Аймақтар • 18 Қараша, 2021

Әулиеаталықтар әбігерге түскен күн

186 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Апта басында «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің Жамбыл облыстық филиалы 15 қараша күні түнде және таңертең ай­мақ­тың таулы аудандарында, сондай-ақ 17 қараша күні облыстың оңтүстік-ба­тысында және таулы аудандарында қалың қар жауатынын мә­лім­деген болатын. Сондай-ақ осы күндері облыстың солтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысында, таулы аймақтарында тұман, көктайғақ, бұр­қасын күтілетінін де мәлімдеген.

Әулиеаталықтар әбігерге түскен күн

Осы орайда, болуы мүм­­кін тө­тен­ше жағдайға бай­­ла­нысты дайын­дық­ты кү­шей­ту мақсатында облыс­тық Тө­тен­ше жағдайлар депар­та­мен­ті бас­ты­ғының орын­ба­­са­ры Мақсат Қо­сы­ба­ев Та­раз қа­ласының және бар­лық аудан­ның әкімдеріне, со­­­нымен қа­­тар тиісті мекеме басшыларына қыз­мет­­тік хат жолдаған. Алайда қалың қар жаумаса да, қатты дауыл тұ­рып, та­би­­ғаттың тосын мі­не­зі бір-ақ күнде Әулиеата хал­­қын әбі­гер­ге түсірді.

Сейсенбіден сәрсенбіге қа­ра­ған түні, яғни 17 қарашада Жамбыл облы­сын­да секундына 38 метрге дейін да­уыл тұрып, төтенше жағдай орын алды. Тараз қаласын да шаң­ды да­уыл басып, шаһар тұр­ғын­дары жарық және жылусыз қалды. Түске дейін да­уыл­дың салдарынан «Солнечный» кен­ті, Арай, Бурыл, Қарасай, Ба­рысхан алаптары мен Саба­ла­қов, Бейбітшілік, Чер­ны­­шев, Асқаров көшесінің аяғы, со­нымен қатар Шал­ғай Қарасу, Шөлдала және 28 саяжай алаптары, Қол­бас­шы Қойгелді, Қазыбек би, Д.Қонаев, Байзақ батыр, Ә.Ком­ра­тов көшелеріндегі тұр­ғын үйлер мен 1, 2, 4 және 11-шағын аудандар, Хим­по­се­лок шағын ауданы, қан орта­лығы, қала­лық ауру­­ха­на маңы, №5 емхана, Е.Ниет­қа­лиев кө­ше­сінің аяқ жағындағы үй­лер электр энер­­гиясынан ажыратылды. Та­раз қалалық электр же­лі­ле­рі кәсіпорнының 22 бри­гадасы апат салдарын жою жұ­мысына жұмылдырылды. Одан бөлек, қатты желден елді мекен­дер­дегі үйлердің де қоршауы құлап, ағаштар сын­ды. Дауыл салдарынан құ­лаған ағаштар көшедегі газ құ­быр­­ларына зақым келтірді. Апатты жағ­д­ай одан әрі ушы­ғып кетпес үшін газ тарату сала­сының қызметкерлері за­қым­­данған құбырларға газ бе­руді уақытша тоқтатты. Сон­дай-ақ қатты желдің сал­да­рынан газ құбырларына ағаш, үй қоршаулары мен ша­тыр­­лары құлаған. 17 қараша күнгі сағат 12:00-ге дейін Тараз қаласында газ құбырын құлат­қан 25­ оқиға, Жамбыл ауданында 16 оқиға, Жуалы мен Байзақ аудандарында газ құбырына ағаш құлау салда­ры­нан газдан ажыратудың оқи­ғасы тіркелген. Алайда жел­­ден бүлінген жер­­лерді қал­­пына келтіру жұмыстарын та­­­­би­ғаттың қолайсыздығына бай­ланыс­ты дер кезінде жүр­гі­зу­ мүм­кін бол­ма­ған.

Жалпы, табиғаттың тосын мінезінен кел­ген шығын аз болмапты. Дауыл сал­да­рынан облыс орталығындағы бір­қатар нысан зардап шеккен. Атап айтсақ, қала бойынша 18 көпқабатты тұрғын үйдің және 16 мектеп пен 4 бөбекжай-бақшаның шатырлары зақым­да­лып, 4 балабақшаның қор­­шауына нұқсан келді. Тараз көше­ле­рінде 18 электр баға­на­сы құлап, 1,5 шақырым электр желілері үзілген. Жылу беруші кәсіпорындардағы 5 кіші қазандықта электр желі­лері за­қым­­далып, жылу беру уақытша тоқ­­татылды. «Қала көшелерінде 45-тен аса үлкен­ді-кішілі талдар мен 12 аял­­дама құлап, 32 бағдаршам іс­тен шық­ты. Қала бойынша 34 билборд, 9 пи­лон­ның баннерлері мен 64 жалауша жыртылды. Пилондардың 2 дана конструкциясы мен 4 билбордтың конструкция­лары кұлады. Со­ны­мен қа­тар Тастақ, Кірпіш зауыты, Қызыл-Абад, Көлтоған алап­­тары, Желтоқсан-Қонаев кө­ше­лерінің қиылысы мен Әйтеке би көшесі №11 үйдің ма­­ңындағы 6 спорт алаң­қа­йы­ның қоршаулары мен тө­сен­ді­лері зақымдалған. Бар­лық мек­теп­тегі оқушылар күн­діз­гі 10:00-де үйлеріне қай­­­та­рылып, оқу он­лайн жү­йе­­ге ауыстырылды. Қазіргі таң­да құ­лаған ағаштарды ке­су және аума­­ғын тазалау жұ­­­­­мыс­тарына «Жасыл Ел-Тараз» жауап­кер­ші­лігі шек­­теу­лі серіктес­тігі арқылы 6 бри­гада тар­­­ты­лып, жұмыстар жүр­гі­зілуде. Электр жү­йелерін қалпы­на кел­тіру жұмыс­та­рына «ЖЭС» жауап­кершілігі шек­­теу­лі серіктестігі мен Тараз қалалық электр жүйесі та­ра­пынан 21 бригада жұ­мыл­ды­ры­лып, қайта қосу жұ­мыс­­та­ры жүргізілуде», дейді Тараз қала­сы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.

Қатты желдің салдарынан адамдар да зардап шегуде. Мәлі­мет бойын­ша облыста барлығы 49 адам ме­ди­ци­на­лық көмекке жүгінген. «Тараз қа­ла­­лық көпбейінді ауруханасынан 41 адам дәрігерлік көмек алып, 4 тұр­ғын стационарға жат­қызылды. Ал об­лыс­тық көп­бе­йінді балалар ауруханасына 4 бала түсіп, оның үшеуі стационарға жат­қызылды. Бір бала амбулаторлы түрде ем қабыл­­дауда. Байзақ аудандық ор­та­­лық ауруханасына 4 адам түскен. Мұнда 1 адам ста­­цио­нарға жатқызылса, 3 адам ­ам­бу­латорлы ем қа­был­дауда. Ме­дициналық кө­мек­­­ке жүгін­ген­дердің басым көпшілігі терезе, қақпа және тағы да басқа заттардың құлауынан жарақат алған», дейді облыстық Ден­сау­­лық сақ­­тау­ бас­қармасы бас­­па­сөз қыз­­метінің ­же­текшісі Толқын­ Өмірбаева.

­Қазіргі кезде өңірдегі бар­­­­лық­ ­ком­­му­налдық кәсіп­орын мен мекеме кү­шей­­тіл­ген режімде жұмыс іс­­теу­де. За­қымданған нысандар мен инфра­­құрылымдарды қал­пына кел­тіру жұ­мыс­тары жал­ғасуда.

 Жамбыл облысы