Әлем • 17 Қараша, 2021

ЕО босқындарға көмектесу үшін қаржы бөлетін болды

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ЕО Беларусь-Польша шекарасындағы мигранттарға көмектесу үшін 700 мың еуро бөлетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕО босқындарға көмектесу үшін қаржы бөлетін болды

«ЕО адамдардың қайғы-қасіретін жеңілдету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге құлшынысы бар серіктестерін қолдайды. Мен көп мигранттарға көмек көрсету үшін гуманитарлық ұйымдарды белсенділік танытуға шақырамын», деді еурокомиссар Янез Ленарчич.

Ақша Халықаралық «Қызыл крест» комитеті арқылы түседі және азық-түлік, жылы көрпе, дәрі-дәрмектер мен гигиеналық құралдарды сатып алуға жұмсалады.

Польша мен Беларусь шекарасындағы жағдай шиеленісе түскеніне де екінші аптаға ауды. Сегізінші қараша күні екі мыңға жуық адам қоршауға жиналды, кейбіреулері ЕО аумағына кіруге тырысты.

Бұған жауап ретінде поляк шекарашылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Варшава шекараны қорғау үшін 16 мыңға жуық қауіпсіздік күштерін жіберіп, Минскіні «жаппай гибридті шабуыл жасады» деп айыптаған болатын.