Саясат • 16 Қараша, 2021

Еуропаның стратегиялық компасы

418 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Компас адамға жол табуға көмектеседі.  Ал Еуропалық кеңестің тапсырмасы бойынша мен әзірлеген «Стратегиялық компас» Еуропалық одақтың қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері жөнінде алға жылжып, шешім қабылдауына жедел нұсқаулық есебінде қолданылады. Құжат алдағы аптада Еуропалық одақтың Сыртқы істер мен Қорғаныс министрліктерінде талқылаудан өтеді. 

Еуропаның стратегиялық компасы

Стратегиялық құжат үш сұраққа жауап беруге арналған: Біз қандай қиын­дықтар мен қауіптерге тап келеміз? Актив­терімізді біріктірудің ұтымды жолы бар ма, оларды тиімді түрде қалай бас­қа­рамыз? Еуропаның аймақтық және жаһан­дық ойыншы ретінде өз ықпалын арттырудың ең жақсы жолы қандай?

Таяуда жүргізілген талдауымыз бір нәр­сені анық көрсетті. Еуропаға қауіп төніп тұр. Еуропалық одаққа мен «стра­те­гиялық қысқару» деп атаған нәрседен залал келеді. Мұны үш тұрғыдан қабыл­дай аламыз. Біріншіден, біздің экономи­калық мүмкіндіктеріміз барған сайын шектеліп келеді. 30 жыл бұрын Еуропа­­лық одақ әлем байлығының төрт­тен бірін құрайтын. Жиырма жыл ішін­де бұл көрсеткіш қысқарып, қазіргі таңда 10 пайыздан сәл ғана асады. Демо­гра­фия­лық тұрғыда азаюымыз да дәл осындай қарқынға ие. Осы ғасырдың соңына қарай Еуропаны мекендейтіндер саны әлем халқының 5 пайызына жетпей қалуы мүмкін.

Ең бастысы, кейбір экономикалық бәсе­келес­теріміз бізден мүлдем өзгеше құнды­лықтарға басымдық береді. Осы­лайша, Еуропалық одақтың норматив­тік күшіне қауіп төндіреді. Еуропалық одақ өз саясатын жүргізерде бұл мәсе­лені ескеруі керек. Жасанды интеллект, бұлттық есептеулер, жартылай өткіз­гіштер және биотехнологияны игеру жөніндегі жаһандық стандарттарды белгілеуге бәсеке қазірдің өзінде жүріп жатқанын мойындауы тиіс.

Екіншіден, Еуропалық одақтың стра­тегиялық сахнасындағы ойын күше­йе түсті. Амбициясы мол жаңа ойыншылар шығып, әскери күш көрсету артып, киберсоғыс пен жалған ақпараттан құралған тұрақсыздандыру стратегиялары жүзеге асып жатыр. Бұрынғыдай әлем бейбіт не соғыс жағдайында деп сипаттайтын күндер артта қалды. Қазір­гі таңда қорғаныс іс-қимылын кең ауқым­да жүргізуді қажет ететін гибридті жағ­дайларға көбірек жиі кезігіп отырмыз.

Соңғысы, Еуропалық одақтың саяси ауқымы тарылып барады. Сондай-ақ біздің либералдық құндылықтарымызға қарсылық күшейе түскен. «Пікірталас шайқасында» жалпыадамзаттық құнды­лықтар шын мәнінде тек батыстық құры­лымдар дегенге сенетіндер саны артқан. Экономикалық өркендеу әрқашан демо­кратиялық дамуға әкеледі деген баяғыдан келе жатқан болжам жоққа шығарылды.

Бәсекелестік күшейіп келе жатқан осындай стратегиялық ортада Еуро­палық одақ құндылықтарымыз бен мүд­де­лерімізді қорғай отырып, өз азамат­тарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ оған қол жеткізу 

үшін дағ­дарыспен күресу кезінде тезірек және батыл әрекет ету керек. Ендеше, жиі өзгеретін қауіптерді алдын ала білуге, азаматтарымызды олардан қорғауға міндеттіміз. Қажетті мүмкіндіктер мен тех­нологияларға инвестиция құйып, ортақ мақсаттарға жету үшін серіктес­термен ынтымақтасқан жөн.

Мұндай шаралар қауіп төндіретін шабуылдарды болдыртпауға, кезіге қалғанда оған қарсы әрекет ету мүмкін­дігімізді арттырады. Әскери күштің бас­ты құнды­лығы мәселелерді шешуге мүм­кін­дік беруінде емес. Кері­сінше, мәсе­лелерді бізге зиян келетіндей шешілуін болдыр­мауға көмектеседі. Сон­дық­тан «Стра­тегия­лық компас» Еуро­палық одақ­тың келісімдерінде қарас­ты­рылған әре­кет­­тердің бүкіл саласында күшті жыл­дам шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейінгі Еуропалық одақ күш­терін жедел шоғырландыру әре­кеттері аса сәтті бола қойған жоқ. Бі­рақ «Стра­тегиялық компас» мұндай іс-қи­мылды үш тәсіл арқылы жылдамырақ жұ­мыс істейтін және тиімді етуді мақсат ете­ді. Біріншіден, модульдік тәсіл қолда­ны­ла­ды. Яғни тұрақты күш ретінде алдын ала орналасудан гөрі, оның құрамы нақ­ты оқиғаларға байланысты белгі­леніп, бірлескен жаттығулар арқылы нығайтылады.

Екіншіден, миссияға байланысты күштің түрі мен мөлшерін көрсететін нақты нұсқаулар жасалады. Бұған дейін бұл керісінше болып келген. Үшіншіден, операциялық мүмкіндіктерімізге ұзақ уақыт бойы кедергі келтіріп келген әртүрлі кемшіліктерді жойып, басымдық алуға қажетті нақты әрекеттердегі күш-жігерімізді арттыра аламыз.

Мұның барлығы заңдылықты да, икем­ділікті де талап етеді. Оны кім шеше­ді және шешімдерді қалай орындау керек?

Бірауыздылық принципіне күмән келтірмей, конструктивті қалыс қалу немесе Еуропалық кеңес мақұлдаған коалицияларды құруға мүмкіндік бере­тін 44-бап сияқты кейбір ережелерді қолдану арқылы әрекет етуге мүмкіндік бар. Өйткені бізге бәрінен бұрын саяси ерік (онсыз ештеңе мүмкін емес) және операциялық тиімділік (онсыз бәрі мағынасыз) қажет.

Бірақ Еуропалық одақ, әрине, өз әрекеттерін әскери күштерді орналас­тырумен шектемеуі керек. «Страте­гия­лық компас» кибер, теңіз және ғарыш қауіпсіздігіне де назар аударады. Қауіп­терді болжау үшін ол барлау мүм­кін­діктерін арттыруды және гиб­рид­ті және кибершабуылдарға, сон­дай-ақ шетелдік жалған ақпарат пен арала­суға қарсы тұру үшін құралдарды ұлғай­ту­ды ұсынады. Сондай-ақ құжат қару­лы күштерімізді қажетті мүм­кін­­діктер­­мен және инновациялық технология­­лармен жарақтандыруға, стра­тегиялық олқы­лықтардың орнын тол­тыруға, техноло­гиялық және өнді­рістік тәуелділікті азайту­ға инвестиция құюды міндеттейді.

Ақырында мұндай күш-жігер Еуро­паның НАТО алдындағы міндеттемесі­не қайшы келмейтінін атап өткен жөн. Ұйым аумақтық қорғанысымыздың негізі болып қала береді. Бұл міндеттеме, әсіресе, АҚШ саясаткерлерінің назары басқа жаққа (Үнді-Тынық мұхиты аймағына ғана емес) ауған кезеңде көрші өңірлер мен алыс аймақтарда дербес іс-қимыл жүргізуге, өз мүмкіндіктерімізді ке­ңей­ту­ге кедергі келтірмеуі тиіс. Еуро­па­лық стратегиялық жауапкершілік – тран­с­­атлантикалық ынтымақтастықты нығай­ту­дың ең жақсы жолы. Бұл тұжырымдама АҚШ пен Еуропалық одақ арасындағы қауіпсіздік пен қорғаныс жөніндегі жаңа диалогтың өзегіне айналады.

Бірақ еуропалықтар «Стратегиялық компас» сиқырлы таяқша емес екенін түсінуі керек. Еуропалық одаққа мүше елдер қазіргі геосаяси өзгерістерді күн тәртібіне шығаруды немесе оған мән бермеуді шешеді. «Стратегиялық компас» – азаматтарымыздың және әлемнің қалған бөлігінің алдында Еуропаның қауіпсіздік міндеттерін тікелей орындауына мүмкіндік беретін құжат.

 

Джозеп БОРРЕЛ,

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның әлемдегі күшті Еуропа үшін баста­масының вице-президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org