Хоккей • 17 Қараша, 2021

«Барыстың» бабы келіспей тұр

177 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елорда командасы биыл Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 14-ші маусымына қатысып жатыр. Осы жылдар ішінде Гагарин кубогы жолындағы бәсекеде үш мәрте ширек финалға жеткен. Былтыр плей-офф сатысына шыққанымен, 1/8 финалда Магнитогордің «Металлург» ұжымынан айласын асыра алмады. Десе де елордалық клубтың биыл сол нәтижеге жетуінің өзі үлкен жетістік болатын сияқты. Өйткені «Барыстың» қазіргі ойыны көңіл көншітпейді. Юрий Михайлис шәкірттері ҚХЛ-дағы екі айдың қорытындысы бойынша «Шығыс» конференция­сында 27 ойыннан кейін 24 ұпаймен 10-орында келеді.

«Барыстың» бабы келіспей тұр

Жаңа үш ойыншымен толықты

Былтырғы маусымнан бастап «Барыс» тізгінін отандық маман Юрий Михайлис ұстағаны бел­гілі. Кезінде хоккейші ретінде жанкүйерлердің көңілінен шыға білген Ю.Михайлис әзірше бапкер ретінде өзін мойындата алар емес. «Барыс» былтырғы маусымды тәуір өткізгенімен, биылғы өнері жанкүйерлердің көңілінен шықпай тұр. Бұған маусымаралық үзілістен кейін клуб сапынан бірқатар тәжі­рибелі ойыншылардың басқа командаға ауы­сып кетуі де себеп болуы әбден мүм­кін. Өйткені олардың орны­на келген жаңа хоккейшілер командаға бірден сіңісіп кете алмады. Қазанның басында «Барыс» ша­буылшы Крис­тиан Томаспен келі­сімшартты бұз­ғанын хабарлады. Ол ҚХЛ-да 9 матч өткізіп, бір мәрте ғана нәтижелі паспен көзге түсе алды.

Юрий Михайлис осылайша өзіне қажетсіз ойыншылармен маусым ортасында қоштасып, «Барыс» сапында бұрын ойнап кеткен хоккейшілерді шақыра бас­тады. Мәселен, бірер күн бұрын елордаға шабуылшылар Антон Сагадеев пен Линден Вей оралды. Алғашқысы жыл басында Ярославльдің «Локомотивіне» ауысқан болса, екіншісі соңғы кездері Санкт-Петербургтің СКА клу­бында өнер көрсетті. Бірақ екеуі де биыл өз клубтарында жар­қырап көзге түсе алмады. Сагадеев бүгінге дейін 8 рет мұзайдынға шығып, әріптестеріне бір мәрте нәтижелі пас асырған. Ал 2017-2018 жылғы маусымда «Барысты» өрге сүйреген канадалық хоккейші соңғы үш жыл ішінде алдымен Мәскеудің, содан кейін Санкт-Петер­бургтің әскери командаларында ойнады. ЦСКА құрамында жүріп ол Гагарин Кубогының иегері атанса, биылғы маусымда СКА құрамында 21 матчта мұзай­дынға шығып, 11 (5+6) ұпай жинады. Екі ойыншы да «Барыста» жыл соңына дейін өнер көрсетеді.

Сонымен қатар халықаралық үзіліс кезінде елордалық ұжым өз қатарына Словакия құрамасының шабуылшысы Томаш Юрчоны қосты. Словакиялық «Кошице» клубының тәрбиеленушісі әр жылдары ҚХЛ және Америка хоккей лигасындағы «Детройт», «Чикаго» және «Эдмонтон» се­кілді клубтардың намысын қорғап, біраз тәжірибе жинақтаған. Был­тырғы маусымда ол «Вегас» пен «Хендерсон Сильвер Найтс» коман­даларында ойнап, 13 (5+8) ұпай жинаған. Сондай-ақ ол жуырда ұлттық құрамасымен бірге келесі жылы Бейжіңде өтетін Олимпия ойындарына жолдама жеңіп алды.

Статистика не дейді?

«Барыстың» қазан айындағы ойындарын қыркүйектегі бәсеке­лермен салыстырар болсақ, ша­буыл­шылардың нәтижелілігі тө­мен­дегенін байқаймыз. Қыр­күйекте «Барыс» 11 ойында 27 шайба соққан болса, қазанда 14 матч өткізіп, 33 мәрте қарсылас коман­даның қақпасын дәл көздеген. Ал бүгінге дейін қазақстандық команда 27 ойында 65 шайба соқты (бір ойында орташа есеппен 2,4). Осы көрсеткіш бойынша ҚХЛ-дың көшін «Металлург» клубы бастап тұр. Магнитогор командасының еншісінде 90 шайба бар. Сондай-ақ қақпасына ең аз шайба жіберген де дәл осы «Металлург» болып тұр – 49. «Барыс» бұл уақыт аралығында өз қапасына 74 шайба өткізіп, төменгі орында тұр.

«Барыс» қазан айындағы ең ірі жеңісіне Владивостокта қол жет­кізді. Юрий Михайлистің командасы «Адмиралды» 4:1 есебімен жеңді. Ерекше атап өтерлігі, бұл ойынд­а «Барыс» сапынан көзге түс­кен Дінмұхамед Қайыржан коман­даның ҚХЛ-да гол соққан ең жас ойыншысы атанды. 18 жас­тағы шабуылшы биылдан бастап «Ба­рыстың» негізгі құрамында ойнап жүр.

Өткен айдағы ең ірі жеңіліс 24 қазанда «Барыс Аренада» тіркелді. Бұл кеште «Барыс» Череповецтің «Се­версталь» клубына 1:5 есебі­мен жол берді.

Екі айдың қорытындысы бо­йын­ша, «Барыс» сапында әзірге Никита Михайлистен озатын шабуылшы табылмай тұр. 27 ойында ол 13 мәрте мергендігімен көзге түсіп, 17 рет әріптестеріне нәти­желі пас асырған. 30 ұпай жинаған Михайлис тек «Барыстың» емес, ҚХЛ-дың үздік сұрмергендер тізімінің үшінші сатысына жай­ғасқан. Оның алдында 39 ұпайы бар (13+26) «Динамо» өкілі (Мәс­кеу) Вадим Шипачёв пен «Ви­тязь» шабуылшысы Нико Оямяки (19+11) тұр.

Михайлиспен қатар Да­рен Диц те команданың үздік сұрмергені саналады. Ол 27 матчта қарсыластар қақпасына 9 шайба соғып, 10 рет әріптестерінің көзге түсуіне жағдай жасаған. Пайдалылық коэффициенті жағынан Диц те лигадағы үздік­тердің бірі. Дарен қо­р­ғаушы-бом­бардирлер арасында 29 ұпаймен екінші орынға орналасқан. Одан тек Теодор Леннстрём (Торпедо) ғана озып тұр. Ол Дицтен 4 ұпайға артық жинаған.

Алдағы қарсыластарымыз кімдер?

Бұл айда «Барыс» алты ойын өткізеді. Үш ойын сырт айдында, үш матчты «Барыс Аренада». Қарашадағы бәсекені елордалық ұжым кеше сырт айдында «Сочи» клубымен бастады. Бұл – екі ұжым арасындағы осы маусымдағы ал­ғашқы ойын болмақ. Қазіргі таңда «Сочидің» де жағдайы аса мәз емес. Олар «Батыс» конфе­ренция­сындағы турнир кестесінде 22 ұпаймен 11-орында келеді.

Бұл матчтан кейін жерлесте­ріміз Мәскеуге қонаққа барып, жергілікті «Спартакпен» кездеседі. Қыр­күйекте «Мегаспорт» мұ­зай­дынында өткен ойында «Барыс» 1:4 есебімен жеңіліп қал­ған еді. «Спартак» «Батыс» конфе­рен­циясындағы турнир кестесінде 30 ұпаймен 8-сатыға жайғасқан.

Елордалықтар сырт айдындағы ойындар сериясын Череповецте түйіндейді. 24 қазанда «Барыс Аренада» өткен ойында «Север­сталь­дан» 1:5 нәтижесімен жеңіл­ген жерлестеріміз енді «Мұз сарайында» есе қайтаруды көздейді.

Содан кейін қазақстандық хоккейшілер «Барыс Аренаға» оралып, «Динамо Минск», «Торпедо» және «Витязь» ұжымдарымен сынға түседі.