Футбол • 19 Қараша, 2021

Месси – жыл футболшысы

560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйгілі Goal.com басылымының оқыр­мандары Аргентина құрамасы мен Фран­цияның ПСЖ клубының ша­буыл­шысы Лионель Мессиді 2021 жыл­­дың үздік футболшысы деп таныды.

Месси –  жыл футболшысы

Сайт оқырмандары арасында жүргізілген сауалдама нәтижесі бойынша Месси Пор­тугалия және «Манчестер Юнайтед» шабуыл­шысы Криштиану Роналду мен «Бавария» футболшысы Роберт Левандовскиді (Польша) артқа тастап, ең көп дауыспен бірінші орынға ие болған. Үздік бестікті Мохамед Салах («Ли­верпуль», Мысыр) және Килиан Мбаппе (ПСЖ, Франция) түйіндеді. Одан кейінгі орындарға Эрлинг Холанн («Боруссия», Норвегия), Карим Бензема («Реал» Франция), Нголо Канте («Челси», Франция), Кевин Де Брейне («Манчестер Сити», Бельгия) және Неймар (ПСЖ, Бразилия) жайғасқан. Дауыс беруге 14 миллион оқырман қатысыпты.

Айта кетейік, осы айдың басында RTP ба­сылымы биылғы «Алтын допты» Лионель Месси жеңіп алғанын хабарлаған еді. Дерек­көздің мәліметі бойынша, жыл сайын беделді футбол сыйлығын табыстайтын France Football журналының өкілдері ПСЖ ойыншысымен хабарласып, «Алтын доп» сыйлығын жетінші рет жеңіп алуына байланысты сұхбат алып та үлгерген.

Лионель Месси биыл Аргентина ұлттық құрамасымен бірге Оңтүстік Америка кубогында жеңімпаз атанып, «Барселона» сапында Испания кубогын иеленген еді.