КЕДЕН ОДАҒЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІК
Кеден одағы және бірыңғай экономикалық кеңістік құру тек қана саяси емес, алдымен экономикалық қажеттіліктен туындап отырған шешім. Одақ үш елдің экономикасын дамытуда, өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді етуде аса қуатты серпіліс беретін болады деп сенеміз. Осы тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен Астанада өткізілген “Кеден одағы елдері аграрлық-өнеркәсіптік кешенін ғылыми қамтамасыз ету” халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы одаққа мүше үш елдің аграрлық ғалымдарының басын қосып, келелі пікірлерді ортаға салғызды. Бұл басқосуға Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, белгілі аграрлық ғалымдар қатысты. Ресей, Қазақстан, Беларустің аграрлық саладағы ғылыми ынтымақтастық және экономикалық интеграциясының өзекті мәселелері талқыланып, елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының игілігін арттыру шаралары қарастырылды. Бастаманы бірінші болып қолға алып, Қазақстан, Ресей, Беларустің аграрлық саладағы ғылыми ынтымақтастық және экономикалық интеграциясының өзекті мәселелерін талқылатқан бұл форум Кеден одағына мүше үш ел арасында алғашқы аграрлық бірыңғай жолды салды.
Қашанда үлкен істі бастау алдында “Келісіп пішкен тон келте болмас” деген қазақтың дана мақалын еске аламын. Кеден одағы сол үлкен істің болашақ баспалдағы. Әлем жаhандану үдерісін бастан өткеруде. Кеден одағы дегеніміз, бүгінгідей алапат заманда ынтымақтаса отырып, бірлесе тығырықтан шығу, өз экономикаңды сырттан келер импорттан белгілі бір белгіленген шаралар арқылы қорғай отырып, дамыту. Яғни, әлемдік рынок сөрелерінен өз орнымызды ойып тұрып алу үшін де алдымен экономикалық әлеуетімізді одақтас елдермен ынтымақтаса отырып нығайтып алуымыз керек. Жаһанданудан қанша қашып құтыламыз дегенімізбен, одан сырт қала алмайтындығымыз айқын. Сондықтан да, ғалым ретінде Кеден одағының біздің ел үшін берері көп болатынына сенемін. Үш елдің өзара бірігіп Кеден одағын құруының қайтарымы ертеңгі күні-ақ көрініс беретін болады деп ойлаймыз. Қазіргі кезде одақ жайында әртүрлі пікірлер айтылуда. Меніңше, оның басым бөлігі көпшіліктің Кеден одағының мәнін түсінбей жатқанында болса керек. Кедендік одақтың біз үшін керек екені даусыз. Әйтсе де, бұл қарапайым мәселе емес. Экономиканың барлық секторы арасында түсіндірме-әңгімелер өткізіп, жұрттың көңіліндегі күдікті сейілтуіміз керек. Кеден одағының ауыл шаруашылығына берері не, ауылдағы әрбір шаруа қожалығы, фермер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар бұл одақтан өзіне тиімді қандай игіліктерді пайдалана алады деген сауалдарға жауап беретін басқосуларды белгілі бір топтар арасында ғана емес, аймақтарға барып, ел ішінде өткізген жөн дер едім. Қазақстан Ресейге өз ұпайын беріп қоятын болды дегеннің бос сөз екендігіне халықтың көзін жеткізуіміз керек. Жалпы, Кеден одағы дегеніміз, бірін-бірі басынбай, тең тұрғыда келісіп барып, ортақ шешім қабылдайтын ұйым.
Кеден одағының негізгі элементі – бірыңғай кедендік тариф болса, екіншісі – бәсекелік орта құратындығы. Біздегі кертартпа пікірлердің де туындауының басты себебі осы бәсеке болса керек. Бәсекеден қорқып, үрке беретін болсақ, біз әлемдік көштен қалып қоямыз. Осыны түсінетін кез келді.
Бәсеке дегеніміз – экономиканың қозғаушы күші. Қазақстанның аграрлық-өнеркәсіптік кешені 100 миллион адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Бізде үлкен база бар, тек соның көзін тауып, бәсекеге қабілетті өнім шығара білу керек. Соңғы жылдары Қазақстанның аграрлық өндірісі жақсы даму үстінде. 2009 жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімі ақшалай 1620 миллиард теңгені құрапты. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 4 есе өсімді көрсетеді. Әрине, Кеден одағына мүше болғаннан кейін ауыл шаруашылығының мойнына артылатын жүк те көбейеді. Рыноктар мен экономикалық қатынастардың жаһандану үдерісі жағдайында даму тетігін жеделдетпесе болмайды. Мұны мемлекеттің аграрлық саясатын құру кезінде есепке алып, маңызды деген бірқатар мәселелерді жедел түрде шешуіміз керек. Алдымен біз ішкі рыноктағы сұранысты азық-түлікпен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып, одан кейін Кеден одағына мүше елдер рыногына қандай өнім шығаратынымызды айқындап алуымыз керек сияқты. Ол үшін егін-өсімдік өнімдері мен мал шаруашылығы көлемін айтарлықтай өсірген дұрыс.
Халықты азық-түлікпен тұрақты түрде қамтамасыз етуде қайта өңдеу мәселелерін дамыту, импорт тауарларының көлемін қысқартып, керісінше, экспортқа шығаратын өнімдерімізді молайту мәселесіне маңыз беруге тура келеді. Қайта өңдеу жүйесін дамыту шикізаттық базаға тәуелді екенінде дау жоқ. Ал ондай базаның бізде жеткілікті екенін айтып өттім. Енді сол базаны инновациялық технологияларды пайдалана отырып, заманауи техникалармен байытып, шикізат базасы мен ауыл шаруашылығының өнімдерінен дайын азық-түлік жасап шығаратын қайта өңдеушілер арасындағы қатынасты жетілдіруіміз қажет. Ұсақ өңдеуші кәсіпорындарды біріктіріп, ірілендіру де талай мәселені шешеді деп ойлаймын. Себебі, біздегі бір кемшілік – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатындар көбіне ұсақ шағын кәсіпорындар болып келеді. Тәжірибе ірі өндірістің артықшылығын көрсетуде. Шағын кәсіпорындардың біразы жылды шығынмен жауып жүр. Сондықтан да шағын шаруашылықтар мен кәсіпорындарды ірілендіріп, өзара қатынастарын дұрыс жолға қою табыстың еселене түсуіне бастайтын жол дер едім. Сонда ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу, сақтау, алғашқы және тереңдете өңдеу, өнімді өткізу, шикізат өндірушілер мен қайта өңдеушілер арасындағы экономикалық өзара қатынастардағы осы уақытқа дейін дами алмай отырған жүйенің проблемаларын шешуге болады. Шикізат базасы мен өңдеушілер, жеткізушілер, сауда арасындағы байланысты белгілі бір жүйеге түсірмей, бәсекеге қабілетті өнім өндіре алмаймыз. Өйткені, ортадағы қарым-қатынастың жүйелі еместігін пайдаланушы – делдалдар бір жерден арзан бағаға көтере сатып алып, екінші жерге қымбатқа сатып, екі жеп биге шығып жүр. Сондықтан да, біздің өндірген өніміміздің бағасы импорттан екі-үш есеге қымбат болып шыға келеді. Бәсекеге қабілетті өнім өндіруге кедергі болып отырған тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар жабдықтарының тозығы жетіп тұрғандығы, ауыл шаруашылығы шикізатын өнеркәсіптік өңдеу сапасының төмендігі, шикізаттың жетіспеушілігіне байланысты кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істемейтіндігі. Осының бәрінің нәтижесінде, өзіміз шығара алатын азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін импорттық өнімдер басып алып отыр. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісі Беларуспен салыстырғанда қатаң климат жағдайында жүргізілетіні белгілі. Соған қарамастан, біздің астығымыз бен етіміз, жеміс-жидегіміз Кеден одағына мүше екі елде де жоғары сұраныспен өтуде. Ал енді одақ күшіне толық енгеннен кейін өнімдерді рынокқа өткізу бәсекесі қызатыны анық. Яғни, қазақстандықтар өндірістің сапалық маңызын күшейтуге, дақылдар мен мал өнімдерін арттыруға күш салатын болады. Ол үшін алдымен мемлекет тұрғысында ауыл шаруашылығына жанды қолдау керек. Менің ойымша, Беларусь пен Ресейдегі аграрлық секторға жасалып жатқан жағдай мен мемлекеттік қолдаудың дәрежесінен біздегі көмек бір де кем болмауы тиіс. Бәсекеге түсетіндердің старттық алаңы бірдей болуы керек. Одан кейін де бәсекеге сай өнім өндіре алмай жатса, кәсіпорындардың өзіне сын. Бұдан тек тұтынушылар ғана ұтатын болады. Өйткені сапалы, бағасы халықтың қалтасына лайықты өнім рыногымызда көбейіп, импорт азаяды. Кеден одағының елімізге ресейлік және беларустік технологиялардың жеткізіліп тұруын жеделдететініне сенімдімін. Бұл аграршылар үшін үлкен игілікке айналмақ. Сондықтан бәсекеден қорқа берудің жөні жоқ. Ресей мен Беларусь, Қазақстанда агарарлық ғалымдардың үлкен қуатты күші бар екендігін де ұмытуға болмас. Үш елдің ғылыми мектептерінің басында әлемдік атағы бар мамандар тұр деуге болады. Бізді, яғни аграрлық ғалымдарды кәсіби мүдде біріктіреді. Ғалымдар арасындағы өзара ынтымақтастық қатынас осы уақытқа дейін үзілген емес. Осыдан 4 жыл бұрын Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина ғалымдары бірігіп “Агрохимэкосоодружество” одағын құрған болатынбыз. Мен сол одақтың вице-президентімін. Ондағы мақсат – одақ шеңберіндегі елдердің аграрлық саясатындағы жаңалықтар, елдердегі топырақтану, тыңайтқыш, экология салаларындағы өзгерістер, ғылыми көзқарастар мен жасалып жатқан шараларды ортаға салып, талқылап, тәжірибе алмасу. Төрт жылдан бері біз төрт рет ғылыми конференция өткізіп, келелі мәселелерді талқыладық. Мұны айтып отырғаным, бұрыннан да ғалымдар арасындағы бар ынтымақтастық Кеден одағынан кейін кеңейе түседі деп ойлаймын. Ғылым – білім – кадр мәселесін бірлесе отырып шешуге болады. Үш елдің үкіметі Кеден одағы шеңберінде ғылыми зерттеулердің бірлескен бағдарламасын жасап, қаржының бір бөлігін технологиялық және экономикалық өсімге қол жеткізуге бөліп отырса деген ұсыныс бар.
Кеден одағының тағы бір пайдасы – ғылыми кадрларды дайындауға, оларды тәжірибе алмастыруға жіберіп тұруға жол ашылады. Ресейдің ауыл шаруашылығы ғылымы бүгінде әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып алғаны белгілі. Сондықтан үш елдің ғылыми қуатын интеграциялау әсіресе біздің мемлекетіміз үшін көбірек пайдалы болады дер едім. Жақын қарым-қатынас негізінде Қазақстанда көкөністің көптеген түрлері бойынша бағалы сорттар мен гибридтер пайда болатынына сенімдімін. Кеден одағы жұмысына кірісе сала экономикамыз гүлденіп, 170 миллион тұрғыны бар рынок біздің өнімімізді құшақ жая қарсы алады екен деп отырған жоқпыз. Бұл алғашқы ғана күрделіліктер. Не нәрседен де өзімізге тиімді, пайдалы көзді байқай біліп, сол мақсатта жұмыс істей білсек, алынбайтын қамал жоқ. Отандық тауарларды Еуропа рыногына шығару үшін Ресейдің көлік инфрақұрылымын жеңілдіктермен пайдалануға қол жеткізуге болады. Тиімді түрде тасмалдауды жүзеге асыра алатын болсақ, қазақстандық өнімнің әлемдік рынокта баға жағынан бәсекеге қабілеттілігі де арта түспек. Сонымен қатар, біздің тауарлар Кеден одағына мүше өзге екі елдің рыногына шығуы үшін қойылатын ветеринарлық және техникалық талаптар солармен бір деңгейде екендігі де біз үшін тиімді.
Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше боламыз дегенімізге 14 жылдай уақыт болыпты. Өркениетті дамыған елдердің қоятын талабы жоғары. Сол талаптың негізінде халықаралық стандартты сапалы өнім тұрады. Кеден одағы бір жағынан бізді сол сапалы өнім өндіруге қол жеткізуге бастайтын дайындық баспалдағы іспеттес. Әуелі үш ел арасында бәсекелестік дайындығынан сүрінбей өтетін болсақ, халықаралық рыноктарға қорықпай бара аламыз.
Кеден одағына бізді экономикалық ықпалдастықтың барынша тереңдетілген түріне бастамақ. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қағидаттары өзара келісілген экономикалық саясат, капиталдың, қызмет түрлерінің, жұмыс күшінің еркін қозғалуы. Алда бұдан да күрделі, тиімді істер күтіп тұр. Кеден одағына мүше болу арқылы біз сол үлкен асулар алдындағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету, әлеуетті өсіру секілді маңызды мәселелерді меңгеріп алуымыз керек.
Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик, КСРО және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
ТЕХНОПАРК БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІ НЫҒАЙТАДЫ
Қазір дүние жүзінде әлемдік брендке айналған сауда маркалары бар. “Сименстің” қон-дырғылары десе кергіп тұрған зауыт басшыларының өзі елп ете қалып, келісім-шартқа қол қою үшін қаламына жармасады. Бәсінің мықты екендігін, өз өндірісінің өнімділігін көтеруге ықпал жасайтындығын біледі.
Сол Сименсіңіздің тарихын оқығанбыз. Немістің бірде аш, бірде тоқ жүретін, ашқан жаңалықтары басына сыймай, іске асыруға қаржысы жоқ, шағын қондырғылар жасап күн көріп жүрген қарапайым инженері екен. Құдай бақ берген күні қалталы азаматтардың көзіне түсіп, жаңалығын өндіріске қосқан. Сол шағын қондырғылардан басталған соқпақ инженер Сименсті әлемдік биікке алып шықты.
Дүниедегі өзгерістерді жасайтын ғалымдар ғой. Олар көз майын тауысып жаңалықтар ашады, түрлі талдаулар жасайды, жасаған қондырғысын сынақтан өткізу үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүреді. Өңдірісті өркендетудің жаңа тиімді тәсілдерін табады.
Қазақстан өркениеттің жаңа асуларын бағындыруға бет алды. Тәуелсіз ел екенмін деп шекараңды тарс жауып алып, өзіңмен өзің өмір сүрер болсаң өркенің өспейді. Көрші мемлекеттермен алыс-беріс жасау үшін Кеден одағының игілігін көру керек. Бәсекеге қабілетті болу үшін өндірісіңді өрге сүйрер ғалымдарың мықты болу керек. Елбасы Үкіметте өткізілетін кеңейтілген мәжілістерде осы жағын қадап айтады.
Президенттің тапсырмасы Оңтүстік Қазақстан облысында жалғасын тапты. Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірегейі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан аймақтық технопарк құрылды. ОҚМУ ғалымдары үш облысты қамтитын үлкен жобаға көлденеңнен қосылған жоқ. Университет ғалымдарының индустрия-лық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бір мыңнан аса патенттік жұмыстары бар.
Мәселен, оңтүстікте кірпіш шығаратын зауыттар көп. Неміс технологиясы бойынша жасалған кірпіш сырт көзге мықты көрін-генімен далада ұзақ тұрып қалса шет-шеті мүжіліп, сапасыздана бастайды. Неліктен?
Ғалымдар оның себебін тапты. Еуропада Оңтүстік Қазақстанға қарағанда күн салқын. Ондағы технологияны көшіру түбірімен қате. Технопарк өздеріндегі шағын қондырғымен өңір табиғатына лайық кірпіш шығарған. Маркасы жоғары. Сұраныс күшті. Қаржы шығарып, қондырғыны өндіріске қой. Сол сияқты жер асты суы жақын әрі тұздануы жоғары. Бетонды жеп қояды. Асфальт жолдар қанша мықты салсаң да екі жылдан соң әр жерінен тесіле бастайды. Не істеу керек?
ОҚМУ ғалымдарының осы бағыттағы ізденісі Үкімет тарапынан бағаланып жатыр. Бүгінде аймақтық технопарк жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде.
Технопарктің міндеттеріне келетін болсақ олар: нарықтық инфрақұрылымдар құру мен дамыту, шағын және орта бизнес субъектілерін, кәсіпкерлерді, өнертапқыштарды, ғалымдарды, студенттер мен инженерлерді белсенді кәсіпкерлік қызметке тарту, олардың идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға ықпал ету, экономика, менеджмент, маркетинг және басқарушылық білім саласында кәсіпкерлер мен мамандарды оқыту мен дайындау, аймақтың ғылыми-техникалық әлеуетін нәтижелі пайдалануға бағытталған аймақтық инновациялық жүйе құру, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру.
ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев технопарк жұмысына байланысты мына жәйттерді айтты. Казіргі таңда технопаркте М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдарының қатысуымен әзірленген 32 индустриялық-инновациялық жоба мен ұсыныстар бар. Мұнда 1423 жұмыс орны құрылатын болады. Солардың ішінде, мәселен, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу жөнінде 9 жоба әзірленді, 439 жұмыс орны құрылады. Көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу бойынша 3 жоба дайындалды, 108 жұмыс орны құрылады. Құрылыс материалдарының химиялық технологиясы бойынша 6 жоба дайындалды, 294 жұмыс орны құрылады. Табиғат қорғау технологиялары жөнінде 3 жоба дайындалды, 240 жұмыс орны құрылады. Кешенді жоғары концентрацияланған және экологиялық таза тыңайтқыштар өндіру жөнінен 20 млрд. 2 млн. тенгеге 3 жоба дайындалды, 342 жұмыс орны құрылады.
ОҚО әкімдігінің тапсырмасымен технопарк бұрынғы Шымкент фосфор зауытының бос тұрған өнеркәсіптік алаңын игеруді ұсынады.
“Састөбе-цемент-технолоджи” ЖШС-інде технопарк тарапынан фосфор және металлургиялық өндіріс қалдықтарынан күйдірілмейтін тұтқыр зат алу технологиясы ендірілді. Технология өзінің жоғары дәрежеде энергия үнемдеушілігімен қатар өзіндік құны төмен өнім алуымен ерекшеленеді. Қазіргі кезеңде 2000 тонна көлемдегі партиясы шығарылды. Осы өнімге арнап техникалық шарттар мен сертификат әзірленіп бекітілді. Осы күйдірілмейтін тұтқыр зат 600-700 маркалы бетон алуға арналған. Қазіргі күнде ол еліміздің біраз аймақтарында сынақтан өтіп, сонымен қатар Ақтау теңіз айлағы құрылысында да сынақтан өткізілуде.
Осы технология бойынша “Казфосфат” ЖШС-мен келісім-шартқа қол қойылды. “Қаратау-цемент” ЖШС-де де цех құрылып, ашылуда. “Оңтүстік” ӘКК және “Электроаппарат зауыты” ЖСШ-мен біріге отырып, қуаттылығы жылына 260 тонналық жергілікті шикізат негізінде кальций карбиді өндірісі құрылуда. Өнеркәсіптік алаңда құрылыс индустриясына арналған көбік бетондар, жарнамалық үлгілер жасалынуда. Фармацевтика үшін гидроксилапатит пен тамақ қоспалары сараптамадан өтіп, мемлекеттік лицензия алынды.
Академик Уәлихан Бишімбаев осы бағытта шешілуге тиісті күрмеулі мәселелер бар екендігін айтты. Технопарк ауыл шаруашылығына да жақсы өзгерістер алып келеді екен. Мысалы, ОҚМУ және Өзбекстан ғалымдарымен тұздалған жерлерден тұрақты өнім алу үшін мақта, соя, жүгері дақылдарында электрлі ынталандыру, биотәсіл технологиялары ендірілді.
Жақында университетте “Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуында жас мамандарды даярлаудағы жоо-ның рөлі” атты семинар өткен.
Елбасымыздың Қазақстан халқына арналған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек. 2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс” — деп атап көрсетілген болатын. Бұл барлық жоо-лардың алдына қойылған талап. Осы талап үдесінен қалай шығуға болады, оның жолдары қандай деген мәселелерге жауап ізделді.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдыңдағы бес ешкіні ысқырып жүріп айдағанмен бітпейді. Нарықтық экономика жаңа талаптар қойып жатыр. Өндірістің, оның ішінде ауыл шаруашылығының да ғылымсыз күні жоқ екендігі осы мысалдардан аңғарылғандай. Бірақ, соны жаңалықтарды өмірге ендіру үлкен қаржы тұрады. Ал, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ететін ғылыми ізденістерден қаржы аяуға болмайды.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
“ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ” ЖАҚСЫЛЫҒЫ МОЛ
Биылғы Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту”, деп елдің алдағы онжылдыққа даму стратегиясын айқындады.
Рас, өткен жылдың күрделі сәттері де кездесті. Барлық жерлердегі сияқты біздің облыс әкімдігі де жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, маңызды бағыты еңбек рыногындағы шиеленісті төмендету болып табылатын дағдарысқа қарсы іс-шаралар кешенін іске асырды. Дағдарыс салдарынан өндіріс төмендегенде босатылған адамдарды басқа жұмыстармен қамтамасыз ете алдық, дағдарысқа қарсы шараларды іске асырдық. Солайша ірі және орта бизнеспен алдыңғы жылдардағы деңгейден төмен емес әлеуметтік пакеттерді ескеретін, өндіріс төмендегенде адамдарды қысқарту емес, жартылай жұмыс күнге ауыстыру, мәжбүрлі демалыстарға жіберу мүмкіндігін ескеретін жалпы саны 479 меморандумға қол қойылды. Мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, өткен жылдың көктемінде облыста 15 мың адам толық емес жұмыс күн мен апта тәртібінде жұмыс істеді және 800-ден астам адам мәжбүрлі демалыста болды. Осы шаралар өндірісте жұмыскерлерді жұмыстан босатпауға мүмкіндік берді. Жолдауда “Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы экономиканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ”, деп атап өтілген. Оны өндірісті облысымыздың жоғарыдағы мысалынан көріп отырмыз. Жұмысшылар да өз орнында. Еңбек ырғағы бұзылған жоқ. Тіпті ең қүрделі мерзімде де жаңа өндірістер ашуға мүмкіндіктер туды. 2009 жылы өнеркәсіпте, білім, денсаулық сақтау салаларында, агроөнеркәсіп кешенінде жаңа нысандар пайдалануға берілді. Бұл 11.790 тұрақты және уақытша жаңа жұмыс орны ашылды деген сөз.
Осы кезде ең маңызды және ең пәрменді дағдарысқа қарсы бағдарлама – “Жол картасы” бағыт-бағдар беріп отырды. Яғни, нақты міндеттер қойылды – ауылда болсын, қалада болсын адамдарға жұмыссыз қалмау керек болды. Өткен жылы облысқа “Жол картасы” шеңберінде 8,9 млрд. теңге бөлінді. Соның есебінен 496 инвестицилық жоба іске асырылды, 67 нысан және 100 км. облыстық және аудандық маңызы бар жолдар қайта жөнделді. 397 әлеуметтік және мәдениет нысандары жөнделді, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 3860 адам кадрларды кәсіби даярлауға және қайта даярлауға жіберілді. “Жол картасын” іске асыру барысында облыс бойынша 24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Қолданған шаралар нәтижесінде рыноктағы жұмыссыздық деңгейін 0,6%-ға дейін төмендете алдық. Бұл дағдарысқа дейінгі мерзімнің көрсеткіштерінен және жалпы республика бойынша көрсеткіштен төмен. “Жол картасы” бойынша алғашқы рет қаражат бұрын қаражат жетпей жүрген салаларға бөлінді. Нәтижесінде, тұрғын үй шаруашылық нысандары, жолдар жөнделді, скверлер мен бақтар көркейтілді, көптеген мектептер, ауруханалар, мәдениет нысандары жаңартылды. Осының бәрі дағдарыс кезінде адамдардың моральдық-психологиялық көңіліне оң әсер етті. “Жол картасы” бағдарламасының мынадай нәтижесі де маңызды, осы бағдарлама бойынша жұмыс істегендердің көпшілігі жұмыспен қамтылған еңбек ұжымдарында тұрақты түрде жұмысқа қалды. Өмірдің қиын жағдайына дұшар болған адамдар үшін облыста кедейлік деңгейін төмендету мәселелеріне бағытталған әлеуметтік көмек түрлері ескерілген. Тұрмысы нашар отбасыларға жеке қосалқы шаруашылығын, өз бетінше жұмыспен айналысу түрлері мен шағын бизнесті қолдауға өтеусіз материалдық көмек көрсету сияқты шара барынша нәтиже береді. Өткен жылы облыс бойынша осындай көмекті 447 отбасы алды. Үй жанындағы жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға өтеусіз көмек алған адамдардың біразы қазіргі уақытта өз істерін жалғастыруда. Қоғамдық жұмыстар шеңберінде 6 айға ұйымдастырылған орталықтар жеке шаруашылығы жоқ жұмыссыз әйелдерге өздеріне пайдалануға және сату үшін көкөніс, құс өсіруге, үй шаруашылығында керек заттар мен бұйымдарды жасаумен айналасуға мүмкіндік туғызды. Ағымдағы жылы осындай орталықтар Ертіс ауданының барлық ауылында ұйымдастырылатын болады. Екібастұз қаласының 8 шағын ауданында жалпы ұзындығы 3350 шақырым болатын су құбыры жүйелері жөнделді, бұл су құбыры желісіндегі қысымды жоғалтпауға, тұтынушыларға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге және оның сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Ал облыс орталығында қалаға су беретін негізгі құбыр жүйесінің канализациялық коллекторының пайдалану мерзімі 50 жылға дейін ұзартылды, олардың су жіберу мүмкіндігі ұлғайтылды, қаланың сумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді. Мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу және жылыту маусымына дайындау бағыты бойынша 364 әлеуметтік нысан жөнделді. Нәтижесінде, 9 медициналық-әлеуметтік мекеме санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келтірілді, білім беру саласында 256 нысанның техникалық жай-күйі жақсартылды, 76 аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияда көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы жақсартылды. Қала мен ауылдың әлеуметтік-мәдени нысандарын жөндеу бағыты бойынша 33 селолық клуб, кітапхана, мәдениет үйінің жай-күйі жақсартылды.
Биыл облыста “Жол картасы” бағдарламасын іске асыруға бағытталған қаражат есебінен 159 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде, 36 нысанды сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, су және жылу құбырларын, электрмен жабдықтау жөніндегі инженерлік желілерді және құрылыстарды жөндеу, 100 нысанды көркейту, жолдардың шұңқырларын жөндеу, облыстағы ауылдардағы әлеуметтік-мәдени маңызы бар 81 нысанды жылыту және жөндеу жұмыстары бар.
Азаматтарды кәсіби даярлауда және жастарды еңбекке тарту тәжірибесі арқылы әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыспен камтылуды камтамасыз ету жөнінде бағыттар бар. Олар әрі қарай жалғасады. Осы мақсатты жетілдіру жөніндегі бағдарлама барысында 16,8 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда.
Владимир БЕРКОВСКИЙ, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы.