Ол голдың өзін Тәжікстан құрамасының бізге жасаған «сыйлығы» деп те қабылдауға болатын шығар. Өйткені матчтың 12-минутында қонақтардың қақпашысы Шохрух Киргизбоев әріптесіне пас беру кезінде қателесіп, байқаусызда допты Бақтиер Зайнутдиновтің аяғына салып берді. Ресей біріншілігінде өнер көрсететін жартылай қорғаушымыз бос қақпаны дәл көздеп, ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын соқты. Бұдан кейін Зайнутдиновте гол соғатын тағы бір-екі мүмкіндік болды. Алайда оның тепкен доптары қақпа торынан табылмады. Бірде қақпа бағаны іске кіріссе, кейінгісінде ойынға төреші араласты. Яғни 60-минутта Тәжікстан қақпасының маңында Зайнутдиновке қарсы ойын тәртібі бұзылғанымен, Беларусьтен келген бас төреші Амин Кургхели 11 метрлік айып добын белгілемеді. Қалған уақытта Қазақстан құрамасының футболшылары бірде-бір қауіпті шабуылмен көзге түсе алмады. Жерлестеріміз есепте алда болғанымен, ойын белгілі бір өлшеммен қарағанда Тәжікстан құрамасының басымдығымен өткендей әсер қалдырды.
Бірінші таймның статистикасына сүйенсек, допқа иелік ету бойынша Тәжікстан футболшылары алда болды – 52 пайыз. Сонымен қатар біздің қақпамызға жеті мәрте соққы жасады. Ал Талғат Байсуфинов шәкірттері алғашқы 45 минутта допты өздерінде 48 пайыз ұстап, қарсыластарының қақпасына небәрі бес соққы жасаған.
Екінші таймда да Тәжікстан құрамасы белсенділік бойынша біздің футболшылардың алдын орап кетті. Бұл жолы олар допқа 58 пайыз иелік етті. Үш мәрте Игорь Шацкий қорғаған қақпаға гол соғуға тырысып көргенімен, бұл ойында оларға гол соғу бақыты бұйырмады. Осылайша, бұл ойын Қазақстан құрамасы үшін өте қиынға соқты.
Қысқасы, жеңіс жанкүйерлерге аса бір қуаныш сыйлай қойған жоқ. «Франциямен болған ойында негізгі құрамның 8 футболшысы түрлі себеппен Парижге бара алмады. Сондықтан қосалқы құрам ойыншыларымен ойнап, ірі есеппен жеңілуге мәжбүр болдық», дегенді алға тартқан бас бапкер де, Федерация басшылығы да енді не деп ақталар екен? Өйткені әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі соңғы ойынға қатыса алмаған сегіз футболшының біразы кешегі ойында бірінші минуттан бастап алаңға шықты. Әйткенмен ешқайсысы жарытып ойнай алмады. Франциядағы масқарадан кейін намысы бар жігіттер өз қателіктерін жуып-шайып, жанкүйерлердің бетін бері қарату үшін алаңда жан беріп, жан алысуы керек еді. Жоқ, біздің жігіттер құдды 10:0 есебімен жеңіп жатқан сияқты, мейлінше қақпаға гол өткізіп алмаудың бар амалын қарастырды.
Қазақстан мен Тәжікстан құрамалары бүгінге дейін жасыл алаңда бес рет жолығып, төрт кездесуде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Бір ойында екі елдің күштері тең түсті. Қазақстан Азия құрлығында жүргенде Тәжікстанмен бір ойын өткізсе, УЕФА-ға мүше болғаннан кейін төрт мәрте кездесті. Екі елдің ең алғашқы ойыны 1994 жылы Өзбекстанның тәуелсіз кубогы турнирінде өтіп, Қазақстан 1:0 нәтижесімен жеңіске жетті. 2006 жылғы Алматыдағы жолдастық матчта жерлестеріміз 4:1 есебімен басым түссе, 2007 жылы 1:1 нәтижесімен тең ойнады. Ал 2014 жылы – 2:1, 2021 жылы 1:0 есебімен ұтты. Барлық матчты өз алаңымызда өткізе тұра, тәжіктерді кейінгі екі ойында тек бір доп айырмашылығымен ғана жеңіппіз. Осыдан-ақ қай елдің футболы қай деңгейде екенін аңғаруға болады. Соңғы матч Нұр-Сұлтанда емес, Душанбеде өткенде таблодағы көрсеткіш мүлде басқаша болар ма еді, кім білсін?!