Осы айдың орта шенінде Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында еліміздің өңірлерінде болып қайтты. Кездесулерде Жолдаудың ерекшеліктерімен қатар, белгілі бір мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлер, өтініш-тілектер де айтылатыны анық. Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай НҰРҒИСАЕВПЕН жүргізілген сұхбатта сол мәселелер де сөз болады.
– Серікбай Өрікбайұлы, Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа түсіндіру жұмыстарымен Жетісу өңіріне барып қайттыңыз. Ондағы ел-жұрттың көңіл-күйі қалай екен?
– Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауын жұртшылыққа түсіндіру, насихаттау мақсатымен Алматы облысының Талғар, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Қапшағай қаласында халықпен кездесулер өткіздік, актив жиындарына қатыстық. Шалғайда орналасқан елді мекендерде де болдық. Жалпылай алғанда, облыс аумағында әр ауданның, әр ауылдың проблемалары негізінен бір-біріне ұқсас. Бірақ, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар.
Кездесулер мен жиындарда халық Елбасының Жолдауын ерекше ризашылықпен жақсы қабылдағаны бірден көрініп тұрды. Сөз алып, пікірлер айтқан қарапайым ауыл адамдары Жолдауда көрсетілген мәселелерді ортаға сала отырып, өздерінің болашақтан зор үміт күтетіндерін, Елбасының алдымызға қойған тапсырмалары мен міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндігінше үлес қосатындарын білдірді. Солардың барлығы толықтай орындалса екен деген тілектерін де жеткізді.
«Ұзағырақ өмір сүруді жазса екен»
– Жиындар мен кездесулерде көпшілік тарапынан ұсыныстар мен өтініштер де айтылған шығар.
– Алдымен мына мәселеге тоқталсам деймін. Бүгінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 70 жасты құрап отыр. Бұл тұрғындардың әл-ауқатының бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғанын көрсетеді. Сондай-ақ, бұл ел экономикасының қарқынды дамуының нәтижесінде елді мекендерге мемлекет тарапынан ойдағыдай қолдау-көмектер жасалып жатқанын білдіреді. Ал өтініш-тілектерге келсек, өзіміз қатысқан кездесулер барысында ауыл-село тұрғындары, оның ішінде қариялар «Алла тағала бізге ұзағырақ өмір сүруді жазса екен» деген мағынада ой қозғап, қайран қалдырғандары бар.
– Қызық екен. Сонда қалай?
– Біз өлімнен қорқып тұрғанымыз жоқ, дейді қариялар. Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономика бойынша еңбек ете бастағаннан бергі кезеңдердегі балаларымыздың тіршілігіне қызыға қараймыз. Басында үйлері, астында жеңіл автомашиналары бар. Қолдарына ұялы телефондар ұстап жүр. Біздің бұрынғы кездегі тұрмысымыз бен олардың қазіргі тұрмыс жағдайлары арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Осыларды көріп риза боласың, тәубе етесің. Ұрпағымыздың осындай тіршіліктеріне әрі қарай да куә болып жүре берсек дейміз, дейді көпті көрген қариялар.
Енді Елбасымыз қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 80 жасқа жеткізу міндетін қойып отыр. Әлемдік талдауларға қарағанда, адамның ұзақ өмір сүруі сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау саласының қажетті құралдармен жабдықталуына, сондай-ақ, бұқаралық спорт түрлерінің кең қанат жаюына байланысты болады екен.
Біздің елімізде осы мәселелер тиісті бағдарламалар бойынша рет-ретімен шешіліп жатыр. Барлық өңірлерде жаңа үлгідегі мектептер мен балабақшалар, емханалар мен ауруханалар, спорт кешендері мен алаңдар көптеп пайдалануға берілді, алдағы уақытта да бой көтере бермек. Міне, халық үшін жасалған осындай игілікті істер қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын ұзартуға тікелей ықпал етті деп нық сеніммен айта аламыз.
«Жетпей тұрғаны – интерактивті тақта»
– Бұдан оншақты жылдай бұрын депутаттар аймақтарға барып, сайлаушылармен кездесулер өткізгенде, негізінен олар жеке өздерінің проблемаларын алға тартушы еді. Соларды шешуге көмектесуді өтінетін. Ал қазір ше?
– Рас, ертеректе жұртшылықпен кездесулерде тұрғындар жеке өздеріне қатысты мәселелерді көп көтеретін. Қазір басқаша, көпшілікке ортақ мәселелерді жеткізуге ынта таныта бастаған. Осыған қатысты бір мысал айтайын. Ұйғыр ауданының Бөдеті ауылындағы мектепте көпшілікпен кездесу өтіп жатқан. Алдыңғы қатарда отырған жасы сексендердегі әжей сөз сұрап, орнынан тұрды. Алғашында біз ол кісі жеке өзіне байланысты мәселені айтып, соған көмектесуімізді өтінетін шығар деп ойлаған едік. Бәрі басқаша болып шықты. Ол осыдан екі-үш жыл бұрын ауылда жаңа үлгідегі мектеп пайдалануға берілгеніне, қажетті жиһаздармен, компьютерлермен, басқа да құралдармен толық жабдықталғанына тоқтала келіп: «Осы мектептің салынуы Елбасымыздың шәкірттердің ойдағыдай білім алуына жасаған ерекше қамқорлығы деп білеміз. Соның арқасында балаларымыз кең әрі жарық мектепте оқуға мүмкіндік алды. Енді Астанадан келген депутаттар, сіздерге айтатын бір өтінішіміз бар. Бұл мектепке енді жетпей тұрғаны – интерактивті тақта. Соған көмектессеңіздер», деді.
Бәріміз таңғалдық, риза болдық. Байқап қарасаңыз, әжей бұл өтінішті жайдан-жай білдіріп отырған жоқ. Оның түпкі мәні шалғайда орналасқан ауыл мектептері де озық үлгідегі оқу құралдарымен қамтамасыз етілсе, ауыл балалары да қаладағы оқушылар сияқты интерактивті тақталарды пайдаланса деген арман-ниетте жатыр. Біздің балаларымыз да заман талабына сай толыққанды білім алса, өзі қалаған мамандыққа қол жеткізсе, сол арқылы еліміздің дамуына үлестерін қосса деген ой жатыр.
«Біз де қоғамның бір мүшесіміз»
– Серікбай Өрікбайұлы, Мемлекет басшысы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөліп, оларға қамқорлық жасау қажеттігін атап өткен еді. Жетісу өңірінде де сондай азаматтар жоқ деп айта алмасақ керек.
– Елбасымыз өз Жолдауында «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», деп атап көрсетуі, сондай-ақ, оларға қатысты басқа да айтқандары мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ерекше қанаттандырғанына Қапшағай қаласындағы қарттар мен мүгедектердің интернат үйіне барғанымызда куә болдық. Барлық жағдай жасалған, интернетті де пайдаланады.
Ал ондағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар қандай өтініш білдірді дегенге келсек, олар мемлекетке масыл болмай, жұмыс істеп, өзімізді-өзіміз асырасақ деген ой айтты. Сонымен қатар, мүгедектер қоғамдарын мүгедектердің кәсіпкерлікпен айналысатын қоғамы етіп құрса деген ұсыныс білдірді. Осылайша, сол қоғам біздерді нақты жұмыстарға бейімдесе, дейді олар. Өйткені, олар интернет жүйесі арқылы ТМД елдеріндегі мүгедектер қоғамдарындағы жаңалықтарды біліп отырады екен. Мүмкіндігі шектеулі жандармен де хат-хабар алысып тұратын көрінеді. Олар айтады, біз де қоғамның бір мүшесіміз ғой, біздің де еліміздің дамуына үлес қосқымыз келеді деп.
Әр отбасыға 100 қой, 18 ірі қарадан
– Ашығын айтыңызшы, Ұйғыр ауданының қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай?
– «ҚазРос-Бройлер» құс фабрикасы іске қосылғаннан бері Ұйғыр ауданының экономикасы біршама жақсарды. Онда 1,5 мыңдай адам жұмыс істейді. Фабрикада күніне 70 тоннадай құс еті өндіріледі. Сонымен бірге, аудан жүгері дәнін де өткізеді. Бұлар аудан экономикасына едәуір көмегін тигізіп отыр. Ұйғыр ауданын Панфилов ауданымен салыстыруға келмейді. Өйткені, Панфилов ауданында сауда-саттық жақсы дамыған. Ал өнімділігі қуатты құс фабрикасының іске қосылуы Ұйғыр ауданында үлкенді-кішілі өндіріс орындарын салудың локомотиві болады деген ойдамын.
Жалпы, ауданда мал саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Есептеп көрдік, әр отбасыға шаққанда 100 қойдан және 18 ірі қарадан келді. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ, сол малды нарықтық экономикаға сәйкес өз бағасына сату немесе өткізу елді мекендер тұрғындары үшін өткір мәселенің бірі болып тұрған жайы бар. Осы мәселе шешілетін болса, мал өсірушілердің де, ауылдардың да жағдайы едәуір жақсаратын еді. Атап өтейін, кең далада, көк шалғын жайлауда өз аяғымен жайылған төрт түлік малдың еті де, сүті де экологиялық жағынан таза болып келеді.
Ауданда шешімін күткен проблемалар да баршылық. Мысалы, Үлкен диқан ауылындағы кездесуде қатысушылар Кіші диқан мен Үлкен диқан ауылдары арасындағы автокөлік жолының мәселесін көтерді. Алты шақырымдай болатын ол жолмен өзіміз де жүріп көрдік. Расында да, ол жолмен әрі-бері қатынау қиын екен. Тұрғындар, сондай-ақ, ауызсу, медициналық пункт, пошта жайынан да хабардар етті. Бұлар – аудандағы тау бөктерлеріне жақын орналасқан елді мекендердің көпшілігіне ортақ проблемалар. Оларды мүмкіндігіне қарай шешуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».