27 Ақпан, 2014

«Таңсұлу» – 3D пішімінде сахналанған алғашқы қойылым

1321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Соңғы уақытта сәтті эксперименттер жасап жүрген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Таңсұлу» спектаклінің премьерасы жүруде. Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы  Ғарифолла Есімнің прозалық шығармасы негізінде әзірленген драма алғашқы қойылымдарында-ақ жылы лебіздерге ие бола бастады. _7335-1 Ақиқатын айту керек, елдің қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан ғалым Ғарифолла Есім аты шыққан драматург емес. Сондықтан да бастапқыда күрделі жанрға қалам тартқан   автордың тәу­екелі көрермендер, театр сыншы­лары тарапынан қабылданар ма екен деген дүдәмал ойлардың бол­ғаны рас. Осы жерде бірден атап көрсететін жәйт, басты театр­да тұ­сауын кескен бұл спектакль қа­был­­­­­данды деп айтуға енді толық негіз бар. Мәселен, қазір театрларға сту­дент­тер, мектеп оқушылары көп­теп келеді. Бұл жолы да солай болды. Зал лық толды. Таңсұлу атты қазақтың таңғы шықтай аруы жайлы әфсананы көрермендер соңына дейін кірпік қақпай тамашалады. Демек, спектакльдің әкесі – автор да, шешесі – режиссер де діттеген нысананы дәлдей алды деп біліңіз. _7006Ал «Таңсұлу» шығармасының авторы былай дейді: – Ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен ару махаббатына адал болып, ұрпағын аман сақтауды көздейді. Ұлын бабалар рухында тәрбиелеп, халқымыздың қамын ойлайды. Таңсұлу – тарихта болған батыр әйел. Тарихи тұлға шамамен Төле би заманында өмір сүрген деседі. Бұл аңызда қыз баланың ерлігі туралы айтылады. Оның тағдыры мені таңқалдырғаны соншалық, пьеса жазуға қалам тарттым. Расында да, Таңсұлудың ары мен жары үшін жасаған қадамы, бір жағы елдің намысы үшін жасаған әрекеті таңқаларлықтай, мәңгілік тарихтың сирек оқиғасы. Және пьесада табиғаттың тылсым құбылысы да бар. Ғылым қанша қарыштаса да, адам баласының ақылы жетпейтін аян беру мен түс көру құпиясының түбіне жеткен ешкім жоқ. Болжамдар ғана бар. Таңсұлу атты қазақтың бір сұлуы өзінің қасірет шектірген талайлы тағдырын он жасында түсінде көріп, қатты шошынады. Сахнада тірілген аңыз осы жерден бастау алады. Бір жағынан Таңсұлудың жасаған ісі – Ұлы Даланың жа­зыл­маған заңы, тектілік пен намыс­тың нышаны десе де болады. «Таңсұлу» қойылымының ре­жиссері Алма Кәкішева туралы да айтудың сәті түсіп тұр. М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрының белді режиссерінің біріне айналған Алманың сәтті қойылған спектакльдері жайлы өнертанушылар мен театр сыншылары сараңдық танытып жүрсе де, жақсыны жақсы деп айту парыз. Әйтпесе, пьесаның авторы Ғ.Есім де мәтіні бар болғаны 5-6 беттен тұратын  драматургиялық туындыны қан-сөлімен тірілткен режиссердің жұмысына таңданысын жасырған жоқ. Бұл қойылымда эксперименттер де бар. Оқиғаның бас-аяғы, идеясы мен динамика бар. Бір қарағанда, қойылымның декорациясы ғажап әсер қалдырады. «Таңсұлу» драмасы көрерменді тарихи мазмұнымен ғана емес, заманауи техникалық бояуларымен де баурап алады. Шығармашылық топтың айтуынша, бұл – қазақ теа­трының шаңырағында 3D пішімінде сахналанған алғашқы қойылым. Ал осынау жобаны сәтті жүзеге асырған спектакльдің қоюшы-суретшісі    Қабыл Халықов: – «Таңсұлу» қойылымы тың сценография жасауға мүмкіндік берді. Бұрынғы және қазіргі заманды, болашақты, яғни үш кеңістікті тоғыстыру үшін видеожоба, 3D әсерлер, голография қолдануға тырыстық. Басты мақсат – қазақтың фольклорлық, этнографиялық мұрасын көрсету, қазақы мәдени кеңістікті көрермен алдына әкелу, жас ұрпаққа үлгі ету, – дейді. Ал режиссер А.Кәкішева жаңа қойылымға қалай кіріскенін төмен­дегідей баяндайды: «Мен Ғарифолла Есімді  философиялық сарында жазылған шығармалары арқылы ғана білетінмін. Бірде «Жар жағалап жүрміз» атты кітабы қолыма тү­сіп, сондағы «Таңсұлуды» оқып шықтым. Аталмыш туынды шабытыма қанат бітірді. Кейін Ғарекеңе хабарласып, туындыны пьеса жанр­ында жазып беруге ұсыныс жасадым. Тілек орындалған соң кезекті шығармашылық жұмысыма кірісіп кеттім. Басты кейіпкер – Таңсұлу арқылы қазақ қызының өр мінезі мен намысын сезінгендей болдым. Басқаша айтсақ, пьесада «ұлттық код» сақталған. Бұл дегеніміз – туған тіл, салт-дәстүр, ұлт тарихы. Рухани құндылықтарымызды театрымыздың жас әртістері жеткізді». «Таңсұлу» драмасының тағы бір жаңалығы – бір кездері көптің көзайымына айналған, буынсыз биші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Са­пар­­ғалиқызының «табылуы» дер едік. Дарынды қазақ қызы жаңа қойылымның биін сахналау­да мол тәжірибесін салғаны сыншыл тараптан байқалуы тиіс. Сонымен, премьералық пьеса  Г.Тұтова, А.Бақытжанова, Б.Қа­­жынәбиева, Қ.Мамытқалиев, Ғ.Ос­панов, А.Бө­­­­­­кенбай, Е.Бек­­тасов, Ж.Тол­ған­бай, Г.Шыңғысова сынды өнерпаздарды сахнаға шы­ғарды. Қалай десек те, «Таңсұлу» әсер­шіл, сыршыл жастардың кө­ңілі­нен шықты. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. –––––––––––––––– Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.