Сұхбат • 18 Қараша, 2021

Омбудсмен институты – маңызды құрылым

587 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар топтамасындағы маңызды басымдықтың бірі – адам құқықтарын қорғауды күшейту. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында осындай міндет қойған болатын. Парламент Сенатының депутаттары сол міндетті орындау үшін және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титутын нығайту мақсатымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтерді. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жаңа заң жобасы туралы оны құру жөніндегі депутаттар тобының жетекшісі, Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров айтып берді.

Омбудсмен институты –  маңызды құрылым

– Асқар Оразалыұлы, заң жобасын әзірлеуге дайындық қалай болды және қазір құжат қандай сатыда?

– «Қазақстан Республикасын­дағы Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл туралы» Заңның қабыл­дануы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалардың ма­ңызды әрі ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осы заңды қабылдау қажеттігін жария еткеннен кейін Парламент Сенатының депутаттары оны әзір­леу жөнінде бастама көтерді. Бұл жұмысқа Парламенттің төменгі Палатасының депутаттары да шақырылды. Осы процесс барысында халықаралық озық тәжірибе мен бұл саладағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық база, ең алдымен, Париж және Венециялық қағидаттар мұқият зерделенді және пайдаланылды.

Заң жобасы мемлекеттік ор­гандар, үкіметтік емес және ха­лық­ара­лық ұйымдар өкілдері­нің қаты­суымен жария және ба­рынша ашық негізде талқыланды. Пар­ламент қабырғасында да, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанын­дағы Сарапшылар кеңесі аясында да бірқатар дөңгелек үстел өткізілді. Заң жобасы жан-жақ­ты және объективті тал­қылау нәти­жесінде оның бас­тамашылары ұсын­ған нұсқада іс жүзінде елеулі өзгерістерге ұшы­рамай, Мәжілісте екі оқылымда сәтті қабылданды.

– Сіздер әзірлеген заң жоба­сының негізгі жаңалық­тары қандай? Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл қандай жаңа мүм­кіндіктерге ие болады?

– Омбудсмен институтын заң­намалық тұрғыдан нығайту және теңдесі жоқ өкілеттіктер беру оған баршаға танылған халық­аралық стандарттарға сәй­кес жоғарыда аталған реформалар­ды жүзеге асыруға ықпал ете оты­рып, жай ғана бақылап қой­май, адамның құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғауға тікелей мүм­кіндік береді.

Заң жобасы оған тиіспеу мәр­те­бесін беріп отыр. Ол мемле­кет­­тік аппараттың шешім­дерімен, әре­кеттерімен немесе әре­кет­сіз­­ді­гімен көптеген адам­ның бұ­зыл­ған құқықтары мен бостан­дық­­тарын қорғау үшін талап арыз­бен сотқа жүгінуге хақылы, сон­дай-ақ шағымды қарау үшін Омбуд­сменнің сұратуы бойынша қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың беру міндеті белгіленді. Уәкілдің сот тәжірибесі мәселелері бо­йынша Жоғарғы сотқа түсініктеме беру ұсынысымен жүгіну мүм­кін­дігі заң жобасындағы жаңалық болып табылады. Одан басқа, өңірлерде Омбудсмен өкілдерін құру көзделіп отыр. Бұл оның халық үшін барынша қолжетімді болу мәселесін шешеді.

– Заң жобасын әзірлеу барысы қалай жүргені туралы айтып берсеңіз, талқылау барысында түрлі тәсілдер мен қағидаттар ұсынылған шығар?

– Заң жобасын талқылау кезінде оның мазмұны бойынша түбегейлі келіспеушіліктер туындаған жоқ. Сонымен бірге бұрын бұл мәселеге әртүрлі көз­қарастар болғанын әділетті­лік үшін атап өткен жөн. Жасыра­тыны жоқ, Омбудсменнің қызме­тін реттеудің жалпы қағидаларын ғана белгілейтін, негіздемелік заң деп аталатын нұсқаның жақтау­шылары да болды. Дегенмен бұл тәсіл елде болып жатқан өзгеріс­тердің мән-мағынасын ескермеу болып саналады.

– Осы заңның қабылдануы қазақстандықтардың құқық­тарын қорғауды күшейтуден басқа Омбудсменге қандай мүмкіндіктер береді?

– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңның қабылдануы оған халықаралық құқық қорғау про­цесіне неғұрлым толық қа­тысу­ға мүмкіндік береді және ха­лық­аралық тұрғыдан да оң әсер етеді.

Заңнамалық тұрғыдан бекітіл­ген мәртебе Омбудсменге Халық­аралық құқық қорғау мекеме­лерінің жаһандық альянсындағы (GANHRI) «В» мәртебесінен «А» мәртебесіне өтуге, онда дауыс беру құқығымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақыт­та халықаралық саясат пен мем­лекетаралық қатынастарда адам өл­шемі мен адам құқықтары мәсе­лелері аса маңызды, ал кейде шешу­ші рөл атқаратыны белгілі.

 

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»