Теннис • 17 Қараша, 2021

Өскеменде олжалы болды

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменде теннистен жас спортшы­лар арасындағы халықаралық ITF Juniors J3 Kazzinc Open турнирі өз мә­ре­сіне жетті. Бір қуанарлығы, өз елі­­мізде өткен байрақты додада қазақ­стан­дық теннисшілердің мерейі үстем болды.

Өскеменде олжалы болды

Қазақстан теннис федерациясының бас­пасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Өскемендегі турнирдің жекелей және жұп­тық сынында қазақстандық қыздар үздік шықты. Жекелей жарыстың финалында Сандуғаш Кенжебаева мен ресейлік Елизавета Масная бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс барысында Масная қазақстандық апалы-сіңлілі Арыстанбековаларды және Аружан Сағындықованы жолдан тайдырған болатын. Әсіресе, 3 сағат 11 минутқа созылған жартылай финалдық матчта Асылжан Арыстанбекованы жеңген еді. Ал Кенжебаева жартылай финалда отандасы Дана Байдәулетпен 2 сағат 41 минут ойнады. Дегенмен соңғы бәсекеде С.Кенжебаева Е.Маснаядан 6:3, 6:4 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алды.

Жұптық сында финалда қазақстандық теннисшілер өзара кім мықтыны анықтады. Осы доданың бірінші ракеткалары Аружан Сағындықова мен Дана Байдәулет Әсем Шойбек пен Стефания Шалахованы 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.