Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Отырыста екі мәселе – Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының орындалу барысы, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу кезеңінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жайы қаралды.
Қазақстан Президенті елдің Қауіпсіздік стратегиясын бекіткен кезде қазіргі заманның негізгі үрдістері ескерілгенін атап өтті.
– Әлем жылдам өзгеруде, жоспарларымыз бен болашақтағы іс-қимылымызды тиісті деңгейде өзгертуге мәжбүр ететін жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Бүгінде оларға қарсы тұратын тәсілдер, ықпал ету әдістері, ақпараттық технологиялар өзгеруде. Өзіміз көріп отырғандай, бүгінгі күні конституциялық құрылым, егемендік, мемлекеттің аумақтық тұтастығы жаңа деструктивтік ықпалдарға ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан өте қырағы және мұқият болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына биылғы Жолдауында Қазақстанның 23 жыл ішінде көпұлтты, бірақ біртұтас, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына шек қоймайтын іргелі мемлекет ретінде тұрақты дамығаны айтылғанын еске салды.
– Мен біздің ешқандай да ойластырылмаған «бұралаңдарға» жол бермеуге тиіс екенімізді айттым. Халқымыздың әл-ауқатын біртіндеп жақсартып және экономиканы дамыта отырып, бұрынғыша орнықты ілгерілей беруіміз қажет. Соңғы оқиғалар кейбір арандатушылардың елдегі ахуалға ықпал ете алатындығын көрсетті. Ақпараттық технологиялар қазір жаңаша қолданылуда және біз оған сай әрекет етуіміз қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ішкі тұрақтылықтың, толеранттылықтың және халық сенімінің маңызды екенін атап өтті.
– Еліміздегі тұрақтылық, жалпыға бірдей теңдік, азаматтар құқықтарының сақталуы жұмысымыздың басты бағыттары болуға тиіс. Қалғанының бәрі осыған негізделеді. Мен мұны қатаң қадағалаймын және басқалар да солай жасауға тиіс. Осындай тәсілмен ғана біз кез келген қиындықты еңсереміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2013 жылғы орындалу барысына жалпы оң баға берді. Қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тиісінше әрекет етудің оңтайлы тәсілдері мен тетіктерін іздестіру қажеттігі атап өтілді.
Орта мерзімді кезеңге арналған Қазақстан қауіпсіздігінің жаңа сын-қатерлері мен қауіптерін ескере отырып, Стратегияға түзетулер енгізу міндеті жүктелді.
Екінші мәселені талқылау барысында ел Президенті отырысқа қатысушылар назарын ЭКСПО-2017 кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етудің бірқатар негізгі қағидаттарының сақталуына аударды.
Біріншіден, Қазақстанға қоғамдық қауіпсіздік саласындағы әлемдік озық тәжірибелерді тарту. Екіншіден, көрмеге барлық қатысушылар мен қонақтар үшін қолайлы жағдайдың жасалуын қамтамасыз ету. Үшіншіден, бірыңғай қауіпсіздік қағидалары мен нормаларын енгізу. Төртіншіден, уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапкершілігі аясының нақты аражігін ажырату және олардың өзара тиісті іс-қимылын қамтамасыз ету.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар аясында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін Ішкі істер министрі басшылық ететін арнайы ведомствоаралық штаб құруды тапсырды.
Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысында тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктелді.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.