Еліміздің құқық қорғау мәселелерін ілгерілетудегі жоғары нәтижелілігін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде: «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді», деп атап өтті.
Біз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен кезең-кезеңімен ілгерілеп келеміз. Мұны ел Президенті «Мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі – саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру» деп түсіндіреді. Ал бұл міндет соңғы үш жылда адам құқығын қорғау саласына едәуір өзгерістер енгізіп, осы бағыттағы жұмыстарды біршама ілгерілете түскені анық. Солардың ішіндегі елеулісі – Үкімет бекіткен Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспар.
Рас, Президент әу бастан адам құқығын қорғау саласын қашанда жеке-дара бөліп қарап, бұл мәселе бірінші кезектегі мәселеге айналды. Жоғарыда біз атап өткен жоспар да саяси жаңғырудың маңызды бір кезеңі болып саналады. Жалпы, елімізде адам құқықтарын қорғау мәселесі егемендік алған алғашқы жылдан ерекше назарда тұр. Осыдан 26 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымызда да еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, ең қымбат қазынасын – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті.
Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бөлімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жалпы әлеуметтік жəне экономикалық, азаматтық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішінде адам құқының қорғалуы басымырақ түседі.
Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс».
Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптың барлығын, соның ішінде адам мен азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғашқы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі. Сабырмен сансыз қиындықтарды жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған Одақ одан кейін қоғамды, ал адамның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы осыдан 73 жыл бұрын 1948 жылдың 10 желтоқсанында адам құқықтары мен бостандықтарының жалпыға бірдей мойындалуын, сақталуын және тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Бұл декларацияны ХХ ғасырдағы ең негізгі әрі маңызды құқықтық құжаттардың бірі деуге болады. Адам құқығын қорғаудың нақты ережесі жазылған, барлығы 30 баптан тұратын декларация бүгінге дейін әлемнің 500-ден астам тіліне аударылды. «Еркіндіктің ұлы хартиясы» деп аталып кеткен халықаралық құжат әр адамның тумысынан тиесілі құқықтарын айқындап берді. Басқаша айтқанда, өткен ғасырдың басында болған қанды оқиғалар кез келген мемлекеттің алдымен адам тағдыры үшін жауапкершілігі болуы керектігін түсіндіріп берген еді. Себебі адамның өмірі – ешқандай саяси жүйенің ойыншығы болмауға тиіс.
Ал үш ғасыр патша өкіметінің езгісін көріп, 70 жыл бодандықта болған еліміз егемендігін жариялаған алғашқы күннен-ақ мемлекет үшін ең басты құндылық адам екенін айтып келеді. Қазақтың керемет қасиеті бар. Ол халқымыздың «Дүниеде адамнан асқан құндылық жоқ» деген таным-түсінігінен туындайды. Сол себепті де Ата Заңымызда мемлекет үшін ең басты құндылықтың адам болып белгіленуі – заңдылық.
Адам құқығын бұзу оңай, қалпына келтіру қиын іс. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 9 маусымда «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойып, ел Үкіметіне адам саудасының құрбаны болғандардың құқықтарын қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары, әйелдерге қатысты кемсітуді жою, бірлесу, пікір білдіру бостандықтарына, адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру, адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал адам құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғау – әуел бастан Қазақстан саясатының басты бағыты болып саналады. Сол себепті де Мемлекет басшысының бұл Жарлығы осы жауапты шешімнің салмағын арттырып, жауапкершілігін зорайта түсті. Адам құқықтары саласындағы нақты шараларды одан әрі жүзеге асыру саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екенін Президенттің өзі де атап өткен еді. Ал Жарлыққа заң саласының өкілдері «адам құқы дейтін басты құндылыққа құрметпен қарауды бағдарлайтын құжат болды» деген баға берді.
Ата Заңның басты принциптері мен идеяларынан бастау алған Жарлықтан туындайтын міндеттер қандай? Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында, демократиялық институттарды нығайтуда маңызды жетістіктерге жетті. Әлемдік тәжірибені негізге алған озық заңнама жүйесі де талапқа сай енгізіліп келеді. Ал Президенттің адам құқықтарын қорғауға бағытталған бұл Жарлығы маңызды саланың нәтижелі жұмыс істеуінің берік іргетасы болып қаланатыны сөзсіз.
Адамның ажырамас табиғи құқықтары деген ұғым бар. Бұл құқықтар мен құндылықтар адамға туа бітеді. Жаратылыстың құдіреті сол – адам дүние есігін ашқанда нәсіліне, дініне, тіліне, туған жері мен ұлтына қарамай бәрі тең және олардың құқықтары бірдей. Оның ең бастысы – өмір сүруге деген құқығы. Конституцияның 15-бабын есіңізге түсіріп көріңіз. Онда: «Әркімнің өмір сүруге құқы бар» деп жазылған. Демек кез келген мемлекет ең алдымен адамның жайлы өмір сүруіне жағдай жасауы керек. Мұның сыртында адамның саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, тіпті экологиялық құқықтары бар. Түптеп келгенде адам құқығының сақталуы – мемлекет іргетасының беріктігі болып саналады. Себебі «құқықтық нигилизм» – өте қауіпті құбылыс. Егер заң орындалмаса, жай қолжаулық болып қалса, халықта заңға деген құрмет қалмайды, мемлекет пен билікке деген сенім де болмайды. Ал тарихтан белгілі – мұндай сенімсіздіктің салдары өте ауыр. Сондықтан да ел Президентінің жоғарыда аталған Жарлығын адам құқықтарын толыққанды әрі тиімді қорғау тәсілдерін түбегейлі өзгертетін маңызды құжат деп қабылдағанымыз жөн. Өйткені құқықтық актіде санамалап көрсетілген адам құқықтары еліміздің әр азаматына қатысты болғандықтан мұның бәрі мемлекеттік құқық қорғау органдарының жұмысын қайта құруға және заң шығару қызметін жаңғыртуға алып келеді. Басқаша айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін заңнаманы, сот жүйесі, прокуратура мен өзге де мемлекеттік органдардың жұмыс тәжірибесін қайта сүзгіден өткізуге тура келеді. Бұл жерде мәселенің мәнісі тек адам құқықтарына қатысты жаңа Жарлық пен онда көрсетілген іс-шараларды іске асыру жоспарына қатысты емес екенін айқын түсінген жөн. Себебі қолданыстағы заңнама мен сот тәжірибесін қайта қарау қажеттігі – түсіне білген жанға өте ауқымды жұмыс, маңызды реформа. Ал бұл оңай шаруа емес.
Осының бәрі мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен, ұлттық және халықаралық сарапшылармен, ғалымдармен сындарлы әріптестігіне жол ашады. Ең бастысы – Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сөзден нақты іске бет бұрғанын аңғартады. Осы тұста құқық қорғау органдары мен депутаттық корпус жұмыстарының тиімділігі таразыға түсері анық. Бір сөзбен айтқанда, адам құқықтарына қатысты мемлекеттік мекемелердің барлығына маңызды әрі жауапкершілігі зор миссия жүктеліп отыр.
Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бізде бұл туралы арнайы доктрина да бар. Ал құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуі, елдегі демократиялық процестердің дамуы адам бостандығы мен құқығын сақтау сынды ең асыл құндылықтарымен тікелей байланысты. Басты ұстанымы да адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және оларға қысым жасауға жол бермеу болып қала береді. Жарлық Үкіметтің алдына жаңа міндеттер қойып, қызмет бағыттарын айқындап берді. Бұл іс-шаралар елімізді барлық қызметі құқық нормаларына бағынатын, әр азаматының қадір-қасиетін, бостандығы мен құқықтарын қорғауды алдыңғы орынға қойған құқықтық мемлекет ретінде сипаттайды.
Ерекше айта кетерлік жайт – маңызды Жарлықта белгіленген азаматтардың барлық өмірлік маңызды құқықтары Ата Заңымызда көрсетілген азаматтардың конституциялық құқықтарынан туындайды. Егер жағдайды жақсарту үшін жеке Жарлық шығару қажет болса, бұл осы салада жинақталған проблемалардың маңыздылығын білдірсе керек. Бастысы – қазіргі таңда азаматтық қоғам адам саудасы, әйел теңдігі, қоғамдық көзқарасты білдіру, өмір сүру құқықтарына қатысты мәселелерде сындарлы өзгерістер жасау үшін пісіп-жетілді.
Конституцияның барлық нормасы заңдарда және заң актілерінде тікелей көрініс табуы керек. Бұған елімізде барлық жағдай жасалған. Өйткені Конституция – қағаз бетінде қалатын сөздер емес, нақты істің алгоритмі.
Бір ғана мысал келтіре кетейік. Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай жыл сайын 30 шілдеде елімізде «Мен адам саудасына қарсымын!» ұранымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Дәл осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясының «Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі күш-жігерді үйлестіруді жақсарту» қарары бекітілді. Жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар халықпен, серіктес мекемелермен және полиция органдарымен бірге әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа арналған роликтер мен ақпараттар жариялап, азаматтарға құқықтық кеңес береді. Азаматтарға, оның ішінде өмірде түрлі қиындықтарға тап болған мигранттарға көмек көрсетіледі. Ал мұндай игі іске бастамашы болған акцияларға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Осының бәрі не үшін қажет? Ең алдымен, халықты адам құқықтары және адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы саласында сауаттандыру үшін керек. Өйткені қоғамда «адамның қадір-қасиеті бәрінен қымбат» деген ұғым туралы түсінік қалыптастырып алмай, мықты мемлекет құру мүмкін емес. АҚШ-тың 39-президенті Джимми Картердің «Америка адам құқығын жасаған жоқ. Шындығына келгенде, адам құқығы Американы жасап шықты» деген сөзі бар. Тарихи тәжірибеден туындаған бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Сондықтан Ата Заңымыз айқындап берген, ал Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы» деп басымдық берілген адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Себебі адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала береді.