Білім • 18 Қараша, 2021

Президенттік олимпиада жеңімпаздарына 20 грант бөлінді

990 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

20 қазақстандық ЖОО Президенттік олимпиаданың барлық жеңімпаздарына арнайы білім гранттарын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттік олимпиада жеңімпаздарына 20 грант бөлінді

Мектеп оқушылары арасындағы Президенттік олимпиада 15-18 қараша аралығында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша өтті. Олимпиада қорытындысы бойынша 48 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. ҚР БҒМ I дәрежелі дипломмен 11 оқушы, II дәрежелі дипломмен 15 оқушы және III дәрежелі дипломмен 22 оқушы марапатталды.

«Білім және ғылым министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау бойынша шаралар қабылдауда. Биыл 20 қазақстандық ЖОО ректорлары Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдауға шешім қабылдап, оларға арнайы гранттар бөлді. Бұл олимпиаданы өткізу кезінде дарынды балаларды марапаттаудың бұрын-соңды болмаған шарасы. Мұндай қолдау дарынды балалардың әлеуетін іске асыруға және еліміздің адами капиталын дамытуға қомақты үлес қосуға мүмкіндік береді. Оқушылар ҚР БҒМ дипломдарын, медальдар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу сертификаттарын алды. Біздің оқушыларымыздың нәтижелері ел ішіндегі олимпиадаларда да, түрлі халықаралық олимпиадаларда да жақсарып келе жатқанын атап өткен жөн», деп атап өтті «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.

Еске сала кетсек, ХІV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің базасында өтті. Зияткерлік байқауға еліміздің барлық өңірлерінен өңірлік және іріктеу турларының нәтижесінде іріктелген 182 оқушы қатысты. Оқушыларға математика, физика, химия және биология пәндері бойынша тапсырмалар берілді. Президенттік олимпиадаға қатысушылардың жұмысын Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының халықаралық олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және PhD бағалады. Барынша ашықтықты қамтамасыз ету үшін конкурс онлайн түрде көрсетілді.

Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне гранттар берген 20 ЖОО тізімі:

  1. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
  2. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті,
  3. Satbayev Университеті,
  4. С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті,
  5. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,
  6. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
  7. Рудный индустриялдық институты
  8. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
  9. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті,
  10. Павлодар педагогикалық университеті,
  11. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты,
  12. NARXOZ университеті,
  13. Қазақстан-Британ техникалық университеті,
  14. М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университеті,
  15. Алматы Менеджмент Университеті,
  16. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті,
  17. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,
  18. М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті,
  19. Каспий қоғамдық университеті,
  20. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.