың шақырым басып өткенін мысал ретінде айтып өтті. Ұйымның таратқан ақпараты бойынша, егер әлем чемпионатын әр екі жылда өткізетін болса, онда бұл қашықтық 157 мың шақырымға дейін қысқаруы мүмкін (2026-2030 жылдары). Оңтүстік Америкадағы ұлттық құрамалар үшін төрт жылдық аралықтағы ойындар саны қазіргі 38 матчтан 34-ке дейін қысқарады. Ал Еуропадағы құрамалар 44 матчтың 43-ін өткізеді.

Бұған дейін ФИФА президенті Джанни Инфантино әлем чемпионатын жиі өткізудің қандай артықшылықтары бар екенін айтып өткен еді. «Меніңше, әлемдік доп додасының әр екі жылда өтуінің басым бағыттары көп. Олар жоғары дәрежедегі бәсекелестік, өзге де құрамаларға үміт сыйлау және көбірек сенсацияға жол ашады. Әлем біріншіліктерін әр төрт жыл сайы­н өткізу туралы шешім қабылданғанда, ұлт­тық құрамалар саны небәрі 40 болатын, ал қазір бізде 211 құрама бар».

Сонымен қатар жаһандық доданы жиі өткізу идеясының ФИФА президентіне бірнеше себеппен де ұнағанын айта кету керек. Мәселен, аталған ұйымның 95 пайыз табысы әлем чемпионатын ұйымдастырудан түседі. Мәселен, 2018 жылы Ресейде өткен біріншілікте ФИФА 4 миллиард еуро табыс тапқан. Ал УЕФА 11 миллиард еуроға кенелген болатын. Табыс табу жағынан екі ұйым бұрыннан бері бәсекелес екені баршаға белгілі. Сонымен қатар әлем чемпионаты жиі өткен сайын ФИФА әлемде көбірек саяси ықпалға ие болады.

«Әлем чемпионатын жиі өткізудің негізгі мақсаты – қаржы емес, жаһандық доданың және матчтардың сапасын арттыру», дейді Венгер. Бірақ оның сөзіне сенген ешкім жоқ. Екі жыл сайын әлем чемпионатын өткізудегі ФИФА-ның бір ғана мақсаты бар. Ол – қалайда көбірек қаражат табу және сол арқылы өзінің бас­ты бәсекелесі – УЕФА-мен болып жатқан «жасырын соғыста» жеңіске жету.

Қарсы тараптың пікірі қандай?

Әлем чемпионатын әр екі жылда өткізу идеясына ең бірінші УЕФА президенті Александер Чеферин қарсы екенін білдірді. Ол тіпті егер ФИФА өз жоспарын жүзеге асыратын болса, Еуропа құрамалары аталған ұйымға бойкот жариялайтынын айтып, ФИФА-ны қорқытуға тырысып көрді. Оның пікірінше, әлем біріншілігін әр екі жылда өткізу турнирдің маңыздылығын түсіріп, футболшылардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізеді. Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы (КОНМЕБОЛ) да мұндай бастамаға қарсы шығып отыр.

Әлем чемпионы, Германия құрама­сының бұрынғы футболшысы Филипп Лам мұндай реформаның кері жақтарын санамалап айтып берді. Оның айтуынша, мұндай өзгерістер футболшылардың да, жанкүйерлердің де наразылығын тудыруы мүмкін.

– Әлем чемпионаттары арасындағы уақытты қысқарту туралы ұсыныс жанкүйерлер арасында футболдың басты элементі – ақша деген пікір қалыптастыруы мүмкін. Ірі спорттық жарыстар сабырлы болуды және ұзақ уақытты талап етеді. Бұл – олардың тұрақтылығы үшін маңызды. Өте көп футбол турнирлері жан­күйерлерді жалықтырып жіберуі мүмкін. Ал ірі турнирлер әрдайым есте қалады. Грекиялықтар төрт жыл бо­йы Еуропа чемпионының титулымен жүр­ді, португалиялықтар – бес жыл, ис­паниялықтар сегіз жыл. Егер үлкен тур­нирлер жыл сайын өткізілетін болса, бұл әлеуметтік желідегі жаңа арна немесе телефондағы жаңа бағдарлама сияқты болып қалады. Жыл сайынғы тартысты ойындар футболшыларға да кері әсерін тигізеді. Мен 2014 жылы ұлттық құрамадан сол үшін кеттім. Себебі мен әрі қарайғы жоғары жүктемені көтере алмайтын едім. Бірақ кейіннен үш жыл клубтық деңгейде жоғары ойын өткізіп шықтым», дейді ол.

Ресей құрамасының бас бапкері Валерий Карпин де бұл идеяға қарсы шықты. «Егер әлем чемпионатын екі жыл сайын өткізетін болса, демек, жыл сайын футболшылар ірі турнирлерге қатысуы керек болады. Бас бапкер ретінде мен бұған қарсымын, ойыншылар зорығып қалады. Еуропада кейбір ойыншылар ірі турнирлер өтетін жылдары кемінде 70-тен астам матчқа қатысады. Бұл – футболшыларды зорықтыру», дейді Карпин.

Сондай-ақ бұл ұсыныс ФИФА-ның негізгі серіктесі Аdidas-тың атқарушы директоры Каспер Рёрстед тарапынан да сынға алынды. «Мен әлем чемпионаты әр екі жыл сайын өткізу дұрыс емес деп есептеймін. Белгілі бір уақытта өтетін әр құрлықтың өз турнирлері бар: Еуро, Копа Америка. Басқа істерге де уақыт қалдыру керек деп ойлаймын. Мен футболдың нағыз жанкүйерімін, бірақ теледидар арқылы биатлон, гандбол, тау шаңғысы, теннис турнирлерін де көрсету керек. Егер біз тек бір спорт түрін үлкен күшпен насихаттайтын болсақ, бұл ешкімге пайда әкелмейді», дейді ол.

Аталған реформа бойынша дауыс беру кезеңі желтоқсан айында өтеді. ФИФА бұл ұсыныс федерациялардың көп көлемде қолдауына ие болатынына сенім білдіруде. Бұрын осы реформаларға қарсы шыққан УЕФА басшылары мен КОНМЕБОЛ басшылары енді қалай әрекет ететіні әзірше белгісіз. Әлем чемпионатын екі жыл сайын өткізу идеясына Қазақстан футбол федерациясы әлі пікір білдірген жоқ.