Футбол • 18 Қараша, 2021

«Жетісу» футбол клубының бюджеті қысқартылды

375 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жетісу» футбол клубының бюджеті 2,3 млрд теңгеге қысқартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жетісу» футбол клубының бюджеті қысқартылды

«2020 жылы «Жетісу» футбол клубының бюджеті - 3,4 млрд теңге, ал волейбол клубының былтырғы бюджеті - 800 млн теңге болған. 2021 жылы «Жетісу» футбол және волейбол клубтарын ұстауға жұмсалатын шығынды қысқартуға қатысты 2,9 млрд теңге үнемделіп, ол қаражат қайта бағытталды», деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев облыс мәслихатының бірлескен отырысындағы баяндамасында.

Басқарма басшысының айтуынша, үнемделген қаржы есебінен 127 Street workоaut спорт алаңы орнатылады.

«Мәселен, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыста 127 street workоut алаңын орнатуға 361 млн 500 000 теңге, шағын футбол алаңдарын және 35 спорт алаңын ашуға 374,9 млн теңге, Алакөл ауданының Лепсі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауға 388,2 млн теңге бөлінді», деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Басқарманың ақпаратына сәйкес, жалпы облыстың аудандары мен қалаларының 45 спорт мектебінде 74 спорт түрімен 44 038 спортшы шұғылданады.

«Барлық қолданыстағы спорттық нысандар дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін қол жетімді және тегін түрде қызмет жасайды. Облыста дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны - 667 428 адам. Бұл - облыс халқының 32%», деп қосты басқарама басшысы.

Айта кетсек, бүгін Алматы облыстық мәслихатының екі комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Басқосуда басқарма басшылары 10 айда атқарылған жұмысты баяндап, алдағы жоспарын бөлісті.