Аймақтар • 17 Қараша, 2021

Шымкент өнімдері – қала экономикасының тірегі

1256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте жергілікті тауар өндірушілер шығаратын өнім түрлерінің көрмесі ашылды. Қала экономикасының тірегі саналатын 100-ге жуық кәсіпорын үш күн бойы созылатын көрмеге өз тауарларын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкент өнімдері – қала экономикасының тірегі

Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасы едәуір түрленді. Мегаполисте құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және басқа да өндірістік салалар қалыптасты.

Көрменің ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, кәсіпорындар шығаратын өнім түрлерімен танысты.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Өңдеу өнеркәсібінің экспортын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру бағытында қаламыздың өнеркәсіп көлемі жыл аяғына дейін 711,5 млрд теңгеге жетеді, өндірілген өнімнің 87%-ын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Қаладағы 4 өндірістік аймақта 118 жоба жүзеге асып, 21 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Биылғы жылдың өзінде жаңадан 5 жоба жүзеге асырылып, 203 жұмыс орны ашылды», деп атап өтті қала басшысы.

1

Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында жаңадан екі индустриалды аймақтың құрылысы басталды. Оның ішінде «Жұлдыз» идустриалды аймағында құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланатын болады. Ал «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетпек. Мұнда заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылатын болады.

Тамақ өндірісі саласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге басымдық берілді. Бұл бағытта «Бозарық» тамақ өнеркәсібі аймағының инженерлік жүйелері жүргізілуде. Мұнда 23 млрд теңгені құрайтын 1 800 жұмыс орны мен 20-дан астам жоба іске асырылады.

Сонымен қатар, қосымша 198 гектар жерге агроиндустриалды аймақ құру жоспарланды. Мұнда заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынады.

1

Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 37 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған. Биылғы жылы жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, ет өңдеу бойынша 15 инвестициялық жоба жүзеге асты. Жыл соңына дейін осы санаттағы тағы 10 жоба іске қосылмақ.

Шымкенттің өндірістік қуатын құрайтын бұл жобалар ішкі нарықты отандық өнім түрлерімен толықтырып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға қызмет етеді.

Шымкентте шығатын өнімдер көрмесі алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін таныстырылымдық сипаттағы алаң ретінде қызметін жалғастырады. Оның аясында дайын өнімдерді өткізу нарығын қарастыру, экспортқа бейімделген тауар түрлерін ілгерілетуге мүмкіндіктер ашу, шығарылған өнімдердің СТ-KZ отандық сапа стандарты талаптарына сай болуын ұйымдастыру, іскерлік байланыстарды арттыру міндеттері бойынша жұмыстар жүргізіледі.

2