Аймақтар • 17 Қараша, 2021

Ажарлана түскен Арыс

612 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне және Арыс қаласының 65 жылдығына орай Түркістан облысының Арыс қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды. Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев сыйға тартты.

Ажарлана түскен Арыс

Ұлы ақынның есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, қала­лық орталықтандырылған кітапха­налар жүйесі мекемесінің алдына орна­тылған ескерткіштің биіктігі 4 метр, тұғыры – 2,20, бюст биіктігі – 1,50 метр. Тұғыры гранит-мрамордан жасалған. Еңселі ескерткіштің айналасына көгалдандыру жұмыстары жүр­гізіліп, жарықтандырылған. Сал­танатты іс-шарада арыстықтарды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойы елге ой салатын, тағы­лымы мол танымдық іс-шаралар­мен жалғасын тауып жатқанын атап өтті. «Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемле­кетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – бәрімізге ортақ міндет. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуге тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн», деп атап өтті. Олай болса, орталық кітапхана алдында бой көтерген еңселі ескерт­кіш жастарымызды Абай армандаған кемелдікке жетелейді деп сенемін», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ бұл күні жарылыстан кейін мемлекеттің, күллі елдің қол­дауымен жаңарған, ажарлана түскен қаланың Дендросаябақ алдына орнатылған, темір жол тарихынан сыр шертетін, көненің көзіне айналған паровоздың ескерткіші ашылды. Ашық аспан астындағы музейге орналастырылған паравоздың салтанатты лентасын сенатор Әлімжан Құртаев, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев және Арыс қаласының құрметті теміржолшылары қиды. «Түрксіб» теміржолының құрылысына қатысып, жапан түзде тіршілікті жандандырған арыстықтарға, пойыздардың қауіпсіз жүруін қамтамасыз етуші бар­лық теміржолшыға құрмет көрсету мақ­са­тын­да тұғырға қондырылған ­паровоз тарихына келсек, ол 1946 жы­лы Улан-Удэ қаласындағы зауыттан шыққан. Салмағы жүздеген тоннаны құрайтын отарба Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха стансасынан әкелінген. «Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының тұрмысына шо­­­йын жол шаруашылығының енуі мен оның дамуы ұлтымыз үшін айтулы оқиға болды. Ал тұтас бір дәуір жаңғырығына айналған «Түрксіб» темір жолын салуда Арыс қаласының маңызы зор еді. Осы жолда біздің ата-бабаларымыз талмай тер төгіп, аянбай еңбек етті. 1946 жылы зауыттан шыққан бұл паровоз қазақ даласында 1961 жылға дейін қолданыста болған. Дәуір жаңғырып, заман жаңарған шақта, мұндай отарбалар бүгінде көне жәдігерге айналып отыр. Осындай құндылықтарды дәріптеу арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын сақтап, қазақ­стандық теміржолшылардың ерен еңбегін кейінгі буынға үлгі етеміз», деді облыс әкімі салтанатты рәсімде. Ал қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қаланың озық технологиялар заманына ілесіп, жаңашылдыққа бейімделіп жатқанын атап өтті. «Осылайша, Ары­сымыз ескі мен жаңаның, кеше мен ертеңнің арасында өз үйлесімін тап­қан айрықша өркениет ортасына айналып отыр. Бұл күнде Арыс төрінде түрлі маңызды нысан құрылысы қарқынды жүріп жатқан болса, оның бәрі де елді ын­ты­маққа шақырып, бірлік пен бе­ре­келі тірлікке жұмылдыратын жобалар десек қателеспейміз», деді Гүлжан Құрманбекова.

Қаланың 65 жылдық мерейтойы­на арналған салтанатты жиында Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғы­мен тұспа-тұс келген мерей­той арыс­тықтар ғана емес, тұтас темір­жол­шылар қауымы үшін де зор мәр­тебе екенін айтты. Арыс қаласының мере­кесіне орай өңірден шыққан өнер жұл­дыздары әннен шашу шашты. Атап айтсақ, кеште Қазақстан және Татар­стан Республикаларының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген қай­рат­ке­рі Ақжол Мейірбеков, әнші, сазгер Нұрлан Еспанов, Жанболат пен Жазира, Арыстың күміс көмей әнші­ле­рі мен мың бұралған бишілері және өзге де эстарада жұлдыздары, «Шан­шар» әзіл-сықақ театры өнер көрсетті.

Сондай-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арыстықтар мен қала қонақ­та­рын мерейлі мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарға «Түркістан об­лы­­сының құрметті азаматы» және «Арыс қаласының құрметті азаматы» атақтары мен «Түркістан облы­сына сіңірген еңбегі үшін» медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

 1

 

Түркістан облысы